Ел күткен сөз

Қазір халықтың көңілі күпті екені айтпаса да белгілі. Індет ірге түріп, жұрт ішін жайлап алды. Біз осындайда бірігіп, тізе қоспасақ, елдігіміз қайсы? Осы тұрғыдан алғанда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың телеүндеуі Мемлекет басшысының елмен бірге екендігін көрсетті.

Халық тағдыры таразыға түскен мұндай шақта бір ауыз сөздің өзі адам жанына қуат. Оның үстіне, ел күткен сөз Президенттің аузынан шығып тұрса. Қайткен күнде жақсылықтан үміттіміз бәріміз. «Жағдайдың тұрақталатыны сөзсіз. Оның алғашқы белгілері де бар. Сондықтан, алдағы екі апта біздің болашақ қадамдарымыз үшін шешуші кезең болмақ.

Барлық азаматтарды тағы да карантин ережелерін қатаң сақтауға шақырамын. Індетпен күрестің нәтижелі болуы, ең алдымен, барша жұрттың саналы әрекеті мен жауапкершілігіне байланысты» деді Президент.

Бізде де басқа тілеу жоқ. Індеттің беті қайтып, ел аман, жұрт тыныш болсын.

Ержан НҰРМАҒАНБЕТОВ,
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры.