Пікірлер

Індетті жеңудің алғышарттары

«Мың өліп, мың тірілген» халықпыз. Тарихымызға терең үңілсек, қазақ халқының басынан талай нәубет өткен екен. Қырғын соғыс, қайырымсыз індет, табиғи апаттарға қызыл империя тұсындағы қолдан жасалған аштық пен саяси қуғын-сүргінді қосыңыз. Осының бәрінен халқымыз өте білді, шығынсыз болған жоқ, әрине. Ең бастысы тарих сахнасынан жоғалып кетпей, елдігімізді сақтап қалдық. Президент атап өткеніндей, бірлігіміз бекем, пейіліміз кең, құшағымыз ашық, бауырмал халық болып қалыптастық.

Міне, бүгінгідей біздің халқымызға ғана емес, бүкіл әлемге коронавирус сияқты пандемия кеселі қатер төндіріп тұрған шақта Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Үндеу жасап, халықты сабыр сақтауға, кеселді бірге еңсеруге шақырды. Қиындыққа қайыспай, белімізді бекем буып, береке-бірлігімізден айрылмауға үндеп отыр. Сонда ғана біз жеңіске жетіп, тәуелсіздігімізді сақтап, кемел болашақтан үміттенеміз.

«Мемлекет бұл қиындықтан шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды және тиісті шараның барлығын атқарады. Бірде-бір адам, еліміздің ешбір азаматы қамқорлықсыз қалмайды», деп жазды Елбасы Н.Назарбаев «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласында. Шынында да барлық әлеуметтік топтарға, кәсіпкерлерге, ауыл шаруашылығы саласы еңбеккерлеріне алуан түрлі көмек беріледі. Атап айтқанда, зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшері 10 пайызға арттырылмақ. Табысынан айрылған азаматтарға ең төменгі жалақы мөлшерінде қолдау көрсетілуде. 800 мыңдай мүмкіндігі шектеулі жандарға, жұмыссыз азаматтарға тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлік беріледі. Шаруаларға арзан жанармай жеңілдікпен сатылмақ. Сондай-ақ, «Жол картасы» бағдарламасы аясында жұмыс істейтіндерге лайықты жағдай жасалады. Кәсіпкерлер де қолдаудан тыс қалмайды.

Осы екі тарихи құжаттан мен халқымыздың жеңіске деген зор үміті бар екеніне сенімдімін. Өйткені, бізде Жеңіске жетудің алғышарттары жеткілікті. Алғышарттар деп отырғанымыз мыналар: Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық экономикадағы қол жеткізген табыстары, мөлшері 90 млрд. доллар болып отырған Ұлттық қордағы алтын-валюта резерві, өзімізде оқытылған және «Болашақ» бағдарламасы аясында әлемнің ең дамыған елдерінде даярланған білікті медицина және басқа сала мамандары, Елордада және басқа қалаларда ашылған заманауи ғылыми-медициналық орталықтар мен емхана, ауруханалар торабы, тек кейінгі жылдары ғана салынып, кеңейтілген темір жолдар мен автобандар артериясы.

Осынау асқаралы міндеттерді орындауда Президент өз сөзін алдымен аға ұрпақ пен зиялы қауым өкілдеріне арнады. Оларға халықты ынтымаққа шақырып, жақсылыққа, ізгі амалдар жасауға, саламатты өмір салтын ұстануға үндеуді ұсынады. Жер-жерлерде құрылған Ардагерлер кеңестері өздерінің басты міндеттерінің бірі – жастарды әкелер мен бабалардың жауынгерлік және еңбек дәстүрлері рухында тәрбиелеу деп біледі. Алдағы уақытта да осы істі жалғастыра бермек. Бұл біздің өскелең ұрпақ алдындағы абыройлы да асқақ борышымыз. Жастар – біздің болашағымыз. Оларды жамандықтан, жат әдеттен сақтандырып, игі істер жасауға үгіттеушілердің сапында кешегі қан майданда ата жаумен айқасқан майдангерлер мен ерлік еңбек үлгілерін көрсеткен тыл еңбеккерлері мен бейбіт майдан ерлері келеді. Жас қайрат пен тәжірибелі ақыл иелерінің құрыштай берік қоспасы қандай болмасын қиындықты еңсеріп, жеңіске жеткізері сөзсіз.

Тілеубек ЗЕЙНЕШЕВ,

Қарағанды қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы,

Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері.

Басқа материалдар

Back to top button