Биік құрметке лайық батыр
Ұлы Отан соғысының батыры, «Даңқ» орденінің толық кавалері Мүтәш СҮЛЕЙМЕНОВТІҢ туғанына келесі жылы 100 жыл толмақ. Нұра ауданының Кертінді ауылында туған батырдың ғасырлық мерейтойы тиісті деңгейде аталып өтуі тиіс. Бұл – Қарағанды жұртының елдігіне сын болмақ. Батырдың кеудесінде үш жұлдыз жарқырап тұратын. Қатардағы жауынгердің ерлігімен, өрлігімен келген жұлдыздар. Үш ерлік – үш жұлдыз. Бұдан бөлек, елуден астам Кеңес Одағының, Қазақ КСР-нің, Қазақстанның, Ресейдің орден-медалімен марапатталған. Сталиннің өзінен алған 11 алғысы бар.
Батыр 1945 жылы 24 маусымда Мәскеудегі Қызыл алаңда болған Жеңіс шеруіне қатысты. Мың сарбаздан тұратын бұл шеруге Кеңес Одағының Батырлары мен «Даңқ» орденінің толық кавалерлері, ерен ерлік жасағандар ғана ілікті. Әкеміздің шеруде ІІ Белорусь майданы әскері құрамында жүріп өткені, фашист туын Ленин мавзолейі түбіне лақтырғаны деректі фильмде таспаланған. Бұдан кейін Мәскеудегі 1980, 1985, 1990, 1995, 2000, 2005 жылдардағы барлық шеруге қатысты. Осы мерейтойлық шерулерге Қазақстаннан қатарынан қатысқан жалғыз қазақ болды.
Бейбіт заманда өскелең ұрпақты тәрбиелеуде қосқан үлесі үшін КСРО, Қазақ КСР білім беру ісінің үздігі атанды. Бірнеше орденге, КСРО Қарулы Күштерінің 27 медаліне және тағы басқа марапаттарға ие болды. Қарағанды қаласы мен Нұра ауданының Құрметті азаматы атағын иеленді.
Елбасы Н.Назарбаевтың бұйрығымен «Құрмет» орденімен марапатталды. Мәскеуде Отан қорғаушылары мен батырларының пантеонында Кеңес Одағының Батырлары мен «Даңқ» орденінің толық кавалерлері тізіміне Мүтәш Сүлейменовтің де есімі алтын әріппен енгізілген. Елбасы Н.Назарбаевтың және президенттер – М.Горбачевтың, Б.Ельциннің, В.Путиннің жеке ресми қабылдауында болса да, әкеміз өзі үшін, балалары мен немерелері үшін өтініш жасамаған. Ол барлық жағынан зиялы адам еді. Сондықтан, батырмын деп кеудесін соқпаған адам.
Әкеміз танкіге қарсы 45 мм артиллерия зеңбірегінің командирі болды. Ол марапат үшін емес, ел үшін шайқасқан батыр. Атақты Тілен батыр мен Қарабек батырдың ұрпағы. Қарабек батыр – Мүтәш Сүлейменовтің, Қанапия Әубәкіров және Мұхамедия Әубәкіровтің туған атасы. Қанапия Әубәкірұлы Ұлы Отан соғысының ардагері, заңгер. Сот саласында, заң органдарында ұзақ жыл адал, әділ қызмет еткен. Қарағанды облыстық адвокаттар алқасының шешімімен Нұра ауданындағы ұйымның филиалына Қанапия Әубәкіровтің аты берілді. Ауданның Құрмет тақтасына суреті ілініп, Құрмет кітабына есімі жазылды. Оның ерен еңбегі мен биік парасаты, адами келбеті ел жүрегіне жазылып қалған. Ал, Мұхамедия Әубәкіров соғыс жылдары Сталинград түбіндегі және Курск доғасындағы шайқастарда жанқиярлықпен соғысқан қаһарман. Қанапияның жұбайы – Әсия Әлсейітқызы қолөнердің һас шебері, ісмер болған. 6070 жылдары шебердің әртүрлі ұлттық нақышта жасаған бұйымдары көздің жауын алатын.
