Ел ішіне «Есіл» келді

Ұлттық Домбыра күні қарсаңында облыстық рухани жаңғыру жобалық кеңсесінің қолдауымен «Есіл» домбыра студиясы ашылды. Бұл идеяның авторы жас домбырашы Есіл ЕДІЛБАЕВ.

Үйірмеге қатысушыларға арнайы тапсырма дәптері мен үйреніп, меңгеруге домбыра беріледі. Ал, осы мектепке тұрақты қатысқан шәкірттеріне сол домбыраны сыйға тартады екен. Мұнда оқушыларды деңгейіне қарай кәсіби түрдегі ноталар арқылы үйретпек. Қазіргі таңда бұл орталықта карантин режиміне қарамастан 10 оқушы білім алуда. Алдағы уақытта ауқымын да кеңейткелі отыр. «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесімен бірлесе Достық үйі, Майқұдық, Пришахтинск пен Теміртау қаласынан филиалдарын ашу жоспарланған.

Нұр-Сұлтан қаласындағы мектептердің бірінде жұмыс істедім. Онда басқа оқу орындарындай емес, домбыра үйірмесі пән ретінде өткізіледі екен. Маған керек құралдардың бәрін алғызып, оқушылармен жұмыс істеуге үлкен мүмкіндік берді. «Қазақ халқының төл өнерін, ұлттық киімдерін жас ұрпаққа неге дәріптемеске?» – деген ой мені толғандырып еді. Сол жерден көп тәжірибе жинап, өз идеяларымды іске асыру үшін туған жерім – Қарағандыға келдім, – дейді Есіл Айымбетұлы.

Қазір үйірмеде сабақты өзі ғана беріп жүр екен. Алдағы уақытта ұжым санын арттыруды көздеп отыр.

Жұмыссыз жүрген жастарды жұмысқа аламын. Мысалы, бір ғана «Тәттімбет» атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінен қаншама түлектер қанат қомдап, ұшып жатыр. Бітіргендердің ішінен шәкірт тәрбиелеуге ынта, ебі бар жастарды қатарыма қоссам ба деп отырмын, – дейді ол.

Үйірме аптасына үш мәрте болады. Ал, қатынауы қиын оқушыларға екі мәрте келуіне жағдай қарастырылыпты. Мұнда тек домбыра шертумен ғана шектелмей, тоғызқұмалақ, асық ойыны сынды қазаққа тән ұлттық ойын түрлерін де қоса үйреніп, мәнерлеп оқудың қыр-сырын меңгеруге мүмкіндіктер бар.

Домбыра шертуді басқа өнер мектептері үйретіп жатқанын бәріміз білеміз. Бірақ, бұл жердегі білім бір бөлек. Заманға сай жасақталып, оқу бағдарламасы да жаңартылған. Біз де өз тарапымыздан қолымыздан келгенін аянып қалмаймыз. Түрлі бағыттағы кітаптарды тарту етіп, сала майталмандарымен кездесулер өткізу ойда бар. Егер де, домбыра үйірмесін мектеп қабырғасына жеке пән ретінде енгіземін десе, қос қолдап қолдар едім. Ұлттық аспабымызды қазақ өнерінің төл басы мәртебесінде биікте ұстауымыз қажет. Домбыра үйретуді – мектеп қабырғасынан бастаған жөн ғой. Бәрі бірдей жіті меңгермесе де қастерлеп, әр шаңырақтың төрінде тұратындай дәрежеге жеткізуіміз керек, – дейді облыстық рухани жаңғыру жобалық кеңсесінің басшысы Айтпай Жұмағұлов.

Домбыраның күмбірі қазақтың рухын көтеріп, асқақтата берсін деп тіледік. Атадан қалған мұранының өрісін кеңейту өз қолымызда.

Ербол ЕРБОЛАТ.