Руханият

Адамды адам еткен – кітап

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Жарлығымен 16 наурыздан бастап ел аумағында төтенше жағдай жарияланған еді. Пандемияға ұласқан COVID-19 індетінен сақтану үшін Сәтбаев қаласының орталық кітапханасы да елімізде төтенше жағдай жарияланған күннен бастап өз оқырмандарын қабылдауды тоқтатты. Алайда, адамдардың рухани сұранысы мен қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында онлайн кездесулер үнемі өткізіліп келеді. Осындай іс шаралардың бірінде жас ақын Абай ОРАЗ «Поэзия әлемі» атты инстаграм парақшасында онлайн сұхбат берді.

Төтенше жағдай кезінде кітапхана ұжымы оқырмандарға электронды кітаптар ұсынып келді. Осы тұста көпшіліктің кітап оқуға деген құлшынысының анағұрлым артқандығы байқалды. Кітапхана – кітап пен оқырман арасындағы алтын көпір екендігі осыған дәлел болса керек.

Поэзия әлеміне өзіндік үнімен келген талантты жас ақын Абай Амангелдіұлы өзінің өмір жолы, шығармашылығы туралы мәліметтермен бөлісіп, жүректен шыққан жыр жолдарын тарту етті. Ол өзінің «Бебеу» жыр жинағын қалың оқырман қауымға таныстырды. Сергек сана, парасатты пайыммен жырлайтын шайырдың қазақы қасиеті аңқыған қай туындысы да көпшіліктің жүрегіне жылы тигені анық. Сондай-ақ, іс-шара барысында Ұлы Жеңістің 75 жылдығы орай қалам мен қаруды қатар ұстаған жазушыларымыздың шығармалары жайлы бейнероликтер көрсетілді. 15 мамыр халықаралық отбасы күні қарсаңында «Тағдыр. Тауқымет. Тағылым» атты кітаптың авторы Ләззат Жұмановамен онлайн кездесу кеші өтті. Автор бұл туындысында анасының тауқыметке толы тағдыры, сан қилы бастан кешкен қиындықтары мен отбасы үшін істеген ерлігін баяндаған. Кездесуде оқырман қауым әйел, ана тағдыры жайлы ой бөлісіп, сұрақтарын қойды.

Азаматтар қандай күрделі кезеңде де өздеріне рухани нәр мен азық ала білуі қажет. Әр бастаманың өзіндік қиыншылығы болғанымен, қолға алынған істің нәтижесі де соғұрлым жоғары болмақ.

Айжан САРИНА,

Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі.

Сәтбаев қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button