Мұхамедия Әубәкіров Орел түбіндегі қанды шайқаста Отан үшін от кешіп, ерлікпен қаза тапты. Сондай-ақ, соғыс жылдарында елі мен жерін, ұрпағының болашағын қорғауға атсалысқан осы Тілен батырдың ұрпақтары – Сағаділдә мен Машрап Әубәкіров те жоғары құрметке лайық. Ел басына күн туған шақта қолдарына қару алып, қиырға аттанған бұл батырлар хабар-ошарсыз кеткендердің тізімінде. Туыстарының, ұрпақтарының арманы – қос батырдың жерленген жерін анықтап, басына бір уыс топырақ салу болған. Сол армандары 2011 жылы орындалып, Мұхамедия Әубәкіровке Қанапия Әубәкіровтің ұлы Ерболат ескерткіш қойды. Ас берілді. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай, Сағаділдә мен Машраптың рухы туған топырағымен қауышып, ұрпақтары ас берді. Майданға аттанғандардың қатарында Ниязбек Шаяхметов, Нәби мен Сәби Оспанов та болды. Осы аталғандардың бәрі – Тілен батырдың еліне тұтқа болған, халқына қадірі артқан елеулі ұрпақтары. Сондай-ақ, Ақаш Әлімбаев пен Әбілхан Аханов – «Отан соғысы» орденін екі рет иеленген, ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, Қуаныш Былқылов – ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, Қызыл Ту, Ленин ордендерімен марапатталған, Нұқаш Ералин, Жантөре Жагуфаров, Зікірия Ниязбеков, Берден Бейсекеев – қанды қырғында өшпес ерлік жасаған қайсар жауынгерлер.
Ұлы Отан соғысына Тілен батыр ұрпақтарының ер азаматтарымен қатар қыздары да өз еріктерімен майданға аттанды. Рахиля Ералина майданға өзі сұранып, әскери медбике болып соғысқа аттанады. Жауып тұрған қорғасын оқтың арасынан талай жаралыларды аман алып қалып, медициналық қызмет көрсетеді. Кейін авиаполкке зенитші ретінде ауыстырылады. Ол түнгі уақытта ұшақпен ұшып шығып, немістердің нысандарын фотоға түсіреді. Ал, батырдың тағы бір ұрпағы Майра Әубәкірова Ауған соғысына өз еркімен аттанған елінің батыл да, ержүрек қызы.
Сондай-ақ, Тілен батырдың ұрпақтары, бозбала жігіттер – Нияз Әубәкіров пен Еркін Мұхамеджанов – Ауған соғысының ардагерлері, КСРО марапаттарының иегерлері. Олардың қаһармандық рухы ұрпақтан ұрпаққа өнеге болмақ.
Уатай, Жанайдар Әубәкіровтер (Уатай – 40 жыл ұстаздық етіп, Кертіндідегі кейінгі М.Сүлейменов атындағы мектепке директор, Жанайдар – Нұра аудандық партия комитетінде 2-ші хатшы болды), 35 жыл прокурор болған Текеш Былқылов, 30 жыл обкомда, партияда, аудандық атқару комитетінде, халықтық бақылау комитетінде басшылықта болған Рамазан Сәлімбаев, әртіс, бұрынғы Жамбыл қаласының драма театрында директор, Қарағандыда бас режиссер болған Аманжол Сәлімбаев, заң саласында қызмет істеген, облыстың әділет департаментінде басшы болған Зада Қажыбеков, генерал-лейтенант, облыстың бас прокуроры болған, Бас прокуратурада, Жоғарғы сотта қызмет істеген Асқар Секішев, Волгоградтағы жоғарғы тергеу институтын бітірген, сот, тергеуші, адвокат болған Ерболат Әубәкіров, облыстың ІІД, ҰҚК қызмет атқарған Ескермес Мүслімов, партком хатшысы, ауатком төрағасының орынбасары болған, шаруашылық басшысы Тельман Әлімбаев, шаруашылық басшысы Сейіт Рахымбеков, ауылдық кеңес хатшысы, парторг, совхоз директоры болған Ғабит Мамраев, құрылысшы инженер Төлеген Оразбеков, Нұра ауданында 30 жыл прокурор болған Хамит Ахметов, еліміздің өркендеуіне сүбелі үлес қосты. Кәсіпкер Берік Инкабеков Кертінді ауылындағы М.Сүлейменов атындағы мектеп алдына батырдың ескерткішін қойып, тектілігін танытты. Кәсіпкердің қамқорлығы үшін ұрпақтары атынан алғысымызды айтамыз.
