Руханият

Мерейтой аясында жаңа бастама

Абай күні. Абай апталығы. Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлт құндылықтарын бойымызға сіңіру үшін Абай шығармашылығы ауадай қажет. Ақын мерейтойы аясында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мұрындық болуымен «Абай және қазіргі заман» атты конференция өтті. Онлайн форматында өткен басқосуға ғалымдар, тарихшылар, философтар мен этномәдени бірлестік өкілдері қатысты.

Іс-шараға жиылған қауым іске асыратын бастамаларын ортаға салып, ой бөлісті. Тың туындыларын ұсынып, пікір алмасты. Мұндағы ең бірінші талқыланған мәселе – хакімнің еңбектері еді. Шығармалары әр оқу орындарында дәріптелуі қажет екенін баса айтып, «Абайтану» сыныптарын ашуды ұсынды. «Балабақша мекемелерінде ақын өлеңдерін бала бойына сіңіріп, тәрбиелеу қажет» деген пікірді көпшілік қос қолдап мақұлдады. Сондай-ақ, бизнес, өндіріс және мемлекеттік мекемелерде кадрларды дайындау барысына Абайдың «Толық адам» концепциясын енгізуді көздеп отыр. Ал, бұл туралы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы Айтбай Жұмағұлов:

– Абай күні – бір күнмен шектеліп қалмауы керек. Абайды зерттеп, оқып, толық игере білсек, имани елге айналарымыз һақ. Еңбектерін оқыдым, болдым деп айту аздық етеді. Әрекет жасауымыз қажет. Бұдан бөлек, әр қазақстандық азамат Абайдың кем дегенде екі-үш шумақ өлеңін жатқа білуі тиіс. Кездесу барысында талқыланған мәселелерді жұдырықтай жұмылып, бірлікпен іске асырайық, – деп пікір білдірді.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button