Рухани жаңғыру

Әнге айналған Ғалия

Қазақ тарихында махаббат символына айналған ғашықтар аз емес. Солардың бірі – Балуан Шолақ пен Ғалия жұбы. Балуан әнге қосатын Ғалия Жаңаарқаның тумасы екенін де кейбір жерлестеріміз біле бермес. Сәрсенбі күні аудан орталығында Ғалия ТІЛЕУҚЫЗЫНЫҢ ескерткіші ашылды.

Ескерткішті орнатуға Ғалияның інісі Мұқатай Төлеутайұлы бастама көтерді. Өз қалтасынан 1 миллион теңге де берген. Ал, қалған қаржыны Қалыбек руының азаматтары көтеріп алған. Шетелдердегі туған-туыстар да бұл игі істен шет қалмапты. Жалпы, ескерткішті тұрғызуға 4,2 миллион теңге қаражат жұмсалған. Былтыр мамыр айында құрылыс жұмыстары жыл өте аяқталып отыр.

Ескерткіштің ашылу салтанатына жергілікті билік өкілдері де қатысты.

– Бүгін біз Жаңаарқаның қасиетті жерінде тағы бір ескерткіш ашамыз. Бұл – «Ғалия» әнінің кейіпкері Ғалия Тілеуқызының ескерткіші. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Әр өңірде есімдері ел есінде қалатын ерекше тумалары бар. Мұның бәрін жас ұрпақ білуі керек» деген еді. Бүгінгі іс-шара – Елбасы тапсырмасы жүзеге асырылып жатқанының жарқын көрінісі. Ескерткіш «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында салынып, біздің өлкеміздің көркін арттыра түсті. Әпкесі Ғалияны дәріптеген Қалыбек руының ұрпақтарына үлкен алғысымды білдіргім келеді, – деді Жаңаарқа ауданы әкімінің орынбасары Қанат Қожықаев.

Салтанатты шарада сөз алғандар Ғалия Тілеуқызы туралы ғибратты әңгімелердің тиегін ағытып, ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.

Ескерткішті ашу құрметіне аудандық мәслихат хатшысы Қуат Имантүсіпов, ауыл ақсақалдары – Мұқатай қажы Төлеутайұлы, Мұхамеджан Тілеухан және Хамзе Сәтжанов ие болды. Салтанатты рәсімнен кейін жиынға қатысушылар ғашықтар рухына тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Әсем ән жиынның сәнін келтірді. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалым Мұхамедин, әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай және дәстүрлі әнші Ержан Базарбеков әннен шашу шашты.

Ғалия Қалыбек руының Тілеу Ақмолда есімді байының бәйбішесінен туған. Балуанмен Қараөткелде қымыз саудасымен айналысып жүргенде танысады. Екі жастың көңілдері жарасқанымен, бірге болу маңдайларына жазылмаған еді. Балуан жаламен түрмеге түседі. Тағдырдың тәлкегіне түскен жігіт ғашығын әнге қосады. Бүгінде «Ғалия» әні ел аузында жүр.

Өз тілшімізден.

ЖАҢААРҚА ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button