Жаңалықтар

21. Ет комбинаты: енжарлықты кешірмейтін бизнес

«Волынка» серіктестігінің шұжық цехына кіргеннен-ақ хош иіс мұрныңызды жарады. Бұрыш, ақжелкен, аскөк, басқа да дәмдеуіштер… Етті және қосыңыз. Балалық шаққа оралғандай күй кешесіз. Ауылда соғым сойғанда үйдің ішін осы бір иіс алып кетуші еді. Молшылықтың, тоқшылықтың белгісіне айналған иіс. Абай ауданында орналасқан кәсіпорын 120 түрлі ет-шұжық өнімдерін шығарады.

120 ТҮРЛІ ӨНІМ БАР

Басқарушы директор Виталий Какулия әңгімешіл көрінді. Компанияның негізін қалағандардың бірі. Он бес жылдан бері ет өнімдерін өндіру ісін қолға алып отыр. Әуелгіде, жеке кәсіпкер ретінде шағын цех ашты. «Волынский» кешенінде жұмыс істеді. Кейін «Волынскийден» шығып, сол Дубовкадағы ғимараттардың бірін жалға алды. Дегенмен, жеке зауыт ашу арманы Виталий Гурановичті Абай қаласына алып келді. 2017 жылы қала аумағынан жер алып, зауыт тұрғызды. Серіктестік құқында ет өнімдерін өндіруді бастады. Өз қаржысына ғимарат салды, тоңазытқыш орнатты. Әрине, мемлекет қолдауынсыз тағы болмайды. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында электр желісін тартып, су кіргізді. Яғни, инфрақұрылымдық жүйеге Үкімет септесті. Кәсіпорында 60 адам еңбек етеді. Шұжықтан бөлек, тұшпара, вареник, құймақ сынды өнімдер шығарады. Жоғарыда айттық, 120 түрлі тауар бар. Өндіріске жылқы, сиыр, шошқа, құс етін пайдаланады. Әйтсе де, директордың өзі атап өткендей, шикізат мәселесінде қиындықтар бар. – Ақиқатына келсек, шикізатты сырттан әкелген тиімді. Ресей, Беларустен. Бірнеше себебін атайын. Біріншіден, отандық мал өсірушілердің дені қосымша құн салығын төлемейді. Ал, шикізатты қосымша құн салығынсыз алсақ, өнімді сатқан кезде 12 пайыздық салық төлеуге міндеттіміз. Екінші мәселе – шикізат жеткізушілердің жауапсыздығы. Келісімшарт жасалып, олар бір бағамен белгілі мерзімге дейін нақты көлемде ет жеткізуге міндеттелгенімен, талаптарды жиі бұзады. Әдетте, алпауыт фабрикаларды жауапқа тарту мүмкін емес. Бағаны да апта сайын өсіреді. Біз осы тұрғыда шарасыз отырмыз. Мәселен, Өскемен құс фабрикасы Ресейде құс етіне баға көтерілсе, бізді ысырып қойып, сол жаққа апарады. Ал, ол жақта баға түссе, қайта оралады. Еріксіз, шет елдерден алуға мәжбүрміз. Оларда құжат түгел, заң мәселесімен проблема жоқ. Тек, өкініштісі, біздің ақша шекара асып кетеді. Қазақстан кедейлене түседі, – дейді директор.

Кәсіпорын тауарының басым бөлігі супермаркеттер арқылы сатылады. Қазір супермаркеттерден жыл соңына дейін бағаны көтермеуді талап еткен хат келді. Виталий Гуранович бағаны көтермесе, шығынға батады. Шикізат, электр қуаты, су, тасымал қызметі сынды дүниенің түгелі сәт санап қымбаттап жатқанда өнімін ескі бағамен өткізу миға қонбайтынын айтады. Әйтсе де, келісім жасалған, сол талапты сақтауға міндетті. Кәсіпорын жабдықтарды төрт жыл бұрын жеңілдетілген несиеге алды. Ол уақта бұл әлемдегі озық технологияның қатарында еді. Қазіргі нарықтың әмірі басқаша. Адами фактордан бас тартып, автоматикаға көшу керек. Әне-міне қарызды жаптық деп отырған кәсіпорын енді жаңа технологияны қайта несиеге алуды ойластыруда.

