Бас тақырыпРуханият

Қазақ музыкасы Қытайды мойындатты

Мәңгі өшпес қазақ музыкасы. Мұны қарағандылық симфониялық оркестрі миллиардтар еліне мойындатты. Осы жылдың 1 қыркүйегі мен 26 қазаны аралығында оркестр Қытай елінде болып қайтты. Аталмыш ұжымның жеке концерттері ең үздік залдарда өткен. Бұл туралы Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің жетекшісі Талғат ЫДЫРЫСОВ аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтып берді.

– Біздің симфониялық оркестр Қытай елінде шығармашылық іссапармен болып қайтты. Ұжым 24 қалада болып, 34 концерт ұсынды. Бұл іссапарға ҚХР Мәдениет министрлігі, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттар басқармасы, Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігі мұрындық болды. Концерттер қытай композиторы – Сянь Синхайдың 100 жылдығына арналды. Қарағандылықтар Сянь Синхайдың шығармаларын ерекше жеткізді. Өйткені, симфонияда адамның айнымас тағдыр күштерімен қақтығысы көрсетілген. Туынды симфониялық музыканың түрлі салаларындағы сазгердің бұрынғы ізденістерінің қорытындысын шығарып, жанрдың жаңа міндеттерін, тың түсініктерін алға қояды. Тіпті, ауқымды симфониялық композициялары күйініштің романтикалық қарқындылығымен, музыка тілінің бейнелілігімен, өткір де әсерлі кереғарлығымен, формасының толықтығымен ерекшеленеді. Біздің ұжым композитордың шығармаларын орындағанда осынау дүниелерді зерделеп, кәсіби түрде жеткізе білді, – деді Талғат Ыдырысов.

Спикердің айтуынша, шығармашылық іссапары сәтті өткен көрінеді. Қытайда қарағандылық оркестрдің өнерін тамашалауға зал толы халық жиналып, көрермендер әр концерттен соң ерекше құрмет көрсеткен.

– Жалпы музыкаға аударманың қажеті жоқ. Концерттік бағдарлама барысында композитор Сянь Синхайдың музыкасын біздің ұжым өз деңгейінде ұсына білді. Бұдан бөлек, қытай көрермендеріне белгісіз «Қыз қуу», «Дайрабай» секілді қазақтың ғажап туындыларын орындағанда қаншама адам орнынан тік тұрып, қошемет көрсетті. Қазақ музыкасы қытайлықтарды арқаландырып жіберді. Осыдан кейін, бізге Қытайда толықтай қазақ композиторларының туындыларынан құралған концерт өткізу туралы ой келді. Алдағы уақытта ойға алған шаруаны іске асыруға жұмыс жасау керек, – дейді Талғат Ыдырысов.

Симфониялық оркестрдің көркемдік жетекшісі, концертмейстр Татьяна Передероның сөзінше, концерттердің репертуарын Қытай мәдениет министрлігі бекіткен.

– Бұл сапардың жауапкершілігінің жүгі ауыр болды. Әйгілі күйлердің күмбірлеп, аспаптардан шалқи-шарықтауына күш салдық. Қарағандыдағы өнердің қара шаңырағы саналатын симфониялық оркестрге жетекшілік ету осындай жауапты шақта кез келгеннің еншісіне бұйыра бермейтіні анық. Ұжымның еңбегін жоғары бағалаймын. Ал, концерттердің бағдарламасына келсек, 5 вокалдық, 3 симфониялық туындымен қамтылды және Қытайдағы аса танымал «Сары өзен» фортепианолық ұжым бірлесе өнер көрсетті. Сонымен қатар, «Менің елім» симфониялық концерті болды. Музыка тілін білу – басты қағида. Шығармашылық адамы үнемі ізденіс үстінде жүретіні, айтпаса да түсінікті. Сондықтан, табиғи таланттан бөлек, талмай еңбек ету керек. Осы тұрғыдан қарағанда, біздің ұжым кәсібилігін танытып қайтты деп ойлаймын, – деді Татьяна Передеро.

 Айта кетейік, Қытай елінің арнайы шақыртуы бойынша, өнер көрсетіп қайтқан оркестрдің құрамында 70 адам болған. Концерттік бағдарламаны әзірлеуге екі аптадан астам уақыт кеткен. Ұжым осыған дейін шығармашылық іссапармен Франция, Германия, Түркия, Испанияда болып қайтқан. Жуырда симфониялық оркестр өзінің XXXVI маусымын туған қаласында өнер көрсетумен бастайды. Оркестр ұжымының орындауында әлемдік классиктер, әртүрлі ұлттық мектептер мен бағыттардан шыққан композиторлардың танымал шығармаларын тыңдауға болады.

Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button