Тарих

Көне түркілер көсемі

Тоныкөк (Тонұқық, 646-741) – Екінші Шығыс Түркі қағанатының негізін қалаушылардың бірі, заманында Түркі қағанатының үш бірдей қағанына уәзір болып, түркі елінің халқын көбейтіп, жерін кеңейтуге үлкен үлес қосқан кемеңгер. Көшпелілер тарихында артына өшпес із қалдырып, ақыл-парасатына, қол қайратына, көрегендігіне табындырып, ел-жұртының қасіретін, қуанышын, ерлігі мен елдігін тасқа қашап, мәңгілік мұра қалдырған Тоныкөк – бірегей тұлға.

Ол тас жазуда: «Мен, Білге Тоныкөк, табғаш (қытай) елінде тәрбиеленіп өстім. Түркі халқы ол кезде табғаштарға бағынышты еді» деп жазылған (Қазақ халқының тарихи тұлғалары: Қысқаша анықтамалық, А., 2013, 85-б.). Тарихи деректер Тоныкөктің Шұғай құзын мекендеген оғыздардан екенін меңзейді. Ол да түркінің бір тайпасы. Ашина әулетіне жиен болып келеді. Бір қызығы, Тоныкөк Қытайға қараған түркілердің ішінде туып, астанасы Чань-аньда ер жетеді. Тарихи деректер оны атақты Қытай сардарлары, әскери стратегтер – Ли Цзин, Ли Цзимен қатар қояды. Бұл – үлкен баға. Демек, бұл жерде Тоныкөктің Чань-аньда ақсүйектер оқитын Гоцзыцзян мектебінде оқығаны белгілі болып тұр. Әйтпесе, ол тез арада ұлықтыққа көтеріліп, шекара аймақты басқарушы бас бақылаушы – тежеуіл бола қоймас еді. Бірақ, ол Қытайда алған білімін түгелдей Түркі қағанаты мен халқының бостандығы үшін жұмсады (Т.Зәкенұлы). Елтеріс, Қапаған, Білге қағандардың ақылгөйі, Күлтегін оғланның батагөйі болған Тоныкөктей ғұлама болмаса, шындығында да түркі жұрты ел болып, есін жиып, еркіндік алмас еді. Алайда, оның ата тегі туралы мәліметтер қытай шежірешілерінің қат-қат жылнамаларының ішінде жатқаны сөзсіз. Әзірше, мағұлым болған деректерде Тоныкөктің жорықтары көбірек қамтылады.

Қытай сарайында жүріп, олардың өз еліне жасап жатқан қорлық-зорлығының бәрін көріп-біліп өскен Тоныкөк ақыры шыдай алмай, 682 жылы Ашина ұрпағы, Солтүстік Қытайдағы Кэт елханның немере інісі, ол кезде «тудун» лауазымындағы Құтылықпен бірігіп, табғаштарға қарсы көтеріліске шығады. 682-687 жылдары Шығыс Түркілері Қытайға қарсы азаттық күресі нәтижесінде өз мемлекеттерін қайта құрады. Құтылық қаған болып сайланып, «Елтеріс Білге қаған» («Елінің басын қосқан білгір данышпан») деген лауазымға ие болады. Оның ең жақын көмекшісі, ақылшысы, бас қолбасшы болып Тоныкөк сайланады. Күлтегін жазбасы бойынша, Елтеріс – Құтылық өз өмірінде қытайларға, оғыздарға, хуригандарға, қырғыздарға, хятандар мен татабилерге қарсы 47 жорық жасап, ірі-ірі 20 шайқаста түркілер қолын бастап, жеңіске жеткен. Тоныкөк 29 жорыққа қатысқан, оның 17-сі қытайлармен, 7-і – кутандармен, 5-і – оғыздармен болған.

691 жылы Елтеріс қаған өлгеннен кейін қаған тағына оның 27 жасқа толған інісі Қапаған (693-716) отырып, оның кезінде қағанаттың әскери-саяси құдіреті күшейіп, кемеліне жетеді. Солтүстік Қытайды, қидандарды, Енисей қырғыздарын бағындыруы (709-710) Қапағанды 716 жылға дейін Орталық Азияның қожасы етті. Тоныкөк оған да сенімді серік, білікті ақылшы болып, адал қызмет етеді. Бұл ретте Тоныкөктің өзі тас жазуда: «Елтөресі (Құтылық) қаған, Білге Тоныкөк қам жеп, иелік қылған үшін Қапаған қаған бар болып отыр», – дейді.

711 жылы Қапағанның баласы Инел мен Тоныкөк басқарған Екінші Шығыс Түрік әскері түргештердің әскерін Жоңғариядағы Болуги өзенінің бойында талқандайды. Ол еліне сіңірген еңбегінің арқасында түркі әскеріндегі ең жоғарғы атақ – Білге бойла аға Тархан, яғни, түркі әскерінің саяси жетекшісі деңгейіне көтеріледі (З.Қинаятұлы).

