Руханият

Білім саласының білгірі

Қайнаған тіршілік, өмір ортасында бағдарыңнан жаңылып, бағытыңнан жырақтап кететін сәттер болады. Сонда темірқазықтай жетелеп, нұрлы шырақ жаққандай тура жол сілтейтін жандарға жолықтырса, ол – Тәңірдің мейірімі түскендігі. Мен көрген сондай шоқтығы биік тұлғалардың бірі – Нуриден МАРЯКҰЛЫ!

Сіздегі махаббат – ұлтқа деген махаббат! Сіздегі мейірім – періштедей пәк, шәкіртке деген мейірім! Сіздегі адалдық – елдік мұратқа деген адалдық! Сіздегі ұлағат – даланың дархандығы мен қазақтың кемеңгерлігін арқалаған ұлағат! Бұл шын мәніндегі дегдар адамның қолынан ғана келмек. Дегдарлық – сырты мен іші бір, серті мен ісі тұтас, рухани кемеліне келген, адамның ерекше деңгейі. Өмірдің мың жылдық тәжірибесін көрген көнелік те, заманның жарқ еткен жаңалығын қалт жібермейтін көрегендік те Сіздің бойыңыздан табылатын еді қайран, есіл ер!

Қарағанды облысына қарасты Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы Нуриден Өмірбаев саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз, ағартушы, жастарға тәлімгер, ұжымды басқара білген білікті де беделді басшымыз болды. Ұзақ жылдар бойы білім саласына сіңірген еңбегі көзі тірісінде лайықты бағаланып, «ҚР білім беру ісінің үздігі», «ҚР білім беру саласының Құрметті қызметкері» төсбелгілерінің және «Құрмет» орденінің, «Еңбек ардагері», «ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдық» және «20 жылдық мерейтойлық» медальдарының иегері атанды. 2006 жылғы «Білім беру саласының үздік менеджері» атты республикалық конкурстың лауреаты және 2010 жылы Қарағанды облысы әкімінің «Білім беруді дамытудағы ерекше қызметі үшін» номинациясы бойынша 1 млн. теңге сыйақымен марапатталды. ҚР Білім және Ғылым министрлігінің, облыстық білім басқармасының құрмет қағаздарымен марапатталған.

Нуриден Марякұлы 1950 жылы Солоничка ауылында туған. Жоғары білім алып, Кеңес дәуірінің басшылық қызметінен өткен білікті маман 1997 жылдан бастап Ростовка орта мектебінде директор болып жұмыс істеді. Осы кезеңде өзін кәсіби шеберлігі мен ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, тереңнен ойлайтын басшы ретінде көрсете білді. Қызметінің алғашқы күндерінен бастап алға қойған мақсаттарға қол жеткізу үшін мектептің педагогикалық ұжымын ұйымдастырып, бір кісідей жұмылдыра білді. Ұлт жанашыры екендігін дәлелдеп, келген жылы мектепте ең алғаш үш оқушымен қазақ сыныбын ашты. Іскер басшының белсенді іс-әрекетінің нәтижесінде тоқырауға ұшыраған Ростовка орта мектебі адам танымастай өзгеріп, 2000 жылы Республикадағы «Ең үздік ауыл мектебі» дәрежесіне дейін көтерілді. Оның тынымсыз еңбегінің арқасында балабақша ғимараты талан-таражға түсуден аман қалды. Қайта жөндеуден өткізілген осы ғимаратта бүгінде жақын ауылдардың балалары мектеп жанындағы 70 орындық интернатта тұрып білім алуда. Осы ғимаратта 20 баладан тәрбиеленетін толық күндік үш топтан тұратын, заманауи жағдай жасалған шағын орталық жұмыс істеуде.

Бала жанының бағбаны әрбір жиында «Ауыл баласының білімі мен тәрбиесі қала баласынан кем қалмауы тиіс. Ауыл мектебіне де қолдан келгеннің бәрін жасайтын болсақ, жан-жақты дамыған тұлға тәрбиелеп шығарамыз» деген сөздерімен мектептің педагогикалық ұжымына ұран тастап, ынталандырып отыратын. Ол арманы орындалды да. Осы мектептен ұшып шыққан түлектер жоғары білім алып, еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етуде. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында көптеген жас отбасылары мен жас мамандар жұмысқа орналасып, баспаналы болды. Ол кісінің ерекше бір қасиеті мектептен түлеп ұшқан талай шәкірттерін алтын ұясына қайтып оралуына мүмкіндік тудыратын. Өзі жиырма төрт жыл басқарған мектепте оқушыларға сапалы білім мен үлгілі тәрбие беру үшін барлық жағдайды жасау жолында көп еңбек сіңірді. Қазіргі кезеңде Ростовка тірек мектебінің барлық оқу кабинеттері материалдық-техникалық және эстетикалық тұрғыда заман талабына сай жабдықталған. Мектеп оқушылары жыл сайын ҰБТ-ға 100% қатысып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізеді.

