Руханият

Қайта түлеу немесе қазақ вальсі…

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерекБұған ұйқасты өлең сөз керек»

ШӘКӘРІМ.

Басы мен аяғы тұтас ұйқасып жатқан осы өлең жолдары қазақ даласына ШӘМШІ әндері келген аралықты айнытпай сипаттайтын сияқты. Бүгін – әнұран авторының бірі ШӘМШІ АТА туған күн екен, жарықтық.

Қазан төңкерісінен кейін қазақ барынан айрылды. «Талауда малы, қамауда жаны» қалды. Аштықта қырып, арысын атты, тігерге тұяқ қалдырмай, аттан түсірді. Серілік құрып, ән салу былай тұрсын, домбыраға мұң шаққан күйші атаулы атылып кетті. Қазақ аттан түскен соң адам болудан қалу керек еді. Біржола сынып біту керек еді. «Сендер мәдениет жасай алмаған, малдан басқа түк көрмеген мешеу халықсыңдар» деген жосықсыз тұқыртулар. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталса да, ел ішін өзгеше ойлай білетіндерден «тазарту» тоқтамады. Аттан түсіп, қара жаяу қалса да, можантопайлықпен қалалық кепке көшіріле бастаған азғантай ғана қазақтың рухының өзі өзгеше өріс іздеді. Бұрынғы бар игілік толық ұмытылып кетпегенімен, қайта оралу жоқ еді. Қайткен күнде де жаңаша түлеу керек еді. Қазақтың даласы да, қаласы да. Осы кезде Шәмші туындылары аспандап берді. Бұған дейін тұншықтырылып, көмейге келсе де шығармауға мәжбүр болған ішкі дауыс халықтың жүрегінен Шәмші боп шыға келді. Ұлы Әуезов бір сөзінде айтпақшы, бұрынғы Ақан, Біржан, Жаяу Мұсалардың жалғасы. Оған дейін ол дауыс ХХ ғасырдың басында Әміренің көмейінен шыққан-ды. Соғыстан кейін қазақ аспанында Шәмші болып шырқады. ХХІ ғасырдың басында Димаш Құдайбергенге айналды. Осыдан ондаған ғасырлар бұрын Отырарда туып, әлемде тұңғыш рет музыкалық ғылыми еңбек жазған әл-Фараби дүние есігін қазақ топырағында ашпағанда, сол Отырарда Шәмші тумағанда, Димаш та жоқ еді бізге. «Шөп те шығатын жеріне шығады»! Бір замандарда өзімізге бодан болған жұрт кеше бізді «бұратана, халық жауы» атандырып еді. Есін жиюға айналған сол ұлттың қабілетін қараңыз. Қазір Димаштың дауысына әлемдегі өркениетті елдердің бәрі тәнті. ХХ ғасырдың басынан бүгінге дейін қыстығып келген бұл дауыстың қасиетін былай ғана түсіндіруге болады:

«Ғасырлар бойы тұншыққан дауыс – бұл дауыс!
Ғасырлар бойы қыстыққан дауыс – бұл дауыс!
Кремльден асып, жеткені сол ед Бруклинге,
Кеңірдек созып, күңк етті қайта жүз жауыз.
Арқалап жүрген Алаштың асқақ арманын
Шу-шұрқан қылып шулатты ол орыс орманын.
Мың жылдан кейін оянды қайта рухым
Жаңқа көрмеген Қытайдың Ұлы Қорғанын!
Естілмей келген қазақтың даусы – бұл дауыс!
Естілмей келген азаптың даусы – бұл дауыс!
Жеті қат жерден жеті қат көкке жеткенде,
Сөйлеп бір қалды екі октавалық қызғаныш…
Көзайым ұлдың көрінсе болды төбесі,
Өзеуреп тегі қоймайды жоқтар өресі.
Жүз жылда туар бір жұлдыздарын осы жұрт.

Жүз күнде түтіп тастауға дайын, о несі?» (Дәурен Берікқажы, «Бельканто». Димаш Құдайбергенге).

Ән деген халықтың жүрегі. Халықтың өзі, жаны, қаны, нәрі мен ары, айналып келгенде бары, осының бәрі. Шәмші бір естелігінде «ән туған соң, оны жазады-ау деген автор табам да, мәтінінің мағынасы мынандай болу керек деп айтамын» дейді. Бұл – ең ұлы қасиет білгенге. Қазақ кейде ән айтамыз демей, өлең айтамыз дейді, қазір ұмытыңқырап бара жатқанымызбен. Сол өлеңің – ән, әнің – әуен мен сөз, өлең.

«Той басталды Отырарда,
Сұлу Сырдың бойында.
Кеудесінде оты жанған
Қызылқұмның қойнында.
Аңыздарда аты қалған,
Талай ақын толғаған –
Осындай той Отырарда
Бұрын соңды болмаған»

Бұл – Алаштың көзі, Шәмшінің өзі емей кім? Аңыздарда ғана қалған, кейін талай ақын толғаған, Шәмші ән қанатында қалықтатқан халықтың, хандық құрған, империя болған елдің кеудесіндегі оты өшпеген. Күйдіріп барады. Әнімен тыңдаңыз нанбасаңыз. «Е-е-ей» деп басталғанда, жер танабын қуырардай рух шақырады ән.

«Елу тоғызыншы жылы қазақтар: «орыстар біздің жерімізді алып қояйын деп жатыр. Терістіктегі (солтүстіктегі емес – терістіктегі дейді, Ж.Ә.) бес өңірді Целинный край етіп, Ресейдің қарамағына қосып алмақшы» деген соң, елге патриоттық ұран тастау үшін ҰРАН ӘН жаздым» дейді ұлы Шәмші. Жазғанының ҰРАН ӘН (әнұран) екенін өзі айтып тұр. «Оның сөзін жазған қазақтың өте талантты ақыны Жұмекен Нәжімеденов. Радиодан жігіттерге күніне екі-үш мәрте бергізіп қоямыз» деп жалғастырады және. Міне, халықтың рухын көтеріп Жәнібек ӘЛИМАН, жіберу! Сөз авторын өзі таңдайтынын ескерсек, ұлыны тек өзіндей ұлы ғана таниды. Ұлы Жәмшид (Шәмші) пен Жұмекен осылай рух көтеріп жатқанда, дәл осы кезде Арқадан арыстан жүректі Жұмабек Тәшенев шықты! Жәмшид (Шәмші), Жұмекен, Жұмабек! Сол кездегі Алаш рухының алыптары. Халықтың жүрегінен орын алған бір-бір патша, бір-бір хан. Бұл ән гимнге туа сап айналғаны – Шәмшінің өз аузынан «ұран ән жаздым» дегені ғана емес, 1986 жылы 17 желтоқсанда алаңға шыққан қазақ жастары осы әнді шырқап кеткенінің бейнекөрсетілімдері бар бүгінде.

Жазбамыздың басында Шәмші аттан түсіп қалған отырықшы қазақ рухын аспанға көтерді дегенбіз. «Қазақ вальсінің королі»! Бұл – оған халықтың берген бейресми атағы. Ұлы Даламызда оған дейін Қыпшақ биі болған. Мына кейінгі Қара жорғалар соны тектейді. Тәрізі, аттың үстіндегі биге көбірек ұқсайды ғой. Жер бетінің жарымын жаулаған Ұлы Қыпшақ хандығының атажұртындағы аттан ауып қалған қазақтың биін келістірген – осы Шәмші атаңыз. Әні – ұранға айналса, атына король анықтауышы таңылып отыр. Король ме, Қаған ба? Әр жағын өзіңіз сабақтай беріңіз…

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button