Баған

Қазаққа жасалған қастандық

«Пәлен деген жазушының ұрпағы «орыс» болып кеткен», «түген деген ақынның балалары қазақшадан хабарсыз екен» деп жатамыз ғой. Сөйтіп жүріп өзіміз орыстанып бара жатырмыз ба, қалай… Баяғыда сүйегі қурап қалған тұлғаларымызға мін тағуда алдымызға қара салмаған біз не істеп жүрміз?

Қазақша әңгімені көйітіп алып, немересіне орысша шүлдірлеген қызыл шашты әжені көзіміз көрді. Қалаға ертерек көшіп келіпті. Кілең қазақтың ортасынан. Бірақ, «балаларым осында ер жетті, тілдері орысшаға бейім» дейді. Біздің алдымызда ақталған түрі. Көп болса, ұлдары отыздың маңайында шығар. Түсінгеніміздей – жап-жақсы қызметтерде. Тек, жеткіншек шағында қоныс аударған қаракөздер айналдырған он-он бес жылда қазақшаны ұмытып қалыпты…

Ежелден қалада тұрған қазақтың жайы белгілі. Әлгі ақын-жазушылар да бар бұл қатарда. Қызыл империяның сұрқия саясаты орыс тіліндегі тәрбиеге күш салды. Бүкіл Қарағандыда жалғыз Жамбыл мектебі қазақ тілінде тәлім беріп келді Тәуелсіздік таңы атқанша. Сондықтан, «коренной» қазақтарға түсіністікпен қарағанымыз да жөн шығар… Мүмкін болса…

Ал, қазіргі сылтауымызға кісі күлері анық. Құдайға шүкір, Қарағандыда қазақтілді мектептер үлесі артып келеді. «Рим бір күнде тұрғызылмаған» дейді итальяндар. Орыстар тонын айналдырып, «Не разом Москва построена» деп алған. Ал, қазекең «Көш жүре түзеледі» дейді. Сол сияқты, бірте-бірте Қарағандыдағы түгел мектеп қазақ тіліне көшер. Бірақ, қазақ мектептерінің саны көбейгенімен ата-ананың көзқарасы түзелмесе, ұлттық саясатымыздың опа бермесі анық.

Әлгі әженің немерелері орыс балабақшалары мен мектептеріне барады екен. «Қазақ тілінде оқыту қиын». Оларды былай қойғанда, сол аулада жүрген қарадомалақтардың 70-80 пайызы орысша шүлдірлеп жүр. Әрине, бұл сөзім ешкімге жаңалық бола қоймас. Себебі, күнде көріп жүрген көрінісіміз. Алайда, осы мәселенің ертеңгі салдарына тереңірек бойлай алдық па?

Бәріміз жақсы білетін «Ең қауіпті адам – немқұрайды адам» деген тәмсіл бар. Білгенімізбен, астарына атүсті қараймыз. Немқұрайды. Сол балдырғандардың шүлдірлегеніне де немқұрайдылық танытып жүргеніміз рас. Бойымыз үйреніп кетті. Маңайымыздағы күнделікті өзгерістерге, оқиғаларға самарқау көз саламыз – бүлдіршіндердің де орысшаны судай сапырғанына бейжаймыз.

Ащы да болса ақиқат, әлгі ақын-жазушыларды сынап жүрген кейбір пақырлардың өздері бала-шағасымен, немере-шөбересімен ана тілінде сөйлесе алмайды. «Сына» деген сөз сыналап кіріп, күнделікті қолданысымызға еніп алды. Қызын «доча» деп еркелететін қазақ көбейді. Ұлт руханиятының көсеуін қолына алып, қоламтасын қопсытып жүрген кей азаматтар бала-шағасына орысша мәймөңкелеп жүр. Талағыңыз тарс айырылса да айтайын, бұл – қазаққа жасалған қастандықтың зоры. Тіпті, сатқындық. «Отан – отбасынан басталады». Ал, үрім-бұтағына ана тілін үйрете алмай отырып, ұлтты ұлы идея төңірегінде ұйытамын деу – айға шапқан арыстанның әуресімен пара-пар.

Ұрпақ алмасқанша тілімізден айырылып қалмасақ етті… Біз егемен еліміздің келешегін кімнің қолына тапсырамыз?..

Нұрқанат ҚАНАПИЯ,

облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің жауапты хатшысы.

Басқа материалдар

Back to top button