Теміртау қаласының балалар мен жасөспірімдер театры халықаралық фестивальде жеңіске жетті

Cал-серілер өлкесінде өткен «Те-ART-Көкше» IV Халықаралық театр фестивалінде Теміртау қаласының балалар мен жасөспірімдер театры «Күміс бүркіт» және «Үздік актерлік ансамбль» номинациялары бойынша жеңіске жетті. Шараға қазылар алқасының іріктеуінен өткен 11 ұжым қатысқан.

Ақмола облыстық орыс драма театрында өткен шараға Астана, Алматы, Ақтөбе, Семей, Өскемен, Теміртау, Қостанай қалалары мен Қырғызстан, Грузия және Ресейден үздік шығармашылық ұжымдар жиналды. Олардың әрқайсы көрермендер назарына соңғы жылдардағы ең сәтті қойылымдарының бірін ұсынды.

Теміртау театры фестивалінде Ни колай Коляданың «Баба Шанель» атты жаңа комедиясын сахналады. Режиссері – Владимир Дроздецкий.

Байқау қойылымдарын халықаралық беделді сарапшылар, театр сыншыларынан құрылған қазылар алқасы таразыға салған.

– Қазылар алқасының құрамына кеңес жылдарынан кейінгі уақыттың ең үздік театр сыншылары кірді. Аталымдар мен жалпы өнер сайысы бойынша әділ өтті. Қазылар алқасы әр спектакльді талдап, әртістер мен режиссерлерге өз бағасын беріп, талдауымен һәм ұсынысымен бөлісті. Мұндай фестивальге қатысу одан әрі даму үшін өте пайдалы, – дейді Теміртау қаласының балалар және жасөспірімдер театрының жетекшісі Владимир Дроздецкий.

Бұл Теміртау театрының фестивальдегі екінші жеңісі. Өткен жылы «Көркемдік тұтастығы үшін» номинациясы «Тот самый день» спектакліне берілген-тін.

Жәлел ШАЛҚАР

ТЕМІРТАУ