Қытай жылнамасы Қапағанды «қарамағындағыларға аяусыз қатыгездікпен қарады, қартайған сайын қызғаншақ, ақылсыз бола бастады» деп суреттейді. Тоныкөк осы кезде қағанға өкпелеп, Қытайға өтіп кетуге жырыла көшкен ру-тайпа көсемдерін тоқтатып, ел бүтіндігін сақтау үшін күндіз отырмай, түнде ұйықтамай, ат үстінде жүреді. Бірақ, Тоныкөктің халық алдындағы беделінің тым жоғарлығын қызғанған Қапаған оны ел билігінен оқшаулай бастайды. Қағанат құлауға айналады. Ақырында Қапаған қаған (716) ойда жоқта өз қандастарының қолынан қаза табады (А.Сейдімбек. Шығармалары. А., 2010, V т., 435-б.).

Осы қиын жағдайдан мемлекетті Білге қаған мен інісі Күлтегін шығарды. Білге – Құтылықтың баласы, Күлтегіннің ағасы. Екеуі де хан тағына мұрагер болатын. 21 жастағы жас батыр Күлтегін әкенің тағын ағасы Могилиянға ұсынып, оны Білге (данышпан білгір) қаған деп лауазымдап, Түркі мемлекетінің қаған тағына отырғызады. Өзі елінің сол қанатының билеушісі және бас қолбасшы болып тағайындалады. Білге қаған өз тайпасының ортасына кеткен Тоныкөкті ордаға қайта алдырып, бас уәзір етеді. Білге қаған билік еткен тұста абыз Тоныкөкті Қытаймен бітім жасау мақсатында (722) елшілікке жібереді («Айбын». Энциклопедия, А., 2011, 228-б.). Нәтижесінде, 722 жылдан 741 жылға дейінгі жиырма жыл бойы халық бейбіт өмір сүреді. 731 жылы – Күлтегін, ал көп ұзамай, 734 жылы Білге қаған да қайтыс болады.

Тоныкөк білге 716 жылы Күлтегінге қолбасшылықты аманатқа тапсырғанда 70 жаста болатын. Ал, 727 жылы Қытай императоры елші жіберіп, жылына 100 мың тай жібек беруді ұсынған келісімнің тұсында ғұлама білге билікке қатысқан. Демек, дала абызы 646 жылы туып, 90 жас жасаған («Дала даналары», А., 2001, 41-б.).

Тоныкөк ескерткіші мәтінінде оның қоғамда атқарған ролі ашық көрсетілген. Ол философиялық ақыл-ойдың иесі еді. Мысалы, дана былай дейді: «Елтеріс қағанның ақылдылығынан, батырлығынан табғаштармен 27 рет соғысты. Кутандармен 7 рет соғысты. Оғыздармен 5 рет соғысты. Сонда ақылгөйі де мен едім. Дем берушісі де мен едім. Елтеріс қаған үшін, Түркі Бөрі (кейінгі Білге) қаған үшін, Қапаған қаған үшін түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым. Қызыл қанымды төктім, қара терімді ағыздым. Күш-қуатымды аямадым. Мен өзім ұзақ жорықтарға да бастадым, Түркі елі үшін», – деп шындықты толғайды.

Не деген мемлекеттік деңгейдегі мәдениет көрініс тапқан еді десеңізші бұл сөздерде! Мұндай ұстанымға жету үшін халықтар мыңжылдықтарға пара-пар жол жүріп өтуі қажет. Сонау не француз, яки, ағылшын, тіпті, ешқандай жазу жоқ кезде ұлтжандылықты, ғаламдық ойларды осындай жыр жолдары арқылы өте терең мазмұнды түрде жеткізе білу – керемет құбылыс! (О.Сүлейменов).

Оның құрметіне Тоныкөк жазба ескерткіші қойылған. Тоныкөк ескерткішінің мәтінін оқып, оның ақылгөйлілігін таныған В.Бартольд Тоныкөкті Францияның белгілі мемлекет қайраткері, дарынды дипломаты, әрі король кеңесшісі Талейран – Пригорге (1754-1838) теңейді. Ал, қазақ тарихында Тоныкөкті Бұқар жыраумен теңестіруге болады («Қазақстан». Ұлттық энциклопедия, VIII том).

