Руханият

Көптің анасы

Бүгінде атақты болатшы Қуаныш Омашевты екінің бірі біледі. Білгенде Елбасымыздың үзеңгілесі, үзеңгі досы деп біледі.

Мен де білемін. Білгенде тұтастай болатшы әулеттерінің тәлімгері ретінде білемін. Соған орай асыл аға жөнінде қалам тербесем дегем. Алайда, соның жөні келе қоймапты. Әңгімеміз алғашқы арнасынан бұрылып Елбасымызбен достығына ауыса беріпті. Осы жолы басқаша болар деп ойлағам. Екеуден екеу отырмыз.

– Өзіңіз жөнінде айтсаңыз, кейінгіге үлгі қылып қалдыралық, – деймін әңгімені алыстан орағытып.

– Жанымда жүргеніңе біраз уақыт болды. Мені білетіндей болдың ғой. Үлгі қыларлық жандар аз емес. Айтсақ айталық…

Содан ағамыз ақтарылсын. Кеудеге жиналған бір ұлы сағыныш арнасынан асып жатты. Аналарға деген… Жеңгелерге деген…

Солардың арасында Сара Есімғалиқызының есімін ұстап қалайын. Өйтетінім апайымыздың туған бауыры Ерғалы Есімғалиев ағамыз мына Шет, Ақадыр аудандарында басшы қызметтерде болды. Саламыз басқа болғанымен ағалы-інілідей араласып тұрдық. Көшелі ағаларымыздың бірі болатын. Ең бастысы Сара апайымыз менің бауырым Айбол Бидайбековтің анасы еді…

Айбол бауырымыз жол саласының маманы. Ел, бірақ Айболды руханиятымыздың жанашыры, қолдаушысы деп біледі. Мен болсам оның желтоқсаншы екенін де білемін…

– Жеңгем де сол кісі, анам да сол кісі…

Енді мен аңтарылайын. Қалай түсінсем екен деп.

– Көптің анасы! – деп нықтап қойды ағамыз…

– Уақыттың өзі тудырған аналар!..

Мұнан шығар қорытынды маған да жеңіл соқпады. Менің де арқамды бір аяз қарып жүре берген. Өйткені, менің анам да осындай бір баз кешкенді. Соғыстан кейінгі кез ғой. Өзімізді осылай жұбатқанымызбен соғыс әлі қазақ даласында жүріп жатқан. Әкелеріміз қан майданнан оралмай жатты. Қайсыбірі елуінші жылдардың басында оралыпты. Осы аралықтағы ауыртпалықтың барлығы аналарымыздың мойнында қалған ғой. Әйел баласына жесірлік келді, жас өскінге жетімдік келді. Алайда, сол жесірлер жетімдікті білдірмеді. Бірінің баласын бірі бақты, асырап жеткізді.

Ел ол кезде тірі ақша көрмеген. Еңбеккүн деген болған. Онысы айтарға ғана. Осыдан кейін өмір сүріп көр.

Сара анамыздың маңдайына жазғаны Жасұйым Бидайбекұлы. Бөтені емес. Ағасындай болған жан. Ағасы Әлғазының жан жолдасы еді. Бұл кісілердің шаңырақ көтеруіне сол ағасы себеп болыпты. Қарындасының барған жерінде жыламайтынына сенімді болған ғой…

Сөйткен қосағы араға жыл түспей жатып-ақ әскер қатарына кете барған. Ол кездің әскері төрт жыл болатын. Сонда бәленбай жанның тіреуін, сүйеусінін әскерге алғанда не ойлады екен бұл үкімет дейсің. Сонша жанды кім асырамақ? Жұмыста ең құрығанда біреуі болса ғой. Соған қарамастан өмір тоқтап қалған жоқ.

Бұл кісілердің елін Айтбай, Жемет деп бөлмей айтады. Еншісі бөлінбеген аталар. Жеті атасы толса да қыз алыспаған. Он атасын толтырып алса да кәдімгідей сөз болып жатар еді.