Мектеп 2003 жылдан бастап «Ресурстық орталық» инновациялық жобасы бойынша жұмыс істейді. Ресурстық орталықтың қарамағында алты шағын жинақталған мектеп жұмыс жасайды. Нуриден Марякұлының тікелей басшылығымен 2005 жылдан бастап мектебімізде үш тілде «Сахналық өнер», «Қуыршақтар театры», «Жылыжай кешені», «Тарихи-өлкетану мұражайы», «Әскери-спорттық құзыреттілікті арттыру», «Жаратылыстану-ғылымын дамыту», «Робототехника», «Болашақ инженерлер» секілді шығармашылық зертханалар жұмыс жасайды. Ол кісінің алдағы уақыттағы идеялары «Етік тігу», «Шаштараз» секілді шағын шеберханаларды ашу және осындай қарапайым мамандықтарға оқушыны баулу болатын.

Мектеп жертөлесінде «Сұңқар» әскери-спорттық сауықтыру кешені жұмыс істейді, мұнда күрес залы, тренажер, дойбы, шахмат клубы, шаңғы клубы, теннис, тир залдары бар. Клубтың құрамында 100-ге тарта оқушы спортпен айналысып, аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі әскери-спорттық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп келеді.

2010 жылы мектеп жанындағы интернат аясында ешқандай көмексіз, қолда бар материалдардан жылыжай кешені, гүлзарлар, жеміс-жидек бақшасы салынды. Бұл оқушылардың ғылыми-эксперименттік зерттеу жұмыстарын жасауы үшін зертханалық кешен және шығармашылық шеберхана болып табылады. «Жылыжай кешенінде» алған білімдерін пайдаланып, оқушыларға кәсіптік бағдар беру, сұраныс тудыратын мамандыққа баулу, көкөністерді жылыжайларда өсіру технологияларын анықтап қана қоймай, оны жан-жақты зерттеу, мектеп ішін және айналасын жасылдандыру және оны қорғау – осы жылыжай кешенінің басты міндеттерінің бірегейі болатын. Білікті басшымыз жасалған әрбір ғылыми зерттеудің нәтижелі болуын талап ететін және соған жағдай жасады. Нәтижесінде 2018 жылы О.Байқоңыров атындағы «Төртінші өнеркәсіп революциясы жағдайындағы адам капиталының рухани даму мүмкіндіктері» атты жыл сайынғы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясында «Ақылды жылыжай» байқауында мектебіміз бірінші орынға ие болды.

Директордың басшылығымен 2008 жылы интернат жертөлесінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп 2014 жылы «Тарихи-өлкетану мұражайы» ашылды. Бұл мұражайда адамзаттың жаратылысынан бастап, өркендеген Тәуелсіз Қазақстанның асқақ бейнесі, қазақ халқының және өзге ұлт пен ұлыстың тарихи құндылықтары, құнды жәдігерлері орналасқан. Тірек мектебінде құрылған шеберханалардың мүмкіндіктері оқушылардың жобалық, шахматтық және дойбылық дағдылары арқылы, жол ережелеріне оқыту, қоршаған әлемді эстетикалық қабылдау арқылы, хореографиялық дағдылар арқылы белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Мектеп директорының таяу уақыттағы жоспарларының ішінде бюджеттің көмегімен спорт кешенін салу, оқушылардың өндірістік бригадасын жаңғырту, қосалқы шаруашылықты ұйымдастыру және тағы басқа мақсаттары мен ерекше идеялары бар еді.

Кәсіби шеберлігі мен ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, өз ісінің білгірі, ұжымға сыйлы, әріптестерінің жанын түсінетін, адамгершілік қасиеті мол, ұлт жанашыры әрі патриоттық рухы күшті азамат еді. Ол жан қиярлық еңбекке толы осы шаққа дейінгі ғұмырын ұлттың білімі мен руханиятын дамытуға арнады. Балалық шағы ел басына күн туған қысылтаяң шаққа дөп келіп, ерте есейткен өмірдің мектебінен өтті. Жетпістің желкенін керген шағында өзі де мектепке айналды! Мектеп ішіндегі мектеп! Өнегелі ғұмырыңыз өскелең ұрпағыңызға үлгі болып қала бермек. «Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді» дегендей, сан мыңдаған шәкірттері тұрғанда, Нуриден Марякұлының есімі өшпейді, уақыт озған сайын ел жадында жаңғыра береді.

Гүлжан СҰРАУБАЙ,

«Ростовка тірек мектебінің (ресурстық орталық)» қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі,

педагогика ғылымдарының магистрі.

Басқа материалдар

Back to top button