«Тіл жанашырлары» марапатталды

Тіл саясатын жүзеге асыру мен мемлекеттік тілді дамытуға үлес қосқан тұлғаларды қолдау мақсатында ұсынылатын облыс әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығы 2012 жылдан бері дәстүрлі түрде Қазақстан халқының Тілдері күні мерекесіне орай өткізіліп келеді. Сегіз жыл ішінде 400-ге жуық адам құжат тапсырып, қызмет саласында тілге жанашырлығын дәлелдеп жүрген озаттар марапатталды. Биылғы байқауға 47 үміткер өтінім берген.

Сақтық шараларына байланысты аталған сыйлықты табыстау салтанаты биыл телевизиялық нұсқада әзірленді. Бейнетүсірілімде Қарағанды қаласындағы Абай, Бұқар жырау, Қазыбек би, Қасым Аманжолов, Қаныш Сәтбаев сынды көрнекті тарихи тұлғалардың ескерткіштері қамтылды. Облыс орталығындағы қазақтың ұлы ақыны Абай ескерткішінің алдында өткен салтанатты шарада биыл қатысуға өтінім берген 47 үміткердің ішінен жеңімпаз атанған үздіктер марапатталды.

Байқаудың «Тіл майталманы» арнайы сыйлығы иегеріне – облыс әкімі Жеңіс Қасымбек, ал басқа әр лауреатқа өз саласы бойынша құрметке ие, белгілі тұлғалар «Тіл жанашыры» статуэткасын, диплом және қаржылай сыйақы сертификатын салтанатты түрде табыстады. Телехабарды бүгін облыстық «SARYARQA» телеарнасынан тамашалауға болады.

Байқау қорытындысында, соңғы үш жылда тіл мәселесін көтеріп, мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосып жүрген азаматтардың материалдары қаралып, төмендегі 8 тұлға жекелеген номинациялар бойынша үздік деп танылды.

Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру және оның қолданыс аясын кеңейтуге қомақты үлес қосып жүрген белгілі ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері арасындағы «Тіл майталманы» арнайы сыйлығына – ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Серік Ақсұңқарұлы ие болды.

Мемлекеттік және азаматтық қызметшілер, штаттан тыс мамандар арасындағы «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» номинациясымен – «Қарағанды облысы бойынша Соттар әкімшісі» мемлекеттік мекемесінің мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы бас маманы Әйгерім Қарымсақова марапатталса, тіл саясатын жүзеге асыру шараларын насихаттап жүрген БАҚ арасындағы «Тіл жаршысы» номинациясын «Жаңаарқа» газеті редакциясы жеңіп алды.

Мемлекеттік тіл саясатын насихаттап жүрген тележурналистер арасындағы «Үздік телехабар» номинациясын – «Бірінші Қарағанды» телеарнасының тілшісі Жаңабек Нар қанжығаласа, қазақ, орыс, ағылшын және басқа тілдерді жетік меңгерген жастар арасындағы «Жас полиглот» номинациясына – «Нұрбанк» акционерлік қоғамы Қарағанды филиалының маманы Әсемай Пушанова ие болды.

Мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт жастары арасындағы «Тіл білгірі» номинациясында – «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкері Юрий Михуля топ жарса, өзінің кәсіпкерлік қызметінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған жұмыстарды жүзеге асырып жүрген шағын және орта бизнес өкілдері арасындағы «Мемлекеттік тіл – бизнесте» номинациясын – Сәтбаев қаласындағы «ДАМУ» дизайн студиясының директоры Шолпан Жангаскинова жеңіп алды.

Ал, ересектерге мемлекеттік тілді оқытуда жетістіктерге жеткен тұлғалар арасындағы «Үздік оқытушы» номинациясы – Қарағанды облыстық тілдерді оқыту орталығының әдіскері Мунира Ағымбаеваға бұйырды.

Жәлел ШАЛҚАР.