ШҰЖЫҚ ЕКІ РЕТ ЫСТАЛАДЫ

Шұжық цехының операторы Екатерина Марсалова цехтағы маңызды шаруалардың бірін мойнына алған. Шұжықты буып, қаптайтын машинаның бар тетігі қолында. – Аппарат күні бойы тоқтамайды. Тиісінше, жанынан бір сәтке де кетуге болмайды. Тысқа шығу қажет болса, орныңызға бір адамды қойып кетуің шарт. Мұнда еттартқыштан түскен шикі ет қапталады, – дейді Екатерина Николаевна.

Жәшіктермен жеткізілетін ет сұрпына қарай әртүрлі еттартқышқа салынады. Сыйымдылығы да саналуан. 100 келіден 250 келіге дейін. Секундына 4000 айналым жасайтын қуаттылары да бар. Біреуінде бөлшектелсе, келесісінде паста сияқты қоймалжың түрге енеді. Қажеттілігіне қарай. Бізді ысталған шұжықты дайындау технологиясы қызықтырды. Тартылған ет шұжық қаптайтын машинаға түседі. Бұған дейін дәмдеуіштер қосылып, тұздалады. Қапталған шұжық арнайы ілгішке ілінеді. Мұны «рама» дейді. Әлгі рама пешке қойылады. Термокамераға. Бір камераға екі рама сыяды. Жалпы салмағы – 600 келі. Камера ішінде шұжық қуырылады, қайнатылады, ысталады. Қабығына, жуандығына қарай дайындау мерзімі де бөлінеді. Мәселен, диаметрі 45 сантиметрлік шұжық камерада 40 минут тұрады. Оператор диаметріне қарай уақытты таңдайды. Ыстауға шамшат ағашы қолданылады. Ағаш қабықтан таза болуы керек. Пештен шыққаннан кейін шұжық себелеп тұрған судың астында 1 сағат суытылады. Суыған соң тағы да 40 минут пеште кептіріледі, соңыра ысталады. Міне, осыдан кейін шұжық дайын. 15-20 күнге дейін жеуге жарамды Тауар тоңазытқыштарда сақталады. «Тоңазытқыштарды кәсіпорын құрамындағы фирма қойды. Әйтпесе, бұл да қымбатқа түсер еді», – дейді Виталий Гуранович. Көлемі – 40 тонна. Компания мамандарды өз күшімен оқытып алуға тырысады. Арнайы оқу залдары да қарастырылған. Осы уақытқа дейін жүздеген адам шұжық жасаудың қыр-сырын меңгерді. Үш ай уақыт жұмсауыңыз қажет. Оқуын түгескен соң осында қалып, еңбекке араласқандар да, өзге жерден нәпақа іздеп кеткендер де бар.

ШЕКАРАДАН ӨТКІЗУ ҚИЫН

Кейінгі уақытта кәсіпорын өнімінің сатылымы төмендеген. Себеп – дүкен сөрелерінде Ресей, Беларусь тауарлары сіресіп тұр. Жарнамасы да мықты. Жарамдылық мезімі 60 күнге дейін баратын әлгі шұжықтар айлап жата береді. Ал, қазақстандық өнімді шекарадан әрі өткізу қиынның қиыны екен. «Ет бизнесі енжарлықты кешірмейді. Шетелдік билік өз кәсіпкерлерін қорғауға құлықты. Сырттан тауар кіргізбеуге тырысады. Бізге ерінбегеннің бәрі келіп, төрімізде отыр», – деген Виталий Гурановичтің алдағы күннен үміті де зор. Кейінгі кезде бұл мәселе Мәжіліс, министрлік тарапынан көтеріле бастапты…

СУРЕТТЕРДЕ:

  1. Шұжық цехының операторы Екатерина Марсалова жұмыс үстінде.
  2. Серіктестік директоры Виталий Какулия.
  3. Ыстауға дайын шұжық.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ. 

Суреттерді түсірген Руслан ҚАЛИЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button