Баба кесенесі жаңғыртылады

Қарағандының іргесіндегі Жалаңтөс батырдың кесенесін қайта жаңғырту шаралары қолға алынды. Бүгінде Соқыр өзенінің бойында құрылыс жұмыстары қызып тұр.

 

Құлық Жалаңтөс батыр 1698 жылы дүниеге келген. Шамамен, 1771 жылы қайтқан. Қайтарынан бұрын денесін өзіне қарасты елінің теріскей шекарасына қоюды өсиет еткен екен. Ұрпағы батырдың сүйегін Соқыр өзенінің бойына жерлепті. Өзеннің «Соқыр» атануы да батыр есімімен байланысты. Жалаңтөс жанарына қадалған жау жебесін көзімен бірге осы өзенге тастапты. Содан су «Соқыр» аталған…

Батырдың басына саманнан кесене тұрғызылған. Уақыт өте ол құлаған. Үйіндісі қалыпты.

Кеңес уағында ұрпақтары батырдың басына тығылып барып, ескерткіш тас орнатты. Бұл – 1977 жылы болған оқиға. Одан өзгеге сұрқия саясат мүмкіндік берген бе?.. Бүгінде ақсақал жасына жеткен Құрал Рахымбеков ағамыз – сол кезде жас жігіт, тасты қою ісінің басы-қасында жүріпті. Ақсақалдың айтуынша, «Дала академигі» Зікірия Көпбаев қаржылық жағынан демеу көрсетсе, облыстық атқару комитетінде басшылық қызметтерде болған Әнуарбек Адамбеков, Құрметті шахтер Құдайберлі Адамбеков қара тасты жасату ісін ұйымдастырған.

Азаттық алып, заман кеңіген тұста ұрпағы бабасын іздеп шықты. 1995 жылы ұрпағы жиылып, кесенесін көтерді. Келесі жылында үш жүз жылдығын атап өтті.

Міне, арада ширек ғасыр өткенде ұрпағы шарапатты іске қайта оралып отыр. Кесенені қайта жаңғырту – ауқымды жоспардың бір бөлігі ғана.

Жақында арнайы қор құрылған-ды. Төрағасы – ел ағасы Мейірхан Тәтибеков. Балқаштағы журналист Қуандық Сәденов ағамыз да бұл істің бел ортасында жүр.

Қуандық ағамыздың айтуынша, қор жұмысы Жалаңтөс батыр мен Таңат баба тұлғасын айқындай түсуге, сол арқылы жас ұрпақты патриотизмге баулуға бағытталған.

Жұмыс жоспарында көрсетілгендей ендігі маңызды міндет – кесенені тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне енгізу. Яғни, «Қазақстанның киелі жерлері» картасына қосу. Қарағанды қаласынан, облыс аумағындағы елді мекендерден батыр есіміне көше беру де осы міндеттердің қатарынан орын алады. Сондай-ақ, тұлғалар тұрған қоныстар бойынша экспедиция ұйымдастырылып, деректі фильм түсірілмек. Энциклопедия материалдарын жинақтау жұмыстары жүргізілуде. Бұйыртса, алдағы жақын уақытта жарық көруі тиіс.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.