Сонымен қатар, ағарту ісіне зор еңбек сіңірген Баймағанбет Мамраев әкеміз білім беру ісіне бар ғұмырын арнап, айшықты із қалдырған азамат. Ұлағатты ұстазды ұлықтау мақсатында 2018 жылы Кертіндіде өзі тұратын көшеге есімі беріліп, тақта орнатылды. Сейділ Талжанов – жазушы-ғалым. Ол кісіге Нұра ауданы, Ақмешіт ауылындағы мектептің аты берілді. Қайып Шайменов – ұлағатты ұстаз. Нұрадағы Шахтер ауылы мектебінің аты берілген. «Фемида» академиясы ректорының орынбасары Есентай Шайменов, Мәжіліс депутаты, ғылым докторы, Өскемендегі Аманжолов атындағы университеттің бұрынғы ректоры, Атыраудағы мұнай-газ университетінің бұрынғы ректоры Бейбіт Мамыраев, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Төлеутай Рахымбеков, ағайынды Жанбек, Болат, Байбек, Тойбек, Темір Әубәкіровтер (Жанбек 1971 жылы Мәскеудегі Ломоносов атындағы университетті бітірген, математика ғылымдарының кандидаты, оның қалған бауырлары Мәскеу институттарын бітіргеннен кейін Нұр-Сұлтандағы университеттерде дәріс беріп келеді, барлығының ғылыми атақтары бар), филология ғылымдарының докторы Ерден Қажыбеков, академик, техника ғылымдарының докторы, Нұра ауданының Құрметті азаматы Тұяқ Исабеков, ғалым, Нұра ауданының Құрметті азаматы Қайыржан Бекішев, Осакаров ауданының Құрметті азаматы Ғалым Бейсекеев еліміздің дамуына елеулі үлес қосып келеді. Міне, бұлардың бәрі Тілен батырдың мақтан тұтар ұрпақтары.
Тілен батыр мен Қарабек батыр жоңғар-қалмақ шапқыншылығы кезінде туған жерін жаудан қорғаған, бірге шайқасып, ерлік істерімен даңқтары жайылып, батыр атанған. Ол кезде Тілен батыр жасы ұлғайған, қартайған шағы екен. Ал, Қарабек жас жігіт болыпты. Бұл дәлелденген ақиқат-деректерді көбісі бұрмалап, батырлар туралы болмаған жайттарды ойлап тауып жатыр. Әкем аталарының ерлік істері туралы өзінің әке-шешесінен естіп білген. Әкемнің айтуы бойынша, Тілен батыр мен Қарабек батыр кезекті бір шайқастан кейін қатты шаршап, аздап демалуды жөн көріпті. Бұл оқиға XVII-XVIII ғасырда Ақмола облысындағы Қалқұтан (Колутон) елді мекенінде болған екен. Жауынгерлердің арасындағы сатқындар қарауылдап жүріп, батырлар өзен жағасында шайқастардан қалжырап, ұйықтап кеткенде екеуін де өлтірген. Екі батыр да сол жерде жерленген. Батырлар туралы ауыздан ауызға жеткен бұл оқиғаны біздің ата-әжелеріміз және Қарабек батырдың туыстары білген екен. Әкем осы мекенді Кеңес дәуірінде іздеумен болды, ақыры 80-90 жылдары жерленген орнын тауып, белгі қойды. Ол кезде батырлар, хандар, билер туралы мәселелерді көтеруге рұқсат етілмеді. Қазір Тілен батыр туралы зерттеулер жүргізіп жүргендер батырлар туралы мәліметтерді әкемізден білген.
Әкеміз ешқашан мақтанған емес, ол әрқашан шындықты айтатын, біреудің еңбегін ешқашан жеген емес. Өтірік айтуды, алдауды, бұрмалауды жаны сүймейтін. Ал, Қарабек туралы деректер бұрмаланған. «Тілен батырдың жанында ұлы жерленген және қайдағы жоқ мүштік табылған» деп жалған айтылып жүр. Шын мәнінде, Тілен батырдың жанында Қарабек батыр жерленген. Мұның бәрі кімнің ойлап тапқаны белгісіз. Атабабаларымыздың, әсіресе, батырлар туралы тарихты бұрмаламайық, керісінше құрмет тұтып, ардақтайық. Бабаларымыздың аруағын сыйлайық.
