Тағдыр

Облыстық бейнелеу өнері музейінде виртуалды көрме әлі де жалғасуда. Ұжым кезекті жұмысын облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен бірлесіп өткізіп отыр. Көрмеге 55 жазасын өтеушілердің 60-қа тарта Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған жұмыстары қойылыпты.

Онда қойылған картина авторлары, ең бірінші түзету мекемелері арасында өткізілген конкурсқа қатысқан. Жеңімпаз атанғандары облыстық деңгейге жолдама алып, өз өнерлерін тағы бір мәрте ортаға салыпты. Қазір музейде тұрған туындылардың барлығы облыстық іріктеуден өтіп, жүлде алған екен. Жұмыстардың ішінде Нұркен Әбдіровтің де ұшағы бар. Туындының авторы бұл жұмысын ағаштан жасапты. Бұдан бөлек, түрлі соғыс көліктерінің ағаш пен картоннан, темірден жасалған нұсқаларын көруге болады. Көрмеге қойылған картиналар арасынан үздігін таңдау үшін, арнайы комиссия құрылып, жеңімпаздарға жүлде тағайындалады. Сонымен қатар, өтеу жазасына жеңілдіктер қарастыру жоспарланған.

«Соғыс ауырлығы» картинасы алдыңғы және артқы бөліктен құралған көп фигуралы сюжеттік композиция. Авторы – Е.Шиш. Ол қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің АК-159/9 мекемесінде жазасын өтеуде. Бұл картинаға суретші қара түсті қолдана отырып, қылышынан қан тамған кезеңдегі көріністі жинақтапты. Жарылған бомбалар, түтін, оқ дәрілерден ластанған ауа, сарбаздар мен түрлі образдар сол заманды еріксіз көз алдыңа қайта алып келеді.

Картинаның сол жақ төменгі жағына байланыста отырған сарбазды бейнелеген. Байланыс құрылғысын қолына алып, майдандастарына хабар беріп жатыр. Бәлкім, көмекке біреуді шақырып жатса керек. Жүзінде қорқыныш бар. Сұм соғыс оның жұдырықтай жүрегін тасқа айналдырып, иығына мылтық асты.

Енді шегінерге жол жоқ. Өлім мен өмірдің арасындағы жан алыс, жан беріс. Одан бері қарай, жау шебіне ұмтылып бара жатқан жауынгерлер мен қолына мылтық ұстаған сарбаз бейнеленіпті. Жүзін үрей билеген. Сәл оңға қарай – майдан көрінісі. Құлаған ұшақ пен сарбаздың беймәлім күйде отырған сұлбасы. Әр жерде жарылған бомбалар. Жараланған майдангер досын сүйреткен сарбаз бейнесі. Осы бұрыштағы көріністердің бәрін жоғарғы жақта бейнеленген тал мен қою қара бұлттар жеке-дара бөліп тұрған сыңайлы. Бұл – уақыт өлшемі. Сол бір заманда елдің басынан кешкен ауыр кезеңін, майдан даласындағы қанды қырғынды суретші халыққа осылай жеткізгісі келсе керек.

Картинаның артқы бөлігінде – соғыстан қайтқан солдаттардың образы. Ең бірінші, туындының оң жақ жоғарғы бөлігінде соғыстан қайтқан әйел мен ер бейнеленіпті. Әйелдің жүзіне қарап, азиаттық ұлт өкілі екенін бірден аңғаруға болады. Жүрегіне соғыс салған өшпес ізді оның көздері айтып тұрғандай. Одан кейінгі образ майдан даласынан аттанған солдат, қауышқан ана мен бала. Жоғарғы жағында салынған қара бұлт, жауыннан, дауылдан теңселген тал олардың ауыр тағдырын айтқызбай-ақ суреттеп тұр.

Картинаның сол жақ жоғарғы бөлігінде майданнан оралған ағасы немесе әкесінің киімін киген бала бейнесі. Осы балаларының келешегі үшін майданға аттанған еді ол. Ал, сәл төмендегі қалықтаған қарлығаш бүгінгі бейбітшілік бейнесі еді.

Ербол ЕРБОЛАТ.