Ел болып еңсерейік

Төрткүл дүниені әбігерге салған, XXI ғасырда адамзаттың басына түскен қауіпті індетті еңсеру қай елге болмасын оңайға түсіп жатқан жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ кеше ғана жағдайды түзеу үшін халыққа Үндеу жасап, қажетті барлық шараларды қабылдап, денсаулық сақтау мен басқа да атқарушы органдарға шұғыл тапсырмалар беріп, пандемиядан қайтыс болған азаматтарды еске алу мақсатында осы жылдың 13 шілдесін Ұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Президент індетті тоқтатуға бағытталған іс шараларды пәрменді жүргізуге және халықтың қарантин талаптарын толық орындауын қатаң бақылауға алуын құқық органдарына жүктеді.

Бүгінде індет жұқтыру күннен күнге өрши түсуде. Сырқаттың өсімі күн санап өсіп келеді. Оның ішінде біздің облыста ахуал өте жоғары деңгейде екенін көріп отырмыз. Аудан бойынша да жағдай мәз емес. Осыған орай көп нәрсе өзімізге, тұрғындарға байланысты. Дәрігерлер әр адамның денсаулығы үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Күн сайын әр жерден жаманат, қайғылы хабар естіп, қабырғамыз қайысып, көңіліміз қобалжуда. Ал, індет қарқын алып, толастамай тұр. Дәрігерлердің өздері де сырқаттануда.

Қате ақпарат таратып, халықтың денсаулығына зиян тигізіп, елді іштен іріткендерді де әлеуметтік желіден естіп жатырмыз.

Қазақстан халқы пандемияның бар екеніне сенбейтін, оның салдарын бағаламайтын елдердің алғашқы үштігінде тұрған көрінеді. Карантиндік шектеу аяқталысымен бұқара халық көпшілік босып кеттік. Бетперде тағу, арақашықтықты сақтау, халық көп жиналған жерге бармау тағы да басқа сақтық шараларын орындамақ түгілі, қайта топ-тобымызбен жаназаға бару, одан отырып құранға қатысып, ас ішу, жиылып кешкілік кездесіп туған күнді тойлау тағы басқа да отбасылық салт-дәстүрлерді өткізу – күннен күнге етек алып барады. Қайтыс болған жақындарымызға кейін індет тиылғанда құран оқып, батасын жасаймыз дедік. “Өзіне де, жақындарына да жасаған жақсылығың болсын, әзірше шақырысты қояйық дедік”. Біреуі құлақ қойып, ал біреуі “Ой, не болды сонша, ажал келіп тұрса қарамайды” деп түсінбестік танытты.

Қасиетті Құран Кәрімде де індет болған жерге бармау керек екені жазылған.

Міне, ағайын қазіргі біздің індет маңындағы болып жатқан жайттар осындай.

Денсаулық біріншіден адамның өзіне, одан кейін жақын туыстарына, әрі қарай ортаға, мемлекетімізге қажет. Қ.Тоқаев жақында ғана “Ана тілі” газетіне берген сұхбатында: “Қазақ елі аз ғана халық. Оның дүние жүзіне қажеттілігі шамалы. Негізінен ол өзі үшін, өзінің елі үшін қажет” деген.

Сондықтан елдігімізді, халқымызды сақтап қалу үшін қазіргі індетті еңсеруге, жоюға азаматтық парызбен шынайы кірісейік. Карантин талаптарын орындап, алдыңғы шепте аянбай еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жандарға қолымыздан келіп тұрған көмегімізді аямайық.

«Сақтансаң сақтаймын» дегенді ұмытпайық. Індет кезінде өмірден озған бауырларымызды еске алып, аза тұтып, олардың арттағы ұрпақтарына қайырлы ғұмыр тілейік, ағайын!

Боранбай ЖҰМКИН,

ШЕТ ауданының Құрметті азаматы.