Мәселе

10 компанияның үй салуға құқы жоқ

60 тұрғын үй құрылысы бақылауда, 10 компанияның құрылыс салатын құжаты жоқ. Құжаттары түгенделмесе, жергілікті билік оларды қабылдамайды. Тіпті, бой көтерген үйдің бұзылуы да әбден мүмкін. Бұл туралы баспасөз брифингінде облыстың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Сержан Аймақов мәлімдеді.

Басқарма басшысының айтуынша, мұндағы негізгі проблема – сараптама қорытындысының жоқтығы. Осыған орай басқарма тарапынан он компания жауапкершілікке тартылған. Үлестік қатысу туралы заңнаманы бұзғаны үшін 18 компанияға қатысты әкімшілік сипаттағы шара қабылданған. Бұған қоса, тұрғындар тарапынан құрылыс сапасына әрі компаниялардың құрылыс жұмысына байланысты шағым көбейген екен.

– Біз Қарағанды облысындағы барлық құрылыс және қайта салынып жатқан объектілерге мониторинг жасаймыз. Бірақ, тұрғын үй кешендерінің құрылысына толығырақ тоқталғым келеді. Салынып жатқан 60-қа жуық тұрғын үй нысанын бақылауда ұстап отырмыз. Мониторинг жүргізу кезінде хабарлама беру тәртібін бұзған жиырмадан астам тұрғын үй кешені анықталды. Заң бойынша құрылыстың басталғаны туралы бізге хабарлауы тиіс. Бұл «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы онлайн жүзеге асырылады. Проблема – сараптама қорытындысының болмауы.

Осыған байланысты он компанияны ҚР ӘҚтК 314, 316, 321 және 463 баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарттық. Соттың шешімімен бұл нысандарда құрылыс-монтаж жұмыстары тиісті рұқсат беру құжаттарын алғанға дейін тоқтады. Соңғы жарты жыл ішінде 10-нан астам құрылыс компаниясы ескертуді жойды. 10 компания рұқсат құжаты жоқ ретінде бақылауда тұр. Болашақта олар қабылдау актісін алмайды. Сонымен қатар, үйлерді бұзу туралы сот ісін бастауға болады.

Бұдан басқа, үлестік қатысу туралы заңнаманы бұзғаны үшін ӘҚтКнің 320-бабында жауапкершілік көзделген. Әлеуметтік желілердегі жарнамалар арқылы үлескерлерді заңсыз тартқан құқық бұзушыларды анықтаймыз. Олардың материалдары сотқа жолданады, – деді Сержан Аймақов.

Бүгінде үлескерлікке қатысты заңнаманы бұзған 18 компанияға әкімшілік сипаттағы шара қолданылған. Құрылысты тоқтата тұру туралы сот шешімі шықса да, құрылысты жалғастырып жатқан компаниялар бар. Сол себепті прокуратурамен бірлесіп, 8 құрылыс компаниясына жоспардан тыс тексеру өткізу туралы шешім шыққан екен. Содан кейін оларға нұсқаулықтар беріледі. Егер ол нұсқаулықтар орындалмаса, сотқа рұқсатсыз құрылыс салушылар деп тану туралы талап-арыздар жолданады.

– Нұсқаулық орындалмаса, экономикалық сотқа рұқсатсыз құрылыс салушылар деп тану туралы талап-арыздар жолданады.

Қазір «Әл-Фараби» құрылыс компаниясы ТК «Т-К Building» ЖШС, сондай-ақ, «Хан» ТК құрылыс салушы «ТТ-Инвест» ЖШС, «Нұра» ТК құрылыс салушы «Satti Lux» ЖШС тексеріс өткізіп, оларды рұқсатсыз құрылыс салушылар деп тану туралы экономикалық сотқа талап арыз берілді, – деді басқарма басшысы.

Жалпы, құрылыс компаниясы үлескерлер тартуға бірыңғай оператордың кепілдігін алу, екінші деңгейдегі банктің жобасына қатысу, көппәтерлі тұрғын үйдің қаңқасын тұрғызғаннан я тұрғын үй-құрылыс кооперативін ұйымдастырғаннан кейін үлескерлердің ақшасын салу шарты болған жағдайда ғана құқылы. Бұған қоса, тұрғындардың үй таңдау кезінде құрылыс компаниясының қаражаты бар-жоқтығына көз жеткізуі тиістігін де ескертеді басқарма.

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button