Осы Айтбай атасының сүйеусіні Ақадырда ұзақ жылдар мұғалім болып істеген Нұрмағанбет Әрінұлы ағамыз еді. Аталас он сегіз топты жанның тілеуі сол кісінің үстінде еді. Ол кісінің құдайы қосағы Зура тәтеміз де көптің анасы еді. Келіп жатқандардан ештеңе дәметпеді, кетіп жатқандарға себет ұстатып жататын.

Жан сақтаудың жолы сан тарау екен. Құлықты келінінің бейімін байқаған Нұрекең тігіншілік оқуын бітіруіне ықпал жасады. Тігіншілік артеліне ілігіп, табыс тапты. Отағасы Жасұйым да оралып, бұлар да бойларын тіктеген.

Бұлардың тұрған жері теміржол еді. Ондай жерде нәпақа бар. Жасұйым ауылда өскеніне қарамастан Ақадыр депосына қаңылтыршы болып кірген. Басқа жұрт бұл жұмысына шүкірлік айтқандай болса ол барша жұмысты өзі тауып жүрді. Ауыр демеді, жеңіл демеді. Көп ұзамай теміржолшылардың қосалқы шаруашылығының тізгіні басқаға емес, нақ осы Жасұйымға тапсырылғанда ел жас жігітке басқаша қараған.

Ел ішінде Жаскен аталған ағамыз мұнан былай Нұрмағанбет әкесінің орнын басамын деп әсте ойламаған болар. Кетер кеткенше осы жұмысында болды. Сол жұмысында жүріп ел қатарына кірді, ағайынның ұйыстырушысы болды, ауылын да ұмытпады. Ал, Сара анамыз болса Зура тәтеміздің орнын басқан.

Дүниеге бес ұл, үш қыз бала келіп, әлеуетті отбасыға айналған. Қайындарының отау құрып, қара ормандай өсуіне ұйытқы болған. Айтып отырған Қуаныш ағамыздың өзі «жеңгеңді мен таңдадым, қалғанын Сара тәтем жасады» деп отырса қалай сүйсінбессің.

Және Қуаныш ағам айтады:

– Әжем Майса адуынды, әділ, тік адам еді. Соған орай келіндері аяқ ұшынан жүрер еді. Сөйткен әжем Сара тәтеме келгенде аузына су іліп алғандай тіл-ауыздан қалатын…

Бұл орта, аналардың ортасы жатқан бір тәрбиенің кенен байлығы еді. Ертеде аталастары, кәдімгі белгілі жазушы Рымқұл Сүлейменов қысқы демалысқа келмей ме. Сонда айтып отырған Майса әжеміз «Үшкөздің баласы келді, сыбағасын беріңдер» деп елдің басын қосып, дастарқан көтертпей ме. Үшкөз дейтіні Рахаң әкесінің маңдайында меңі болыпты. Сонда Рымқұл ағамыз небары 9 жаста ғана екен. Міне, тәрбиенің көкесі!

Кім болса да жазудан ешкім де қашып құтылмаған. Жасұйым әкеміз елуден асқан жасында бақилыққа озды. Жаңа ғасырдың басында Сара тәтеміз де келместің кемесіне мінді.

Одан берменде де жиырма жыл озыпты. Соған орай балалары, сол балаларының үлкені Қуаныш ағамыз бастап, Сағындық, Сүйіндік, Айбол, Ербол, Бақытжан бауырларым қоштап құран оқытып, дұға бағыштап құдайысын беріп жатыр.

Осы құдайы маған аналарға беріліп жатқан құдайыдай көрінді.

Өйткені, менің көз алдымда Майса, Рысжан, Бибігүл, Зура, Төлеу, Сара, Дәнім, Бану, Алтын, Айгүл, Гүлбақша сынды апайларымыз тұра қалды.

Әкелер рухы алқап жүрсін!

Аналар рухы шапағатты болсын!

Төрехан МАЙБАС,

жазушы.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button