Руханият

Өз тілің – бірлік үшін, өзге тіл – тірлік үшін

Тіл тағдыры – ел тағдыры. Тіл бүгінгі таңда тек сөйлеу құралы емес, ұлттың саяси құралына айналды. Оның күші қарудан да күшті. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтің әр саласында мемлекеттік тілді жетік білетін, айтарлықтай табысқа жеткен өзге этнос өкілдері көп. Қарағанды қалалық ішкі істер органдарының 30-дан астам қызметкері қазақ тілін жетік меңгеріп, еркін сөйлейді. Солардың қатарында мен де бармын.

Ақсу-Аюлы ауылынан мектеп бітірген соң, 1993 жылы Қарағанды политехникалық институтының машина жасау факультетіне түсіп, 1999 жылы механик-инженер мамандығы бойынша аяқтадым. 2000 жылы ҚР ІІМ Теміртау қаласының кәсіби дайындық училищесіне түсіп, сол жылдың желтоқсан айында оны тәмамдап, Қарағанды қаласы ІІБ Киров ПБ жедел криминалистика бөліміне криминалист қызметіне тағайындалдым. 2001 жылдың ақпан айында Қарағанды қаласы ІІБ криминалисі, 2005 жылы ІІБ Қазыбек би аудандық ІІБ жедел криминалистика бөлімі басшысының орынбасары лауазымында болдым. 2009 жылдан Қарағанды қаласы ІІБ жедел криминалистика бөлімінің басшысымын.

Қылмысты ашу, күдіктілерді анықтау, оқиға орнынан алынған заттай дәлелдемелер арқылы мән-жайдың ақ-қарасын ажырату, нақты дәлелдермен заңсыздықтың толық механизмін жасап шығарудың барлығы – жедел криминалистика бөлімінің қызметкерлерінің күнделікті жұмысы. Бұл сала өз қызметкерлерінен тек еңбекқорлықты емес, асқан біліктілік пен табандылықты да талап етеді. Олардың жұмысы сан салалы және өте күрделі. Міндеттерді мүлтіксіз атқару үшін қызметкер ғылымның түрлі саласын меңгеруі тиіс.

Біз күнделікті қылмысты ашуда қатысты күрделі мәселелермен бетпе-бет келеміз. Жұмыс барысында мемлекеттік тілді білу ауадай қажет.

Биылғы жылдың есептік кезеңінде Қарағанды қаласы ПБ криминалистері оқиға орнын қарау бойынша 3537 тексеріс жүргізді. Оның ішінде, тіркелген қылмыстар бойынша 1682 қылмыстық оқиға орны қаралды. Мамандармен 1250 – дактилоскопиялық, 675 – трасологиялық, 25 – баллистикалық, 5 – портреттік зерттеу жасалған. Жедел қызметтердің тапсырмасымен криминалистік есептер жөнінде 2260 тексеру жүзеге асырылып, 1013 оң нәтиже анықталды.

Өзім Шет ауданы, Ақсу-Аюлы кентінде туғам. Көршілеріміз украин, беларусь, шешен, өзбек халқынан болды. Бірақ, бізді табыстырған бір-ақ нәрсе, ол – қазақ тілі еді. Ұлтым орыс болса да, қазақ жерінде, қазақ ауылында дүниеге келген соң, қазақ тілін білмеу ұят. Ата-анам да, бауырларым да қазақ тілінде еркін сөйлейді. Қаймағы бұзылмаған қазақ халқы сонау естен кетпес зұлмат замандарда әр елден пана іздеп келген өзге ұлт өкілдерін өзекке теппей, бауырына басып, бір тілім нанымен бөліскен. Балалық шақты бірге өткізген ауыл балаларына қазақ тілін үйрену қиындық тудырған жоқ.

Құқық қорғау саласының қызметкері болғандықтан, мен үшін ең бастысы – халықтың қауіпсіздігі. Алдымызға келген адамның ұлтына, дініне қарамай, мұң-мұқтажын тыңдап қолымыздан келген көмекті береміз. Қайғыға душар болған жанның қиындығын жеңілдетуге тырысамыз.

Біздің күшіміз – бірлікте. Қазақстан халқының тілдері мерекесімен барлық құқық қорғау органдары қызметкерлерін шын жүректен құттықтаймын! Отбасыларына амандық, еңбектеріне жеміс тілеймін!

Денис САФОНОВ,

Қарағанды қаласы ПБ Жедел криминалистика бөлімінің басшысы,

полиция майоры.

Басқа материалдар

Back to top button