2017 жылы ғалым Қайыржан Бекішев қаражаты бар Тілен руынан шыққан азаматтарды ұйымдастырып, Тілен батырдың құрметіне Колутон ауылына ескерткіш орнатты. Бұл – Төлеутай Ералиннің еңбегі. Басқалары осы мекеннің тұрғындарына ас беріп, батырлар аруағына құран бағыштады. Біз нағыз ер азамат Төлеутай Ералинге Тілен батырға арнап ескерткіш орнатқаны үшін шын жүректен алғыс білдіреміз. Төлеутай – Құптан мен Дәмежан Ералинаның баласы. Оның әкесі Тілен руынан шыққан білімді, беделі мен абыройы жоғары адам. Төлеутайдай саналы ер азамат тәрбиелегендері үшін ол кісілерге де алғысымыз шексіз.
Нұра ауданындағы көшелердің біріне 2018 жылы Қайыржан Бекішевтің ұсынысымен, сол кездегі аудан әкімі Ниқанбай Омархановтың қолдауымен Тілен батырға көше берілді. Сол үшін ризашылығымызды білдіреміз.
Ардақты әкеміздің туғанына келесі жылдың 10 қыркүйегінде 100 жыл толады. Мерейтойын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында кең ауқымда атап өту керек. Бұл құрметке ол әбден лайық.
1993 жылы Кертінді мектебіне әкеміздің есімі берілді. Б.Күлпейісов пен Б.Сыздықов директор болған кезде мектепте мұражай болған жоқ. Сүлейменовке арналған алғашқы мектеп мұражайы Қарағандыдағы тірек қимыл-қозғалысы бұзылғандарға арналған мектеп-интернатта ашылды. Мектеп-интернаттың сол кездегі директоры Нинель Белая Ұлы Отан соғысында ерлік көрсетіп, 50-ден астам марапат алған әкемізге мұражай ашуға бөлме берді.
Әкем барлық материалдарды жинап, мектеп-интернаттың мұражайына тапсырды. Барлық құжаттардың көшірмесін, соғыс жылдарындағы фотосуреттер және бейбіт уақыттағы материалдарын, облыстық, республикалық газет-журнал басылымдарын, Мәскеудегі «Красная Звезда», сол кездегі барлық әскери басылымдардағы материалдардың және медаль мен ордендерінің муляжін, мадақтамаларын (көшірмесін) тапсырдық. КСРО-ның атақты суретшісінің майлы бояумен кенепте салынған портретін және барлық атрибуттарымен әскери киімін бердік. Олар түрлі-түсті бейнеде боялған стендтерді безендірді. Орден-медальдардің муляжін, құжаттарын, әкемнің газет-журнал бетіндегі мақалаларын қоятын сөрелер, әйнек стеллаждар жасатты. Н.Белая арнайы бөлген үлкен бөлме әкемнің құнды материалдарымен жабдықталды. Оқушылар, ұжым, оқушылардың ата-аналары үнемі мұражайға келіп жүрді. Мектеп ұжымы 9 мамыр секілді үлкен мерекелерде ата-анамызды шақыратын. Оқушылар сап түзеп, қошеметпен қарсы алатын. Н.Белая өскелең ұрпақты тәрбиелеуде жасөспірімдердің рухты болуы үшін көп күш салды. Ол балаларға көзі тірі батырды көрсетті. Бұл олардың рухы мен көңіл-күйін көтеріп, ержүрек, батыл болуға үйретті.
Мектепке әкеммен бірге анам Алтын Ахмединаны да қонаққа шақыратын. Анам 1927 жылы Нұра кентінде туған. Тыл еңбеккері, соғыс жылдардағы қажырлы еңбегі үшін медалімен марапатталды. 9 баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Екеуі қайтты, жетеуі тірі. І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Ана даңқы» медалімен, сауда саласындағы үздік еңбегі үшін екі рет «Кеңестік сауда үздігі» марапатын алған. Ол кезде сауда саласында екінің бірі мұндай марапатты ала алмайтын. Оның тұрмыстағы мінсіз тазалығы мен қоршаған адамдарға деген адал ниетінен ауыл тұрғындары анамызды атымен атамай, «Таза келін» дейтін.
