Тұлға

Тұлғатану тамыры

Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрсахан Ахметқызы БейсенбековаНЫҢ 70 жасқа толуына орай «Тарих ғылымдарының өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Қарағанды университетінде археология, этнология және Отан тарихы кафедрасында доцент болып ұстаздық қызметін ғылыммен ұштастырып келе жатқан, бүгінде «Тұлғатану» ғылымизерттеу орталығының директоры Нұрсахан Ахметқызы мыңдаған шәкірт тәрбиелеп шығарды. Облыс әкімдігінің өкілдері, еліміздегі және шетелдегі тарихшылар, жоғары оқу орындарының жетекшілері мен профессор-оқытушылар, мектеп мұғалімдері қатысқан Zoom платформасында өткен бейнеконференцияға тіркелушілердің көптігі – соның бір айғағы болса керек.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің: – Осынау ғибратты ғұмырыңызда, мыңдаған азаматқа тәлімтәрбие бердіңіз, білімдерін еселеп, біліктілігін арттырдыңыз. Санасына адамгершілік, ұлтжандылық сынды асыл қасиеттерді дарытқан шәкірттеріңіз бүгінгі күні ел мүддесі үшін игілікті істер атқарып жүр. Бұл сіздің ұстаздық еңбегіңіздің жемісі. Шығыс ғұламасы Жүсіп Баласағұнның «адамда жақсы қасиет болмаса оған бақ та, бақыт та қонбайды» деген тағылымды тәмсілі бар. Демек, бақ пен бақыт сіздің дара тұлға ретіндегі адами қасиеттерініздің айшықты айғағы. Еліміздегі беделді жоғары оқу орнының бірі – Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығы жұмысының жүйелі жүруі сіздің ерен еңбегіңіздің белгісіндей. Байыпты қалпыңыз, тұлғалық таным өреңіз, ұстаздық ұлағатыңыз, бітім болмысыңыз, парасат-пайымыңыз бізді үнемі тәнті етіп келеді. Сол үрдістің әлі де жалғасын таба беретініне сенімдіміз. Қарағандының рухани ортасы ғылым мен ұстаздықты қатар ұстап, ұлт ұлағатын тереңдетуге үлес қосып жүрген сіздей тұлғаны мақтан тұтады. Аса қадірлі Нұрсахан Ахметқызы, осы қуанышты күнде зор ықыласпен құттықтай отырып, сізге мықты денсаулық, ұзақ өмір, еліміздің баянды болашағы жолында атқарып жатқан еңбегінізге мол табыс тілейміз! – деген құттықтауын орынбасары Абзал Нүкенұлы жеткізді. ҚарУ ректоры Нұрлан Дулатбеков Нұрсахан Ахметқызына Білім және ғылым министрінің құттықтау хатын табыстады. Сонымен қатар, мерейтой иесі Тарихшылар қауымдастығы медалімен марапатталды.

Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы Құдайберген Бексұлтанов, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын, мерейтой иесінің шығармашылығына, ғылыми жетістіктеріне жоғары баға беріп, ақжарма тілектерін арнады.

Әріптесін құттықтаған профессор, тарих ғылымдарының кандидаты Әлімжан Нұғманұлы 1970 жылдары Қарағандыға келіп, осы өнірдің ғана емес жалпы қазақ тарихына түрен салған Нұрсахан Ахметқызының еңбексүйгіштігін, әл-Фарабидің 1150, Абайдың 175 жылдығына арналған, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан шараларда ізі барына тоқталды.

«Тарих ғылымдарының өзекті мәселелері» атты конференцияға баяндама даярлап, алғашқы болып сөз алған тарих ғалымдарының докторы Мақсат Алпысбес Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, тарихшы-ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш теміржол инженері М.Тынышбаевтың шежіре деректеріндегі қазақ мемлекетшілдігі туралы зерттеуін айта келе, Ташкент қаласында 1923-1924 жылдары небары үш саны ғана жарық көрген «Сана» журналында басылған Мұхамеджан Тынышбаевтың шығармаларының маңыздылығына тоқталды.

Жас ғалымдарға үлгі ғана емес, тәлім-тәрбие беріп жүрген Нұрсахан Ахметқызының болашақ тарихшыларға берер ұлағаты әлі де жеткілікті. Оған конференция барысында көз жеткізе түстік. Мысалы, қазақтан шыққан ұлы тұлғалар мен ұлт қайраткерлерін ұлықтап, Алаш мұрасын зерттеп жүрген жас дарын, Алматы облысы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі «Жобаларды жоспарлау және дамыту» бөлімінің басшысы Елдос Тоқтарбайұлы өзінің ғылымитәжірибелік конференцияға арнап жазған баяндамасы «Ақиқат» журналына басылатынын айтты.

– Нұрсахан апай көптеген шәкірт тәрбиелеп шығарды. Тек өз түлектеріне ғана емес, тарихқа ден қойған жас зерттеушілерге өз білгенін айтудан жалықпайды. Менің де ол кісіден үйренерім көп, – дейді Елдос Тоқтарбайұлы.

Ал, Қарағанды университеті тарих кафедрасының түлегі, Германияда тұрып жатқан ғалым Андреас Буллер де мерейтой иесін құттықтады. Оның да қаузап жүргені әлем тарихы. Баяндамасында «тарихты адам өзі жасайды» деген ғалым, антропология, этнография, археологияның тығыз байланысты екендігін жеткізді.

Бұдан жүз жыл бұрын жарық көрген «Turk Urdu» журналындағы Тұран мен Шыңғысхан туралы романның әлі күнге дейін өзекті екендігін айтқан тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Сергей Селиверстов Түркі әлемінің тарихын тасқа басқан Акчуриннің еңбегі енді ғана қолға алынып, оқытылып жатқаны туралы сөз қозғады.

Жоғары денгейде өткен ғылымитәжірибелік конференцияға арнайы жазылған баяндамалар кітап болып жарыққа шықпақ.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button