«Ислам бейбітшілікті сүйеді»

«Дін – ғылымның атасы» деп жырлап еді Мұқағали ақынымыз. Өйткені, қасиетті Құран кәрімде айтылған көптеген дүниелер кейін ғылыми түрде дәлелденді. Дін мен ғылым – егіз. Дін арқылы келсек ғылымды табамыз, ал ғылым арқылы келсек дінді табамыз.

Мұсылман діні бауырмалдық пен мейірімділікке, еңбексүйгіштік пен адалдыққа, адамгершілікке баулиды. Ол ешқашан адамдар арасына іріткі салуға қызмет еткен емес. Егер, сондай жағдайлар орын алып жатса, ол дінді жете түсінбегендіктен дер едім.

Өйткені, асыл дініміз ғылыммен тамырлас, оны ешқашан жоққа шығарған емес. Тек, адамға пайдалы ғылым болса болғаны.

Кезінде ғылымның түрлі саласында жаңалық ашқан әлемге әйгілі ғалымдардың өмірі қасіретпен аяқталғанын білеміз. Ол діндер ғалымдардың көз нұрын кетіріп, жаратылыстың тылсым құпиясын ашқан жандарды шайтанның жетегінде кетті деп айыптады. Ал, мұсылман дінінде мұндай ғылым-біліммен айналысып, елді ізгілікке бастайтын ғалымдарды ешқашан бөліп-жарып немесе тиым салған емес. Өйткені, олар да Алланың қалауымен сол ілімі арқылы кейін дінге келіп, мұсылман атануы мүмкін. Тіпті, иманы күшті тақуа да болуы ықтимал. Сондықтан, намаз оқымайтын адамды кемсітуге, оған жаман көзбен қарауға хақ исламда орын жоқ. Керісінше, оны тура жолға шақырып, діннің пайдасын түсіндіру керек. Сонда оның көзқарасы өзгеріп, хақ жолды таңдары анық.

Ал, енді мұсылман баласының бойтұмары болған Құран кітапты оқып, бойымызға сіңіру, оған амал қылу – әрқайсымызға парыз. Оны бізге дейінгі ғұлама-ғалымдар мен әуле-машайықтар да оқып, шариғи ұстанымдармен өмір сүрген. Ешкімге қиянат жасамай, өтірік-ғайбат айтпай, таза жүріп, таза тұрған. Соның арқасында жаман болған жоқ. Уақыттың қадірін білді, соңына өшпес мұра һәм азаматтық үлгілі өмір сүру дағдысын қалдырды.

Ал, Құраннан басқа киелі үш кітапты Ислам діні жоққа шығармайды. Алайда, мұсылман діні өзге 3 киелі кітаптың өзгеріске ұшырағанына байланысты, оларды оқуды құптамайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.у) да Інжілді оқып отырған бір шәкіртін көргенде, «Саған Құран кәрім жетпей ме?» деп ренжіген кейіп танытқан екен. Сондықтан, осыған сақ болғанымыз жөн. Ал, Құранның бірнеше ғасырдан бері бірде-бір әрпі өзгермеген Алланың сөзі екені хақ. Сондықтан, оқығымыз келсе, осы кітапты оқыған жөн.

Десек те, біз өзгелердің сеніміне құрметпен қараймыз, оларды жоққа шығармаймыз. Бәрімізді жаратқан бір Алла тағала. Ал, сенім әртүрлі болуы мүмкін. Кезінде Осман империясы сынды алып державаларда соғыс кезінде де шіркеулер жұмыс істеп тұрған. Жаулап алған жерлерінде шіркеулердің жұмысына шектеу қоймаған. Осман империясы дәуірінде мұсылман дінін бекем ұстанғанын тарихтан білеміз. Бірақ, өзге дінге құрметпен қарауы біздің сөзімізді дәлелдейді.

Қарағанды облысы аумағындағы өзге дін өкілдерімен де тату өмір сүрудеміз. Қоян-қолтық араласпасақ та, мерекелерінде құттықтау хатын жіберіп, шақырса барып, қарым-қатынас жасап тұрамыз. Олар да біздің Құрбан айт сынды діни мейрамда құттықтап, келіп жатады. Жиындарда бас қосып, пікір алысамыз.

«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деп Абай атамыз айтқандай, Ислам – бейбітшілікті сүйеді. Сондықтан, аймақтағы барлық дін өкілдерімен рухани келісімде, жұмыла жұмыс атқарамыз. Қандай амал жасасақ та, ниетке байланысты. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, сөз құдіретін сезініп, қысқа ғұмырда сыйласып өмір сүрейік.

Ысқақ қажы ӘБДІРАХМАН,

Күнгей мешітінің бас имамы.