Тірек қимыл-қозғалысы бұзылғандарға арналған мектеп-интернаттағы мұражай Н.Белая басшылығы кезінде арнайы жеке бөлмеде болды. Директор және мектеп ұжымы ауысқаннан кейін 2016 жылы әкеміз туралы материалдарды толықтыру үшін мектеп-интернатқа барғанымызда мұражайдың сол кездегі жағдайын көріп шошып кеттік. Мектеп директоры Гүлнар Қырғызбаева еді. Мұражай екінші қабаттағы баспалдақтың жанындағы бос жерге көшіріліпті. Барлық жәдігерлер, суреттер, құжаттар, муляждар, майлы бояумен кенепте салынған портрет, әскери форманың бәрі кір, шаң басып қалған. Стендке әкеміздің барлық материалдары скотчпен қалай болса солай жапсырылған. Әкеміздің бізге ыстық жеке материалдарын қолды қылған. Н.Белая мен сол кездегі ұжым осы мұражайға көп еңбек сіңірді. Ал, Г.Қырғызбаева оның көзін өз қолымен жойды. Кертіндідегі мектеп директоры Б.Сыздықов мұражай ашылғанын біліп, әріптестерімен әкемізді іздеп келеді.
Кертіндідегі мектеп әкемнің атында, бір мектепте мұражай да, кабинет те, жауынгерлік даңқ залы да болған жоқ. Әкем оларды мектеп директоры Н.Белаямен таныстырады. Ол мектеп мұражайын көрсетіп, келгендерге барлығын үйретті. Содан Кертіндіде мектеп мұражайы ашылды. Б.Сыздықов мектептің екінші қабатынан үлкен бөлме берді. Тағы да мектеп мұражайы үшін әкем материал жинап берді. Соғыс жылдарындағы суреттер, құжаттар (көшірмесі) әскери киім, домбыра, КСРО-ның әр түпкірінен, әскери бөлімдерден, оқушылардан, студенттерден келген хаттарды Кертінді мектебіне, қолдарына бердік. Осы хаттардың бәрі жоғалған. Небары 3-4 хат қалған. Оларды «жоғалып кетпесін» деп алып кеттім. Ал, қалған хаттардың қайда кеткенін білмейміз. Біреуге берді ме, әлде жойып жіберді ме, түсініксіз. Мен өзім мектепке әскери дүрбі, фляжка, жамылғы-плащ және әскери атрибудтар алып келгенмін. Бұл мұражайды да әдемі безендіріп, әкемнің құнды материалдарымен жабдықтадық. Көптеген стендтер, құжаттар, суреттер мен газет-журналдар қойылған әйнек сөрелер болған. Домбыра бастаған жеке заттарын сыйға тарттық. Бұл мұражай бірнеше жыл жеке бөлмеде болды. Б.Сыздықов зейнетке кеткенде орнына Айдос Ахметов келді.
