АймақҚарағанды

Ауыл берекесі – Қарағандыда

17 қазаннан бастап облыс аумағында «Ауыл-Береке» ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің маусымы басталды. Дәстүрге айналған күзгі ауыл шаруашылық жәрмеңкесіне өткен сенбі-жексенбі күндері қарағандылықтар шаруа қожалықтары әкелген көкөніс, ет және басқа да өнімдерді қолжетімді бағамен аламыз деп Global City көтерме-тарату орталығына қарай асықты.

Карантин жағдайына байланысты сауда қатарлары санитарлық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылған алғашқы жәрмеңкеге, 8 ауданның шаруа қожалықтары, тауар өндірушілер, облыс қалаларының қайта өндеу кәсіпорындары өз өнімдерін нарықтағы бағадан 10-15 пайызға төмен бағада ұсынды. 845 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдері, оның ішінде: ет (сиыр, жылқы, қой, шошқа, құс еті), шұжық 125 тонна, балық және балық өнімдері 14 тонна, жұмыртқа 300 мың дана, сүт өнімдері 24 тонна, картоп 470 тонна, көкөніс өнімдері 206 тонна сатылады деп жоспарланған болатын. Сиыр мен қой еті – 1700, жылқы еті – 2000, сүт – 200, шұжық – 1700, жұмыртқа – 240-260, картоп, пияз, қырыққабат – 70, қолдың сары майы – 3000, қымыз 900 теңгеден саудаланған жәрмеңкеге Жаңаарқа ауданы, Қараағаш ауылынан келген – 7 сиыр, 3 жылқы әкелген жеке шаруашылық иесі Маман Халилин: «Жылқы еті бірден өтіп кетті, сиыр еті де қалатын түрі жоқ» дейді.

Қарқаралы аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Айдын Қасымов:

– Бірінші күні жәрмеңкеге ауданнан өз өнімін алып, 7 ауылдан шаруа қожалығы келді. Өздеріңіз білесіздер, біздің ауыл мал шаруашылығымен айналысады. Барлығы 12 тонна ет әкелдік. Оның ішіне сиыр, жылқы, қой еті, 250 келі құс еті, 100 келіге тарта сүт өнімі бар. Екінші күні тағы да 5 ауыл өз өнімін жеткізді, – деді.

Абай ауданы, Қарағанды ауылынан келген Күлпан Тәжібаева «3 тонна қырыққабат, 1 тонна сәбіз, 5 келі қызылша әкелдік. Бағасын өзіміз қоймасақ та, бізге де, қала тұрғындарына да қолайлы болды. Өйткені, әкелген заттарымыз төрт-бес сағатта өтіп кетті. Жақсы көңілмен үйге қайтып барамыз» дейді.

Экологиялық таза, құнарлы да сапалы өнімдерді қолжетімді бағамен алуға келген қала тұрғындары да жәрмеңке ұйымдастырушыларға ризалығын білдіріп жатты. Төлеутай Қыстаубаев:

– Жәрмеңкеге басқа сауда орындарына қарағанда бағасы арзандау болар деген оймен келдім. Расында да солай екен. Картоптан бір қап алдым, «көптеу аламын ба?» деген ой болып еді. Бірақ, мен келгенше бітіп қалыпты. Өзімізге керектей қылып пияз алдым. Қазір ет қарауға бара жатырмын, – деді.

Ал, Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары Манат Құрманғалиев:

– Облыс орталығында азық-түлік жәрмеңкесін ұйымдастыру игі дәстүрге айналып отырғаны қуантады. Бұл – қала тұрғындары мен ауыл еңбеккерлері үшін өте тиімді. Біздің аудан жәрмеңкеге 100 тоннадай картоп, 80 тонна көкөніс, 16 тоннадай ет әкелді. Әкелген өнім жақсы өтті. Ауа райы да жақсы болып тұр ғой. Киров, Ойрат, Құрылыс ауылынан келген шаруа қожалықтары ет, сүт өнімдерін саудалады. Ал, «Салово» шаруа қожалығы сүт, ірімшік, құрт, қаймақ, ал Сәрсенбаев қожалығы құс етін әкелді. Алдағы уақытта ұйымдастырылса тағы да келеміз, – дейді.

Кейбір ауыл тұрғындары жәрмеңкеге байлаулы тұрған малын да саудалауға әкелген екен. Мысалы, Бұқар жырау ауданы Озерное елдімекенінен келген Жәкішев арнайы семіртіп бір сиырын сойып, сөреге қойыпты.

Облыс орталығында келесі жәрмеңке 24 қазан және 7 қарашада, серіктес қалалар мен аудан орталықтарында 31 қазанда өтеді. 

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Суреттерді түсірген Р.ҚАЛИЕВ.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы. 

Басқа материалдар

Back to top button