Біз ертеңге сенеміз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан. Іс-қимыл кезеңі» Жолдауы — бұқара үшін жағымды жаңалыққа толы. Бүгінгідей экономикалық теңгерім толқып тұрған кезде Президенттің халыққа үн қатуы – өте құптарлық. Сонымен қатар, алдағы уақыттағы бағдарын нақтылап бергені де сенімді нықтай түсті.

Бұл тарихи маңызды құжаттың түп тамырында азаматтардың өмір сүру деңгейін жақсарту және олардың әл-ауқатын арттыру көзделгені аян. Сондай-ақ, елімізде сәбиді дүниеге әкелуде қолдау көрсететін арнайы бағдарлама құрылатыны, 2025 жылға қарай 6 жасқа дейінгі барлық балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз ету мәселесі толықтай шешімін табатыны да қуанышты жайт.

Халықтың әлеуметтік осал тобынан шыққан балаларды компьютерлік техникамен, сапалы интернетпен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Мұғалімдердің жалақысын көтеру жоспарлануда. Алдағы үш жылда Ұлттық қордан бөлінетін қаражат әлеуметтік төлемдерді индекстеуге бағытталады.

Міне, Жолдаудың жұрт ықыласына бөленер жөні де осында. Біз еліміздің уақытша қиындықтарды бірлікпен еңсереріне сенеміз.

Зәуреш ӘЙНЕКОВА,

12 ЖББОМ мұғалімі.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.