Руханият

Хакімге қойылатын ескерткіштің салмағы – 5 тонна 600 келі

Абайдың мерейтойында Абай қаласы тотыдайын таранып, сұңқардайын сыланып жатыр. Руханият әлемін толықтыруға бағыт алған сүбелі істерге мұрындық. Айталық, жаңадан қойылатын Абай ескерткіші. Қоладан құйылатын ескерткіштің салмағы – 5 тонна 600 келі. Биіктігі – 4,5 метр. Ескерткіш биіктігі тұғырымен бірге – 10 метрге жуық. Авторы – қарағандылық суретші Бейбіт Мұстафин. Тұғырының авторы – Владимир Троценко.

Былтырғы жылы сәуірде жарияланған республикалық конкурста комиссия сұрыптауынан өткен үш жұмыстың арасынан оқ бойы озып шыққаны осы екен. Абай ауданының ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қадыр Әшкеевтің айтуынша, байқауға республикадан 13 суретшінің 16 жұмысы келіп түскен. Оның арасынан аудандық комиссия 3 жұмысты мемлекеттік комиссия қарауына ұсыныпты.

– Ол үшеудің бірінің авторы – қарағандылық суретші Бейбіт Мұстафин, екіншісі – алматылық Нұрғалым Исабаевтың еңбегі, үшіншісі – қарағандылық Дәулет Ізбасаровтың туындысы, – деді Қадыр Әшкеев. Солардың арасынан Бейбіт Мұстафиннің еңбегін мемлекеттік комиссия бекітіп, қазіргі уақытта ескерткішті орнату жұмыстары қарқын алған. Алдағы қазан айында ашылады.

Ескерткішті құюға қажет 4 тоннаға жуық қола металды «Қазақмыс» корпорациясы демеуші ретінде беріп отыр.

Мәдениет үйінің алаңын архитектуралық абаттандыру эскизінің авторы қарағандылық архитектор Алексей Винтер.

Басқа материалдар

Back to top button