Руханият

Рух пен намыс байрағы

Кітап деген – рухани азық кені. Адам баласының жетістікке жетуіне себепші болатын да осы қасиетті кітаптар. «Ғылым беделге тоқтамайды, дәлелге тоқтайды» демекші, барлық ұлы ғұлама, ойшыл, данышпан ғалымдар да жетістікке кітап арқылы жеткен. Қандай кітап болмасын тереңіне үңіліп, жүрекпен сезініп, керек ақпаратты пайдамызға жаратқан дұрыс.

Рухтандыратын, намысыңды тулататын кітаптардың маңызы зор. Соның бірі де бірегейі жақында қарағандылық авторлар – Т.Аршабеков, Ж.Жұмабеков, А.Жұманованың авторлығымен шыққан «Арқа батырлары» кітабы десе болады. Бұл кітапта өлкемізден шыққан қазақ батырлары жайлы толымды ақпараттар жазылған.

Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен, елін жаудан қорғаған қазақ батырларының қайтпас қайсар ерліктері мен ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған, ұлтының тұтастығын, жерінің бүтіндігі жолында жандарын қиған ерлеріміз жайында тарихи мәліметтерге сүрініп-жығыласыз бұл еңбектен.

Жоңғар шапқыншылығы кезінде өзі де сөзге тоқтаған, өзгені де сөзіне тоқтата білген қазақ батырларының ұрыс аланыңда топ жарғандығы, алғырлығы мен тапқырлығы, шапшаңдығы мен ерліктері, жанын шүберекке түйгені жайында қызықты мәліметтерді оқып, рухтана түсесің, өзің бір ұрыс майданында жүргендей күй кешесің. Көз алдыңа бабалардың жүріп өткен сара жолдары елестейді.

«Қоянды қамыс, Ерді намыс өлтіреді» демекші, қазіргі жігіттер батыр бабаларының тұлғасын, ерлігін дәріптеуі керек. Батырларымыз сияқты өр мінезді, жауапкершілігі бір төбе, намысты бола білуі үшін де қазақ батырлары туралы керекті мағлұматтар жинақтап, өткен тарихын, әдебиетін білуі парыз. Өсер елдің баласы екендігімізді дәлелдеу үшін осы бабаларымыздан үлгі алып, текті елдің ұрпағы екендігін ұмытпағаны абзал. Қандай заман туса да, тектіліктің тұғырын биік ұстағаны болашақ ұрпақ үшін де маңызы зор. Сөйтсе, қазақ жігіттерінің бойына қанмен дарыған тектілік сөнбек емес, сөнбейді де. Батырлық пен қайсарлық, ар мен намыс жолында қиып түсер алмас қылыш сынды өрлігімен әлемді бағындыра бермек.

Қазақ болып туғанына мақтанасың, кеудеңді мақтаныш сезімі билеп, менің ата-бабаларым текті болған деп масаттанасың. Қол бастайтын батыры, сөз саптайтын шешені, әділдігін айтар қазыналы қарттары мен билері, болашақты болжайтын жыраулары, жүрекпен жырлайтын ақыны мен қаламгер жазушылары, ғұлама ғалымдары, майдангер ержүрек ұлдар мен қыздары бар Қазақ елінің азаматы болғанымызға мақтанамыз. «Арқа батырлары» кітабын оқып отырып, бойымыздағы қан осылай тулады.

Көкіректегі сезімдерді оятатын, рухтандыратын, намысымызды оятатын, тағылымы терең кітаптардан алар рухани азығымыз көп болғай.

Гүлдана ЖАРКЕЕВА,

Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың кітапханашысы.

Басқа материалдар

Back to top button