Бүгінгі күнге жеткен «Тоныкөк жазба ескерткіші» – Екінші Шығыс Түрік қағандығының саяси, қоғамдық және әлеуметтік өмірін ежелгі түркі поэзиясы стилінде зор шеберлікпен бейнелеп көрсеткен, идеялық мазмұны мен көркемдік дәрежесі биік әдеби жәдігерлік. Бұл жырдың мәтіні көне түркі жазуымен бедерлеп жазылған құлпытасты ХІХ ғасырда Солтүстік Моңғолиядағы Селенгі өзені бойынан Д.Клеменц тапқан. Тоныкөк құрметіне қойылған бұл ескерткіштің мәтінін оқу, басқа тілдерге аударма жасау және оны ғылыми тұрғыдан зерттеу ісіне В.Томсен, В.Бартольд, С.Малов, тағы басқа түркітанушы ғалымдар мол үлес қосты. Тоныкөк жазба ескерткішін қазақ әдебиеті тұрғысынан тұңғыш рет зерттеген М.Жолдасбеков болды. Тоныкөк жазба ескерткіші 313 өлең жолынан тұрады. Мұнда түркілердің өз елі, жері үшін жүргізген соғыстарын атап айтып, соның бәрінде түркілердің жеңіске жеткенін, сол жеңістер өзінен-өзі келмегені, оған Тоныкөк өзінің ақыл-кеңесімен, істерімен қыруар үлес қосқаны шеберлікпен суреттеледі (Н.Келімбетов). Ол өзінің бағасын, тарихтағы орнын өзі тасқа қашап жазып кетті.

«Тәңірі жарылқады! Бүкіл түркі жұртына қарулы жау келтірмедім, атты әскер жолатпадым. Ел төресі жауламаса, оған еріп мен жауламасам, елім, халқым жойылар еді. Оның шабуылының нәтижесінде, менің шабуылымның нәтижесінде еліміз қайта ел болды, халқымыз қайта халық болды. Өзім қартайдым, ұлық болдым. Түркі Білге қағанның еліне арнап тасқа жаздырған мен – Білге Тоныкөкпін», – дейді дана қарт (А.Сейдімбек).

Орхон ескерткіштері Күлтегінге, Білге қағанға, Тоныкөкке арналған ғажайып ескерткіштер – тарихи жырларға жатады. Елдікті дәріптеу, батырдың жетісін, қырқын беру, жыл толғанда ас беру, аста ақындардың жоқтау айтуы, бәрі де қазақта бүгінге дейін үзілмеген салт. Сол ескерткіштерде: «Тізесі барлар – бүгілер, басы барлар – жүгінер», «Бек ұлдарың құл болмағай, Пәк қыздарың күң болмағай», «Тату елге тыныштық пен тоқшылық нәсіп», «Елін сүйген ер бақытты», «Қағаны – батыр, ақылгөйі – кемеңгер елдің бағы жанады», «Жауыңды басындырма, халқыңды ашындырма», «Жауға қарсы шаппаған – жаудың аяғына жығылар», «Қаған парызы – халқының қарнын тойғызып, мерейін өсіріп отыру», «Жауыңнан бұрын қимылда – жеріңе жамандық келмейді», «Нағыз ер «дүние – мал» деп дірілдемес болар» деген секілді жыр жолдарын, мақал-мәтелдерді, афоризмдерді көптеп кездестіреміз. Сөз болып отырған сол асыл мұраларда, негізінен, Отанды қорғау, елді біріктіру, мәңгілік ел орнату идеясы анық көрінеді.

«Көкте Тәңірі,

Төменде қара жер жаралғанда,

Екеуінің арасында адам баласы жаралған.

Адам баласының үстіне

Менің ата тегім Бумын қаған,

Естеми қаған отырған…

Кедейді бай қылған,

Азды көп қылған.

Тату елге жақсылық қылған.

Олар осындай білге қағандар еді,

Олар осындай ұлы қағандар еді», – деп басталатын Орхон ескерткіш жазулары – түркі халықтарының, алдымен, қазақ халқының байырғы асыл мұралары (М.Жолдасбеков). Сол ескерткіштерді арнаған Күлтегін де, Білге қаған да, Тоныкөк те, үш ғасыр дүниенің төрт бұрышын билеген Түркі қағанатын құрған Бумын, Естеми, Құтылық (Елтеріс) қағандардың барлығы да – біздің ұлы бабаларымыз.

Шығыс Түркі қағанатының екінші рет қайта жаңғыруына орай Селенгі өзенінің бойында 57 тайпаның таңбасы ойылып жазып орнатылған мәңгі тас бар. Соның ішінен қазіргі қазақ елінің құрамындағы найман, керей, алшын, қыпшақ руларының таңбаларын анық ажыратуға болады. Демек, біз осы таңбаларға қарап, бүгінгі қазақ ұлты сол Екінші Шығыс Түркі қағанатын құрушы белсенді және басты тұлғалық тайпалардың бірі болған деп толық сеніммен айтуға болады (Т.Жұртбаев).

Ұрпағымыз өз бабаларын танып-біліп, өз халқының түп тарихын оқып өсуі керек.

Ерғазы ҚАДАШҰЛЫ,

тарихшы.

Басқа материалдар

Back to top button