Руханият

Күйден дауыл тұрғызды

Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Ұлттық домбыра күніне орай, жас күй орындаушылары арасында «Даламыздың үнісің сен, домбыра» атты шығармашылық онлайн-байқауын өткізді. Оған аймақтың аудан, қалаларынан жас домбырашылар қатысып, бақ сынасты.

Байқау шарттары бойынша алдымен шығарма орындалған сапалы бейнежазба (ұзақтығы 2-2,5 минут болатын күй, этюд, басқа да музыкалық шығарма) ұйымдастырушылардың электронды мекен-жайына жолданған. Бейнематериалдар байқауды өткізушілер белгілеген уақыт аралығында қабылданып, іріктелді.

– Облыстың 12-16 жас аралығындағы 35 әуесқой және кәсіби күйші өз шеберліктерін көрсетуге тырысты. Жас өрендер қазақтың көне күйлерінен бастап, қазіргі заманғы туындыларға дейін шебер орындай алатындарын байқатты. Арқаның күйшілік мектебі елімізге мәлім. Солардың сара жолын жалғаған өскелең ұрпақ өкілдері де бабалар аманатына адалдықтарын аңғартты, – дейді доданы ұйымдастырушылар.

Әрине, байқауда бірі жеңіп, бірі жеңілері сөзсіз. Сайыс қорытындысында қазылар алқасы күйдің қыр-сырын меңгерген, орындау табиғатын дөп баса алатын жас күйшілерді анықтады.

Құрманғазының – «Төремұрат» күйін шебер орындаған 13 жастағы Қарағанды қаласының тұрғыны Нұрдәулет Сағатбек қатарластарынан оқ бойы озық келіп, I орынды қанжығалады. Ал, Осакаров ауданы, Молодежный кенті, №23 орта мектептің оқушысы Жанкелді Кенетаевтың орындау шеберлігін қазылар II орынға лайық деп тапты. «Ел айырылған» халық күйін нақышына келтіре күмбірлеткен 16 жасар балқаштық Нұрзат Дарыбеков III орын биігінен көрінді.

Жеңімпаздарға Достық үйі жанында жұмыс істейтін шығармашылық орталықтың ұлттық нақыштағы бұйымдары мен облыстық Ассамблеяның Алғыс хаттары табысталды.

Осылайша, Ұлттық домбыра күні қарсаңында Арқада күйден дауыл тұрғызған жас күйшілер өз шеберліктерін паш етті.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button