Аманат-жырдың ғаламат нұры
Қасымның жыр бұлағы Арқа даласын ғана емес, Алаш баласын сусындатып тұр. Көрнекті поэзия өкілі деп көсіле сөйлейтін жұрт Қасымның Ұлы ақын екендігін енді ұғынғандай. Қару мен қаламды қатар ұстаған дауылпаз ақынның құдіретті қаламының ұшына ғалам сыйып тұр. Мұз жастанып, қар қымтанып, халқым деп қару асынды, қалам ұстап, ой кешіп, елім деп егілді. Осыдан кейін мұқым қазақ Қасымға қарыз демей көріңіз. Ең бастысы әдебиеттің шайқала бастаған шаңырағын бақандай ұстап, уықтай мықтап, керегедей кеңейтті, босағадай бекітті.
Қасымның тағдыры тым ауыр, өмірі қиындыққа толы. Солай бола тұра, әдебиет үшін соңғы демі қалғанша күресті. Өлдіге балап, қара жер қойынына тапсырғанымызбен Қасымның екінші өмірі енді басталды. Қасым тану дәуірі енді ғана есігін айқара ашты. Оның перизат поэзиясы, өлмес шығармалары мәңгілік мұрамызға айналды. «Айтпаса сөздің атасы өледі». Қасым өлеңдерінің текстологиялары әлі бір ізге түспеген әлі де терең зерттеуді қажет ететін әдебиеттің үзіліп қалған толқынын жалғаған алтын көпір. Қасымның шығармалары сом алтын, жанып тұрған Жанартау.
Жанартаудың жалыны шарпып, рухты жыры ұлт намысын қайрап тұр. Әсіресе, Қарағанды жұрты Қасымның жырынан қуат алып, қадамын нықтаған, киелі өлеңнің туын жоғары ұстаған, ешқашан жықпаған.
* * *
Сәрсенбі күні арлан сөзді айбарлы ақынның рухы Қарағанды аспанын кернеді. Бұған өзімізде куәгер болдық. Дәстүрлі Қасым Аманжолов атындағы «Дүниеге келер әлі талай Қасым» облыстық жыр бәйгесі. Ауқымы зор. Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласы, оның ішінде «Туған жер» жобасы, Алаш қозғалысының 100 жылдығын қамтыған дүбірлі доданың аясында атойлап, Қасым деп қарекет қылған Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасына дән риза болдық. Игі шара ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Ашық аспан астында, Қасымның ескерткішінің алдында жыр додасының өткізілуінің өзін жақсы ырымға баладық. Бала жасынан Қасымның жырларын жаттап өскендігін сөз еткен Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Гүлнәрайым Қаңтарбекова Қасым ақынға арналған облыстық мүшәйраны келешекте республикалық деңгейге көтеру жоспарда тұрғандығын мәлім етті. Мүшәйра барысында Арқаның күміс көмей әншілері Қасымның сөзіне жазылан әндерді шырқап жиналғандарды тіпті қанаттандырып жіберді.
Бұл жолғы мүшәйраға қазақ және орыс тілді ақынын қосқанда 27 үміткер қатысыпты. Іріктеуден өткен ақындардың айтар ойын, арынын аңғардық. Күндей күркіреп өлең оқыған жас таланттардың осалы жоқ. Қысқасы, «сен тұр, мен атайын» деген мықтылар. Бір айта кетері, орыс ақындарының Қасымды мөлдірете жырлағаны ерекше әсер сыйлады. Ел алдында Ұлы ақынға деген құрметті еселей түсті.
Марапаттау сәті де мәнді өрбіді. Өлең өлкесінде өзіндік өрнегі мен соқпағы бар, Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалының директоры, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Серік Ақсұңқарұлы бастаған бір топ ақын жеңімпаздарды марапаттады. Алдымен ынталандыру сыйлығын иеленген ақындардың есімі аталды. Бұл қатардан Айзада Рахымжанова, Аян Мейраш, Владимир Алексеев бой көрсетті. Үшінші орын Ақан Құмайға (100 000 теңге), Абай Оразға (100 000 теңге), Бек Ықыласовқа (100 000 теңге), бұйырды. Екінші орынды Жәлел Шалқар (150 000 теңге), Нина Крамер (150 000 теңге) иеленді. Кіл мықтының ішінде топ жарған әріптестеріміз облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің қаламы жүйрік журналистері Жәнібек Әлиман мен Рауан Қабидолдин болды. Бірінші орынды Рауан Қабидолдин (200 000 теңге), Бас жүлдені Жәнібек Әлиман (300 000 теңге) қанжығалады.
Лайықты!
Жыр додасын қорытындылаған ақын Серік Ақсұңқарұлы елімізде кең көлемде Қасым күндерін өткізіп тұру туралы ұсынысын жеткізді. Қазақ поэзиясының босағадағы басын төрге сүйреген Қасымның рухани қуаты, мыңжылдықтарға азық болар – өлмес өлеңі екендігін қадап айтты.
Жөн сөз!
P.S. Алла Қасымды қазақ поэзиясының бағы үшін жаратқандығын кеш те болса жалпақ жұрт түйсінді. Абайдан бастау алып, Мағжан арқылы жаңа белеске көтерілген қазақтың тасқа басылған жазба поэзиясы ХХ ғасырда Қасымның өршіл жырларымен жалғасып, тұтас дәуірді құрап тұрғандығы жетесіне жетті.
Абай үндес Қасымдай перзенті бар біздің ел шынымен бақытты!
Нұрдос КӘРІМ