«Тілден асқан байлық жоқ»

Қай заманда болмасын тіл аса қадірлеп ұстайтын басты байлығымызға айналып келді. Ең асыл құндылығымызды қадірлей отырып, өзге тілге құрмет білдіруіміз керек.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Ана тілі» газетінің Бас редакторы Жанарбек Әшімжанға берген сұхбатында: «Осы отыз жыл ішінде қазақ тілін дамытуға қатысты ештеңе істелген жоқ деуге болмайды. Туған тіліміздің қолдану аясын кеңейту үшін көп жұмыс атқарылды. Оған дау жоқ. Мұны сырт көз сыншылар да айтып жүр. Бірақ олардың кейбірі мұндай үрдіске аса қуана қоймайды. Өйткені енді қазақ тілінің дамуын тежеп, ел ішінде кең өріс алуын тоқтату мүмкін емес екенін сезеді. Тілдік проблеманың үлкен саяси мәні мен маңызы бар» деген екен.

Қазақ тілінің мерейін арттыру үшін алдымен мемлекеттік қызметтегі адамдардың тілді жетік меңгеруін қадағалау қажет. Халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымды тұлғалар болғандықтан, олар жиындарда мемлекеттік тілде сөйлеп, пікір алмасатын дәрежеде болуы тиіс. Өйткен, қоғам қазақ тілінің қажеттілігін мейлінше сезінбесе, тілдің деңгейі соғұрлым төмендей береді. Қазіргі таңда қазақ тілінде сөйлеуді мақтаныш тұтатын жастардың қатары артып келеді. Тілімізді тіршілігіміздің түп қазығына айналдыру – әрбір азаматтың парызы.

Жаңбырбай ҚАҒАЗБАЕВ,

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

шет тілдері факультетінің доценті.