Руханият

Асқар тау

Әке… Оқығанға жеңіл, айтқанға үйреншікті осы үш әріптен тұратын «Әке» сөзі кімнің де болса жүрегін шымырлатары анық. Мен – бақыттымын! Неге дейсіз бе? Себебі, жанымда мені қорғайтын – қорғаушым, ақыл айтатын – ақылшым, қиналғанда демеу болар – қолдаушым, жаңылыссам жол көрсетер – қамқоршым, асқар тауым – әкешім бар.

«Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» деп бекер айтпаса керек. Шынымен де, дүниеге шыр етіп келгеннен бері, біздің мәңгілік қорғаушымыз – Әкеміз!

Ежелден «Әке» деген ұлы сөзді ерекше бағалап, аса қадірлеп, құрметтей білген халықпыз.

Бәрімізді де әкенің көз жанары отырып-тұрғызады. Қабағынан ығамыз. Кейде аяулы анашымыз қатты еркелетіп жіберсе, әкеміздің салмақты сөзі қажет екенін сеземіз. Әкелер айына-жылына бір еркелетсе де, бізді сарқылмастай сезіммен жақсы көретінін түйсінеміз.

Қыз бала әкесіне жақын болады. Олар өзіне өмірлік жар таңдағанда, әкесіне ұқсайтын жанды іздейді екен. Оның бойынан әкесіне тән қасиеттерді көргісі келеді.

Осы тұста мен өзімнің әкем туралы бірер сөз қозғасам деймін.

Менің әкем – алтын адам. Көп сөйлемесе де, ашылып көп нәрсені айта бермесе де, ішінде көлдей уайым жатқанын сеземін. Ол үнемі «Адам болыңдар!» – дейді…

Кішкентай кезімізден бері бар дәмдіні бізге беріп, қалауымызды орындап, оқытып, қоғамда өз орнымызды табуымыз үшін әлі күнге дейін талмай еңбектенуде.

Біздің шаңырақта әкеміздің орны биік. Анамыз әкемізге тік қаратып сөйлетпейді.

Әкем не айтса – сол болады. Негізінен, отбасында барлығы әйел адамға байланысты ғой. Себебі, әйелдің ақылдылығы мен ер адамның байсалдылығы арқасында ғана дұрыс шешім қабылданып, діңгегі мықты отбасы сақталады.

Әрине, бір парақ қағаз бетіне әкеге деген махаббатыңды сыйдыру мүмкін емес! Сөз соңында замандастарыма айтарым: «Қолда бар алтынды бағалай біліңіздер! Ешкім де, ештеңе де мәңгілік емес. Өмірде әкеңдей қамқор, әкеңдей қорған болар адам жоқ. Ата-анаңа лайықты перзент бола біл!».

Кәпкеш НАРҒЫЗ.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button