2015 жылдың 9 мамырында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына мектеп директоры мұражайдың ашылуын өткізді. Бұл іс-шараға біз, яғни, Мүташ Сүлейменовтің отбасы кездейсоқ барып қалдық. Мұражайдың екінші рет жаңаша ашылып жатқанына таң қалдық. Бұрынғы мектеп мұражайына бөлінген бөлменің жабық тұрғанын өз көзімізбен көрдік. Ұзын тар дәліздің түпкіріндегі бөлмеде бүкіл ауылдың мұражайы ашылған екен. Онда оқушылардың, ұстаздардың, олардың отбасыларының фотосуреттері ілінген. Біздің әкемізге осы тар бөлменің бір бұрышынан орын беріпті. Екі портрет пен сөрені бұрышқа қойыпты. Сол сөренің астындағы бір жәшікке ұйпалақтатып формасын, жамылғы-плащын, фляжка мен дүрбісін сала салыпты. Мұның бәрі мұражайда тұрғандай болмады. Мектеп директоры А.Ахметов пен мектеп ұжымы неге осындай әрекетке барған? Бұрын бөлек бөлмеде болған әкеміздің мұражайындағы барлық стендтер, фотосуреттердегі жазулар, әдемі безендірілген материалдар жойылған. Бүгінгі күні бұл бөлмеде басынан аяғына дейін оқушылар мен мұғалімдердің, ауыл тұрғындарының фотосуреттері ілулі тұр. Егер, оларға фотосуреттерді жинау ұнаса, жапсыра берсін. Алайда, мектеп М.Сүлейменов атында болғандықтан мектеп мұражайы, әскери бөлме, жауынгерлік даңқ залы болу керек. Бірақ, мұның біреуі де жоқ. Біз директор А.Ахметов пен мектеп ұжымының мұндай қылықтарына кейідік. Мен А.Ахметовтен: «Неге мұражайды екінші рет ашып жатырсыздар? Әкемнің мұражайын неге жаптыңыздар?», – деп сұрадым. Ол: «Сіздің әкеңізге мектеп мұражайын ашуға болмайды, ал, бұл тарихи-өлкетану мұражайы», – деп жауап берді. Қазіргі директор Рахымтай Нариманов жоғары жақта отырғандармен кеңесіп, әкемізге арнап бөлек бөлме беріп, мектеп мұражайын аша алмайтынын айтты. Ол жоғарғы жақ рұқсат берсе, мектеп мұражайын ашуға қарсы емес екенін мәлімдеді. Олардың бәріне тарихи-өлкетану мұражайының мемлекетпен заңдастырылған мәртебесі болу керектігін, онда кем дегенде екі мыңнан астам жәдігер болғанда ғана ол тарихи-өлкетану мұражайы бола алатынын түсіндірдім. А.Ахметов те, Р.Нариманов та менің уәжіммен келіспей, дауласты. Алайда, тарихи-өлкетану мұражайын құру туралы менің айтқаным дұрыс болып шықты. Мен мұны 90-шы жылдардан бері білемін. Өйткені, осы мәселелермен кезінде айналысқан едім.
Бұрын бұл мектепте оқушылар екі ауысыммен оқитын, оқушылар саны 300400 болатын. Сонда әкеміз М. Сүлейменовке мектеп мұражайын ашуға бөлек бөлме бөлінген. Қазіргі уақытта оқушылар саны небары 140-145, бір ауысымда оқиды. Мектеп ғимараты үш қабатты. Мұражай, әскери бөлме ашуға орын жеткілікті. Тіпті, әкемнің еңбегін құрметтеп жауынгерлік мемориал залын ашуға да болады. М.Сүлейменовтің ғұмырнамасы өте бай және мазмұнды.
Нұра кентінің көшелеріне адам есімдері жөн-жосықсыз берілуде. Ал, соғыс батырлары – М.Сүлейменов пен С.Лебедевтің атында көше жоқ. Көбетей ауылында (бұрынғы Черниговка селосы) тың игеру кезінде мол астық жинаған, Социалистік Еңбек Ері, Ұлы Отан соғысының ардагері Нүркен Айтуғанов тұрды. Ол ВДНХ көрмесінің қатысушысы, орден-медальдармен марапатталған адам. Нұра кентінде тарихи-өлкетану мұражайында осы батырларымызға арналған даңқ залы жоқ. Біздің әкемізге материалдары мен домбырасын қоятын алақандай бұрыш берген. Мен бұдан «майданда толарсақтан қан кешкен қазақ сарбаздарының ерлігі осылай бағаланады» деген ой түйдім. Мұражайда көп жәдігер болса да, соғыс пен жауынгерлік даңқ туралы дүние сезілмейді.
Нүркен Айтуғанов пен оның жұбайы Мариякүл Шөкілбаева – 10 баланы тәрбиелеп, өсірген батыр ана. Нүркен 3-ші Белорусь майданында соғысқан, Одер өзенін, Кенигсберг қаласын босатуға қатысқан. «Қызыл жұлдыз» орденімен, ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, «Ерлік ісі үшін» медалімен, Ленин орденімен, «Алтын Жұлдыз» орденімен, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталып, 1957 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын алды. 169-шы гвардиялық атқыштар полкінде зеңбірекші болды. Н.Айтуғанов – Тілен руынан шыққан елдің бетке ұстар азаматы.
