Баған

Көшке ілеспекке көше де сын

Еуропаға барғанда көргенмін, қателеспесем, Венада (Австрия) ғой деймін, тіленшілердің алдымнан гүл ұстап шыққаны. Түрі біздің жақта базарларда қайыр сұрап жүретін сығандардан айнымайтын. Фотоға да түсіріп алғанмын, жеке архивімде тұр әлі күнге. Басында олардың қайыршы екенін қайдан білейін? Алдымнан шығып, гүл ұсынды. Тосырқап тұрып қалдым. Менен бұрылып қасымдағы өзге магистрант группаластарымның біріне бұрылды, олар тиын берген, бермегені есте жоқ. Айтқым келгені – Еуропаның (Австрия, Словакия, Чехия) қайыршылары алдыңнан гүл ұстап шығатыны. Екі апта бойы осы үш ел астаналарының көшелерін армансыз аралағаным бар. Көше мәдениеті керемет қалыптасқан қай-қайсында болсын. Он бес күнде туфлиді бір сүртпедік қой. Шаң жоқ. Астаналары болған соң ба деп тағы ойладым. Біздікіндей кеспетастар (брусчатка) емес, көшелерге кәдімгі тастар төселген. Табиғи. Көне дәуірге еніп кеткендей боласың кей тұсында. Ескі нәрсесін біздікіндей бас салып, жаңартып тастамайды-ау, тегінде. Көне ғимараты көне қалпында, жаңасы – жаңа.

Кешкілік тіптен керемет күйге енеді көшелері. Халық көп жүретін демалыс орындарында әй-да, ұлттық аспап, саксафон, гитарларын алып бұрышбұрышта сарнап тұрады ғой. Жанды дауыста. Ансамбль дерлік әрқайсы. Өз тілдерінде құйқылжытады. Тосырқап тұра алмайсыз. Не егіліп тыңдайсыз, не билеп кетесіз. Музыканың ырғағына қарай ғой (бір топ магистрант қазақ билеген бейнеміз де сақтаулы еді). Демалысқа көп көңіл бөлетін сияқты негізі. Бұлары да көшедегі керемет пе, керемет! Қайыршының гүл ұстап шыққаны ше, ол да солай!

Бізде ше? Астананы қайдам, былтыр «Қарағандыдан тұңғыш көрдім» деп әлеуметтік желіде (facebook) жариялап едім. Яғни, жүргінші көп жерде қазақ тілінде ән шырқап тұрған қазақты алғаш көруім. Жүздеген, мыңдаған кісі арасында тайсалмай ұлттық ән өнерін ту етіп көтеріп тұр. «Нар баласы бақырмас болар» деп біз әдетте намыс қылар едік қой? Абайша айтсақ, «ұялмасты ұят көріп, кісімсіну – надандық…» Гитар ұстап қазақ ән өнерінің туын жоғары көтерген ол өнер иесінің жүрегінен айналдық. Екі-үш көрдік сөйтіп тұрғанын. Даусы қандай тамаша?! Кейіннен көрмей кеттік. Сөйтсек, қайтып кетіпті марқұм. Секен Тәңірбергенұлы екен аты-жөні. Қатты қынжылдым. Шын өнер иесі еді, себебі.

Біз қазір бір үлкен залға елдің атқамінер жақсыларын жинап алып концерт бергенді насихат деп ойлаймыз. Иә, ол да насихат. Бұқара бара бермейді, бірақ, онда. Кезінде көшпелі танымның күретамыры дала болса, отырықшы қалалықтардың жарты ақылы – көше. Көшке ілесем десең, көшеде жаса насихатты. Бұлдап, тығып ұстайтын заман өтті. Жарнама мен жарияның заманы келді. Кетігін тапқанға.

Бізде ептеп өнері барлар той жағалап кетеді. Онда да өз қазағың. Сырттан кісі жоқ. Қарағанды көшелерінде қазақ өнерін лайықты насихаттап жүрген он өнерпаз шыға ма, қайдам?! Мен көрген жалғыз Секен еді, оны ажал ерте алып кетті. Ал, Еуропа өнерпаздары ұлттық өнерін насихаттап көшеге шығып кетсе, олардың санасы соған жеткені. Мәдениет қалыптастыра алғаны… Бізді әзірге жалған намыс жібермей тұр. Сол жалған намысты қай күні ұлт қазынасына деген махаббат жеңеді, содан бастап бәрі шешіле бастайды. Кез келген салада…

Жәнібек ӘЛИМАН,

«Ortalyq Qazaqstan» газетінің бөлім меңгерушісі.

Басқа материалдар

Back to top button