Руханият

Һас шебердің тартуы

Әрбір халықтың өткенін суреттейтін өнер туындылары ұрпақтан ұрпаққа қалатын рухани мұра. Асқан сезімталдықтан туатын үлкен өнердің бірі – мүсіндеу өнері. Жансыз бейнеге жан бітірер сондай талантты мүсіншінің бірегейі – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, жерлесіміз, Қарағайлы кентінің тумасы Темірғали Мұхтарұлы Махметов. Ол Жамбыл Жабаев, Абылай хан, Ақан сері мүсіндерінің авторы. Осындай тарихи жәдігерлерінің қатарын Қарқаралы қаласының ортасынан орын тепкен Мәди Бәпиұлының ескерткіші толықтырып тұр.

«Атыңнан айналайын, Қарқаралы, сенен бұлт, менен қайғы тарқамады» деп Арқаның құт дарып, кие қонған өлкесін өлеңдеріне арқау еткен ер Мәдидің қазақ тарихынан алар орны ерекше. Арқаның ақиық ақынының 125 жылдық мерейтойы аясында қойылған ескерткіш, бүгінде Қарқаралыға атбасын бұратын қонақтардың тәу ететін тарихи орнына айналған. Өскелең ұрпаққа ақындығымен, азаматтығымен, қара қылды қақ жарған әділдігімен, туған жерге деген ерекше перзенттік сүйіспеншілігімен танылған өр мінезді ер Мәдидің кескін-келбеті сәтті суреттелген. Тас қамалды бұзып-жарып шығып келе жатқан Мәдидің келбетті кескіні сомдалған кесек тұлғалы қола мүсіні – жан жолдасы Мұстақым Малдыбаевты түрмеден шығарып аламын деп келіп, оққа ұшқан жеріне орнатылған. Темірғали Махметов мүсінді лайықты бейнелеп, оның қайсар ақынға тән образын шынайы мүсіндей білген.

Сонымен қатар, жақында аудандық тарихи-өлкетану музейіне Абайдың бейнесі кескінделіп, екінші жағына «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деген нақыл сөзі жазылған медальонды тапсырды. Мүсіншінің қолынан шыққан Ұлы философ Әл-Фарабидің гипске салынған суреті де музей жәдігерлерінің қатарын толықтырды.

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button