Руханият

Жаңғырық

Ақсарбас, Алаш! Ақсарбас!

Ұнжырғасы еңкіш тартып, қан-сөлі қашқан қазақ қоғамы Абайға бет бұрды! Абайдың нұры бар еді. Жыры бар еді. Абайдың мұңы бар еді. Үні бар еді. Күні бар енді! Қазақтың көгіндегі Күнге айналған алып Абайға күнтізбеден де күн бұйырды! Жаңғырық Рух жаршысына айналғалы тұр. Айналған жоқ әлі…

Ақсарбас, Алаш! Ақсарбас!

« Абай ескірмейді» депті жазушы Асқар Сүлейменов бір сұхбатында. Иә, Абай «қалың елі, қайран жұртымен» бірге жасап келеді.  Әр қазақтың жүрегіне жөргектелген Абайдың үні – жаңғырық әлі. Жыры нұрға айналғанымен, шері шекпенін шешкен жоқ. Мұнарадай мұңынан мұратымызды таппадық. Ормандай қалың, теңіздей терең ойынан оймақтай нәр татпадық. Нәр таттық. Бірақ, сіңіре алмадық. Бәрібір Абай мұрасы көнермеді. Абайдан алшақтаған біздің де көсегеміз көгермеді. Хакімнің өз дәуірі де өзінен алыс қалған. Біз де тым қашықта малтып һәм малтығып жүрміз.

«Жартасқа бардым,

Күнде айқай салдым,

Онан да шықты жаңғырық», – деді Абай. Бұл жай ғана айқай емес. Хакімнің күйзелісі, ақынның жүрек шері еді. «Төрт аяқты малды көбейтеміннен басқа ойы жоқтығынан» (екінші қара сөзі Е.М) Ұлы перзентін өгейсінген өлермен қоғам ақынның үні тұрмақ, жаңғырыққа да жалт етпеді. «Мал болса, Құдай Тағаланы да паралап алам» (сегізінші қара сөзі Е.М) дейтін кәззап қоғамның қазір де өзгерген ештеңесі жоқ. Абай тартқан азапты арқалап, Абай ішкен уды жалап жүрміз әлі…

Заман өзгерген. Қоғам құбылған. Саясат та сан алуан түрленді. Өзгермеген не қалды? Абайдың шері мен адамның пиғылы өзгермей тұр.

Сол жаңғырық. Сол дерт. Сол өтірік.  «Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының, рас сөзі аз болатұғынының, қызметке таласқыш болатұғынының, өздерінің жалқау болатұғынының себебін» (үшінші қара сөзі, Е.М) Абаймен бірге әлі іздеп келеміз. Адамзатқа Абайдай ұл сыйлаған Құнанбайдың құнын кетіріп, жетпіс жыл бойы құдайсыз қоғамға құл болған бізде нендей шара бар дейсіз?!

Біле-білсеңіз, Абай – Ақиқаттың сыңары. Бірақ, ол – біз мойындамаған Ақиқат. Бір жарым ғасыр бойы қазақ жерініп келеді ол Ақиқаттан. Бүгін мойындалды! Қазақтың рухы алты құрлыққа Абай болып үн қатқалы тұр!

Әйтеуір, сең қозғалды. Тасбауыр қоғамның Абайға деген мейірімі бусанып, жүрегі жібіді. Жалаңаяқ жар жағалап жүріп, жаңғырықты жарқын үнге айналдырғалы тұрмыз. Бұл да құр жаңғырық болып қалмаса – игі. Ғаламзат пен Адамзаттың Телқарасы Шыңғыстаудан Күн болып көтеріліп, Жер-Ананы шуаққа малындырғалы тұр. Алтын көмбе көнермеген екен! Есті сөз ескірмеген екен! «Ерте оянып, ойланып, жете алмаған» Абай арманы Алаштың бағына айналады!

Көш түзелді! Ес жиылды! Абай рухы жаңғырды! Бұл – баяғы жартастағы жаңғырық емес, жасампаз жаңғырық! Жаһандану жағамызға жармасып, өркениет өрекпіп тұр. Қосұрықтары қолтықтасып, жемқорлары шалқып-тасқан қоғамның төріне Абай озып барады. Ендігі жерде бізді әлгі жаһанданудың оқпанынан арашалап қалар бір ғана жол бар. Ол – ұлттық идеология. Ал, дәл осы құндылық – Абайдың алтын сандығында!

…Айттым. Жаздым.

Менің қолымда не тұр дейсіздер?! Өзім – Абай атындағы көшесі жоқ қаланың тұрғынымын.

Абай күні құтты болсын, ағайын!

Ақсарбас! 

Ерсін Мұсабек.

Басқа материалдар

Back to top button