Екінші батыр – екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, Ұлы Отан соғысына қатысқан Николай Алексеевич Кузнецов. Көптеген марапаттарға ие болған авиация ұшқышы Байтуған селосында (бұрынғы Путь Ленина) туған. Бұлар – ерлік істерімен еңбегі сіңген батырлар. Бірақ, Нұра кентіндегі тарихи-өлкетану мұражайында осы адамдардың жәдігерлеріне орын жоқ.
Кертіндідегі мектеп мұражайына берілген, кейін жоғалған барлық хатты, жәдігерлерді орнына келтіру керек. Қазіргі директор Р.Наримановқа мектеп мұражайы жайлы ешкімнен кеңес сұрамай, заң бойынша атқарылуы тиіс жұмысты орындауы тиіс. А.Ахметов ашқан тарихи-өлкетану мұражайы сол мәртебесінде тұра беруіне қарсылығым жоқ. Әйтсе де, бұл тарихи-өлкетану мұражайы емес. Өйткені, онда мектеп оқушыларының, ұстаздарының, майдангерлердің, ауыл тұрғындарының және тағы басқаларының фотосуреттерінен басқа ештеңе орын теппеген. Тарихи-өлкетану деп аталатындай 1000 жәдігер жоқ. Мектеп батыр М.Сүлейменовтің атында болғандықтан, оның есімімен мектеп мұражайы да болу керек.
2007 жылы облыстық мұрағатта М.Сүлейменовке қор ашылды. 2016-2017 жылдары облыстық мұрағатқа (директоры Жаңагүл Тұрсынова) барлық орден-медаль, хаттар мен материалдарын және әкем мен анам туралы 1980 жылдан 2015 жылға дейін баспасөз беттерінде шыққан мақалалардың көшірмесін бердім. Жақында мұрағатқа берген құжаттардың бар екенін анықтайын деп шештім. Басқаларға ашылған қорда мұрағат материалдары ұқыпты сақталса, ал біздің әкеміздің қорында 2007 жылы мұрағат қызметкерлері жасаған газет қиындылары ғана сақталған. Тапсырған көшірмелері, орден-медальдар мен мақалалар тізімі қолымда бар. Ал, мұрағатта, тек, «Капитал Караганды» деген жылтыр журналдың мұқабасы ғана қалыпты. Мен бүтін журналды тапсырғанмын. Мұрағат мамандары өз міндеттеріне салғырт, жауапсыз қарайды. Мұрағат басшысы Жаңагүл Тұрсынова тарапынан бақылау жоқ, тарихи, маңызды құжаттарға немқұрайды қараған. Менің қолымда қолхат жоқ. Тек, тізіммен алды. Қазір барлығын жоққа шығарып отыр.
«Нұра» газетінің редакторы Тазагүл Пішенбаева аудандық «Нұра», облыстық «Орталық Қазақстан» газеттеріне берген мақалалары қатемен жазылған. Бір мақалада бірнеше қате жібереді. Алайда, ол қанша қатемен жазса да, оны ешкім елемейді.
«Орталық Қазақстан» газетінің 2018 жылдың 12 мамырындағы санында шыққан «Есіл ерге – ескерткіш» атты мақаласында «мемориалдық тақта орнаттық» деп жазады. Мемориалдық тақтаны ғимараттың қабырғасына ғана орнатады. «Нұра» газеті – Нұра ауданы өмірінің айнасы екенін естен шығармау керек. Әкеміздің қайтқанына 14 жыл болды. Бірақ, Қарағандыда немесе Нұра кентінде оның атында көше жоқ.
Мүтәш әкеміз ел болып мақтан тұтуға лайық тұлға. Ерліктің, батырлықтың бейнесі.
Әкеміз Отанын, халқын шексіз сүйіп, шын ниетімен беріліп қызмет етіп, өнеге көрсеткен адам. Биік адамгершілік қасиеті мәңгі есімізде. Оның жарқын бейнесін ұмыту мүмкін емес. Біздің міндет – батыр есімін тиісті деңгейде ұлықтау.
Жұпар СҮЛЕЙМЕНОВА,
батыр Мүтәш Сүлейменовтің қызы.
СУРЕТТЕ: Мүтәш СҮЛЕЙМЕНОВ Ұлы Отан соғысының ардагері,
майдандас досы Зайрулла НЫҒМАТУЛИНМЕН бірге.
9 мамыр, 2006 жыл.