Руханият

Үздік атанған – Перизат

Академик Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың физика-техникалық факультетінің түлегі Перизат ЖАҢБЫРБАЕВА «ТМД үздік студенті – 2020» жобасына қатысып, жеңімпаз атанды. Байқауда Өзбекстан, Ресей Федерациясы, Беларусь және басқа да елдердің жоғары оқу орындарынан мықтылар бақ сынаған.

 

Жас ғалымдардың үздік жобаларын анықтап, студенттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту – байқаудың негізгі мақсаты еді. Осы мақсат жолында жобаны ұйымдастыруға ««Бөбек» жалпыұлттық қозғалысы мұрындық болыпты.

Перизат 2019 жылы республикалық «Үздік студент – 2019» байқауында топ жарған. Есімі «Жас қыран» республикалық талантты студенттердің ІІІ-ші кітап-жинағына енген. Қазіргі таңда ол Бұқар жырау ауданына қарасты Жастар ресурстық орталығының маманы болып қызмет атқарады. Сондай-ақ, аудан бойынша «Birgemiz bilim» бағытына жетекшілік етіп келеді.

– Жобаның басталғанын «Бөбек» жалпыұлттық қозғалысының әлеуметтік желідегі парақшаларынан көрдім. Содан, PhD докторы, доцент Жанар Қамбарованың жетекшілігімен байқауда бағымды сынап көремін деп шештім. Бұған дейін жетекшіммен көптеген аймақтық, республикалық конференцияға қатысқанмын. Барлық жеткен жетістіктерімді жинақтап, аз уақытта құжаттарымды ұсындым. Нәтижесінде, еңбегіміз еленді, – дейді Перизат Амангелдіқызы.

Байқау жеңімпаздарының есімдері «Халықаралық Талантты Жастардың Энциклопедиясы» ІІ кітап жинағына еніп, медальдар мен дипломдар табыс етілген.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button