Сыныптасқа сағыныш
Бал балалық шағымыз өткен туған топыраққа ат басын бұрып, қаладан жол түссе Қарқаралыға жақындап келгенде басына бұлт қонған таулар мен жайқалған ну орманға қарап сағынышың үдей түседі. Биік-биік таулар ауылыңның үлкендеріне ұқсаса, шулаған көп тал-терек құрбы-құрдастарың секілді.
Бұрала өсіп, жапырағы төгілген ақ қайыңдар сыныптас қыздар сияқты, солдаттай қарағайлар достарың… Сол жайқалған бақта ең сымбатты, түп-түзу, әдемі боп жайқалған қарағай араның кесірінен жапырылып сұлап жатқанын көрсеңіз қандай күй кешер едіңіз… Ал, тағдырдың жазуымен салмақты да сабырлы, әдемі жүзінен мейірім нұры төгілген, аузын ашса жүрегі көрініп, ешкімнің ала жібін аттамайтын, дауыс көтеріп сөйлемек түгілі, дауысын қатты шығарып күлмейтін өте тәрбиелі, еменнің иір бұтағындай еразамат мезгілсіз қаза тапса, шыққан күн мұнарланып, күнің түнек болады екен… аз уақыт ішінде меңдеп алған дерттен айыға алмай жатқан досымызға «Сен – мықтысың! Мойыма! Бұл сынақтан өтесің! Жақсы күндеріміз алда!» деп жігерлендіріп айтқан сөзімізге «тырысамын» деген жауабын естігенде, бізге осы досымызды «жоғалтып алуымыз мумкін-ау» деген үрей кіріп, оның өмір үшін күресіп жатқанын жүрегіміз сезгенмен қолымыздан Аллаға жалбарынудан басқа ештеңе келмеді. Тура осы дертті жеңетін жігері, қайтаратын қайраты бар еді, бірақ оның пәк жүрегі мәңгілікке соғуын тоқтатты. Осынау бір сәттік өмірде жалт етіп сөнген жасын ғұмырлы сыныптасымыз Нұрланды марқұмдар қатарына қалай қоса аламыз??? Сыныпта қыран-топан болып күліп, жұлқыласа жүгіріп жүрген біздердің сыртымыздан ғана қарап партада қаққан қазықтай боп күлімдеп отырған жұқа келген сырбаз бала мәңгілік көңілімізде сол бейнесінде сақтаулы. Оқуға ынталы, зейінді бала қоңырауда таласа-тармаса далаға жүгірген сыныптастарының соңынан үй тапсырмасын жазып алып, кейін еске салып отыратын ұқыпты еді. Мектеп кезінде қызыққан «Тоғызқұмалақ» ұлттық ойынынан талай байқаудан топ жарып, «Спорт шебері» атағына ие болса да кеудесін соғып мақтануды білмейтін өте қарапайым еді… Кейіннен спорт саласын басқарып, басшы болса да айналасындағылардың үлкеніне құрмет, кішісіне ізет көрсетіп өтті. Ғұмырының қамшының сабындай қысқа боларын сезгендей, баланың да көңілін қалдырмай елпең қағып, бар қажетінен шығуға асығар еді… Өзі «жілігін шағып, майын жеген» спорт саласының ғана емес, қоғамның қай саласына болмасын жанашарлықпен қарайтын, ұлтын сүйген, елінің ертеңіне елеңдейтін қасиеттерімен қайда жүрсе де айналасына шапағатын шашып, атына сай нұрын төгіп жүруші еді. 1984 ж. Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институтында «Дене тәрбиесі» мамандығы бойынша, 2011 жылы Орталық Қазақстан Академиясында «Экономика және бизнес» мамандығы бойынша оқып, өз ісінің білгірі атанды. Алтын асықтай қылып тәрбиелеген балалары Алуа мен Лаура да «Әке көрген оқ жонар» дегендей, тоғызқұмалақ ойынынан Республика көлеміндегі жарыстарға Қарағанды облысы атынан қатысып, сан мәрте жүлделі орындарға ие болды. Алуа да «Спорт шебері» атанды. Бүгінде тұңғышы Алуа Германияда дипломаттық қызмет атқарса, Лаурасы Астана қалалық әкімшілігінде қаржы бөлімінің білікті экономисі. Ата-аналарынан жақсы тәлім көрген балалары да өз кезегінде әкелерін ерекше сүйіп, аналарына қарсы сөз айтпайтын тәрбиелі тұлға болып қалыптасты. Өткен жылы ата-анасына бүкіл Европаны аралатып, Чехиядағы белгілі Карловы Вары курортында қыдыртқандығы балаларының әке-шешесін алақандарына салып әлпештегенінің бір көрінісі ғана. Балаға деген көңілі аса мейірімді досымыз қыздарын аялап өсіріп, тұлымшақтары желбіреген шақтарында шаштарын тарап, бар қамқорлығын көрсетіп, балаларының қызығын қызықтаса да ақжарқын күйеу балалары және алтын асықтай немерелері Шахризада мен Әмірінің қызықтары мен жетістіктеріне бірге қуануды Алла біздің досымыздың пешенесіне жазбапты. Аз уақыттың ішінде қимас достарға, жақын туысқа айналып үлгерген құдалары да біздің Нұрланды өлім түгілі өкпеге қимастай сыйласқан еді. Өткен шақта сен туралы қандай ауыр… Жүректегі сағыныштың салмағы қаламды да ауырлатып жібереді екен… «Өмір – өткінші», «Дүние – жалған» деген сөздерді тағы бір дәлелдеп артыңа қайрылмастан кете бардың. Алды-артыңа қаратпас ажал сағаты соққанда дәрменсіз біздер құранында қол жаюдан басқа амалымыз болмай, ендігі еске алып отырмыз. Өзіңсіз 100 күн өтсе де әлі Қарқаралының көшесінде қарайып жүргендейсің… Мектеп бітіргенімізге арнап жасалған отырыстардың ұйымдастырушысы да, ұйтқысы да өзің едің. Туған жерімізде өткізген басқосуларда кіре берістен тосып алып, сыйлап, көңілімізді тауып шығарып салар еді. «Жұмыр басты пенденің өмірі жасаған жылдарының ұзақтығымен емес, оның маңыздылығымен өлшенеді» дегендей, 58 жасында фәни жалғаннан бақиға аттанған досымыздың отырған орны, сөйлеген сөзі, қарапайым қалпы, адал жүрегі мен таза пейілі біздегі көңілдің ең бір биігінде мәңгі сақталады.
Оның мағыналы өмірінің, шаңырағыңның алтын діңгегі – жары Әсия мен өмірінің жалғасы, мәуелі жемісі – бауыр еті балалары мен алтын асықтай немерелеріне Алла досымыздың жасамаған жасын қосып беріп, ғұмырларын ұзақ қылғай. Аз ғана ғұмырында дәл осындай адами асқақ қасиетке ие болған сыныптасымыздың мекені жұмақ, мінгені пырақ, жатқан жері жарық болсын!
Басыңа бардық, құлпытас сенің мәңгілік кеткен айғағың,
Көктасың өрлеп қарға адым жерден, қоршап ап жатыр аймағын.
Қара жер көрпе ұсынып жатса, «Алланың ісі» деген бар,
Сондықтан досым, не шара бізде, жәннатта болсын жас жаның.
Еске алушылар: №1 орта мектепті 1979 жылы бітірген сыныптастарың.