Руханият

Мәңгілік елдің негізі

Тіл – ұлттың жаны, идеяның, саналы сезімнің, айтылар ойдың жанды көрінісі. Тіл халықпен бірге өмір сүріп дамиды, яғни, тіл әр халықтың дербес ұлт екендігінің басты дәлелі. Қазақ елінің мемлекеттік тілі сан ғасырдан бері қолданылып келе жатқан, қолданыла беретін де, лексикалық қоры бай, терең тіл. Бұл тіл арқылы тарих жасалған, дәстүр мен салт қалыптасқан.

Ел мен Тіл – егіз ұғым. Мәңгілік Елдің онымен қатар жасап, бірге дамитын Мәңгілік тілі болуы шарт.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Мәңгілік Ел» идеясын ұсынып, мемлекеттік тілдің мәңгілік тіл ретінде қалыптасатынына баса назар аударған болатын. Елбасы өз сөзінде: «…Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн» – деп мемлекеттік тілдің болашағын біржола бағамдап, нүктесін қойды. Тіл – «Мәңгілік Ел» идеясының басты негізі. Ана тіліңді құрметтеу – ұлттық намысты ояту мен жаңғыртудың көзі.

Өркениетті елдер мемлекеттің тілін ту етіп көтереді. Себебі, қай мемлекеттің болмасын мемлекеттік тілі елдің шығу тарихын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптары мен теңдессіз құндылықтарын дәріптейді. Осы баға жетпес, ұрпақтанұрпаққа мұра болып келе жатқан сан ғасырлық құндылықтар мемлекеттік тілдің негізін құрап, содан нәр алады. Қай мемлекет болмасын өзінің сөйлеу мәдениетін тек ана тілінде ғана қалыптастыра алады. Туған ана тілінен нәр алған сөйлеу мәдениетінің өзегі – тереңде. Сондықтан, қазіргі таңда барлық салалар бойынша мемлекеттік құзырлы органдардың, соның ішінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері мемлекеттік тілде іс-құжаттар жүргізу, ауызекі немесе телефон арқылы сөйлесу, мемлекеттік тілде қызметтік этиканы сақтау арқылы заман талабына сай сөйлеу мәдениетін қалыптастыру – кезек күттірмейтін өзекті мәселе.

Алға қойған ұлы мақсаттары бар, ертеңіне сеніммен қарайтын, жастары алғыр, жаңалыққа жаны құштар, рухы биік ел ғана мәңгілік ел болып ғасырлар бойы жасайды. Олай болса, Елбасы салған сара жолдан таймайық. Еліміз – Мәңгілік, тіліміз – мәртебелі болсын!

Гүлнұр ҚАНАТБЕКОВА,

«Қарағанды қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесі»,

филиал меңгерушісі.

Басқа материалдар

Back to top button