Бас тақырыпБасты тақырып

ЖҰМЫСШЫ – қастерлі мамандық

Қазір мектеп бітірген талапкерлердің қалаға ағылған кезі. Қолдарында үлкен өмірге жолдама беретін аттестат бар. Одан бөлек, еліміздегі жоғары оқу орындарын мыңдаған жас маман бітіруде. Оларда да диплом бар. Дегенмен, сол табақтай дипломды үйде қалдырып, жұмыссыз жүргендері көп. Олардың көпшілігі амал мен жұмыстың жоқтығынан қарапайым жұмысшылар қатарын толықтыруда. Жұмыстың аса қажеттілігі төтенше жағдайдағы карантин режимінде де байқалды. Не десек те, колледж бітіріп, кәсіптік дипломмен жұмысшы мамандығын алып, зауытта жұмыс істейтіндердің айы оңынан туып тұр қазір…

ЖҰМЫСШЫҒА СҰРАНЫС БАР…

Карантин жағдайында облыстағы кәсіби мамандыққа машықтандыратын колледждер талапкерлерді оқуға қабылдауды бастады. Қарағандыдағы құжатты онлайн қабылдауға дайын 69 колледждің сайтын зерделедік. Мемлекеттік 45 колледж бен 24 жекеменшік колледждің талапкер қабылдаудағы талабы – жастардың жұмысқа икемді әрі оқуға зейінді болуы.

Облыстық білім басқармасы мамандарының айтуынша, құрылыс саласы тас қалаушы, сылақшы, дәнекерлеуші секілді мамандарға мұқтаж. Бұл мамандықтар, тиісінше, жұмысшы санатына енеді. Ал, заңгер, экономист, мұғалім, дәрігер, дизайнер, шаштараз, мәдениет саласындағы тағы басқа мамандықтар орта буын саласына жатады. Салыстырмалы түрде қазіргі таңда қарапайым жұмысшы мамандығына сұраныс – жоғары. Бұл сұраныс Тұңғыш Президент Жолдауындағы «Әлеуметтік саясаттағы мемлекеттің басымдығы адам капиталын дамытуға кең ауқымды инвестициялар болуы тиіс. Мен 2017 жылдан бастап жаңа жоба – «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» бағдарламасы басталатынын жариялаймын» деген ұстанымынан басталған.

Содан бері тегін кәсіптік-техникалық білім беру жүйесіндегі еңбек нарығына қажетті жұмысшы кадрларды даярлауға бетбұрыс басталды. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының алдына еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлау талабы қойылды.

Қазіргі таңда кәсіптік білім алғысы келген талапкерлер мемлекет тарапынан тегін білім алуда.

– Бүгінге дейін кәсіптік-техникалық білім беру колледждері 80 пайыз орта дәрежедегі маман кадрлар және 20 пайыз кәсіби жұмысшы мамандарын даярлаумен шектелетін. Студенттер екі жыл он ай оқып, бір мамандық алып шығатын. Кейінгі талап бойынша үш мамандық бойынша кәсіби жұмысшы дәрежесін меңгеріп, бірнеше мамандықты игереді. Өткен жылы жұмысшы мамандығына оқитын жастардың шәкіртақысы 30 пайызға өсті, – дейді Қарағанды тау-кен колледжінің мамандары.

Облыстық білім басқармасының бас маманы Құралай Әбенова биыл облыс колледждері 8 700 бала қабылдауға дайын екенін айтады. Соның ішінде 700 талапкер «Еңбек» бағдарламасы бойынша жұмысшы мамандығына қабылданбақ.

Мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмысшы мамандығын таңдайтын түлектерге ерекше көңіл бөлініпті. Техникалық мамандықты таңдаушыларға – 3 121 орын.

МЕТАЛЛ ЖОНУШЫ ЖАЛАҚЫСЫ – 200 000 ТЕҢГЕ

Қарапайым металл жонушыны түсінікті тілмен ұста деп атауға болады. Осы кәсіптің мамандары тапшы екенін зауыттар басшылықтары жиі айтып, жарнамалайды.

Бұл мамандықты игергісі келетін жастардың басым денінің баратын жері – Қарағанды машина жасау колледжі. Білім ошағы қазіргі таңда бағдарламамен басқарылатын техник-механик, кең бейінді станокшы, техник-механик, слесарь-жөндеуші, сондай-ақ, өнеркәсіп механигін дайындап шығарады. Электр газымен дәнекерлеуші, темір-бетон және металл бұйымдары өндірісі (түрлері бойынша), металл құрылымдарды жинау слесарі болғысы келетіндер де осы колледжді таңдайтын көрінеді. Оқу орыны директорының орынбасары Арман Биғожиннің айтуынша, биыл колледжді 147 түлек бітірген. Солардың ішінде 62 бітірушінің таңдауы токарлық іс және металл өңдеу мамандығына түсіпті.

– «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру бағдарламасы» сәтті жүруде. Соңғы кездері жұмысшы мамандықтарына сұраныс артты. 107 түлектің бәрі жұмысқа орналасты. Сондай-ақ, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде дуальды оқыту кеңінен енгізілген. Бұл жүйе бойынша жұмысшы мамандықтарында оқып жүрген студенттер 6-7 ай бойы кәсіпорындарда ұзақ мерзімді іс-тәжірибеден өтеді. Оларға шәкіртақыдан бөлек, жалақы да төленеді. Колледждерде нарықта сұранысқа ие барлық жұмысшы мамандықтары тегін оқытылады, – дейді Арман Биғожин.

Бүгінгі таңда 20 әлеуметтік серіктестігі бар машина жасау колледжінің түлектері негізінен «КарГорМаш-М» ЖШС, «ҚұрылысМет» ЖШС, Мейкер ЖШС секілді компанияларға жұмысқа орналасады. Кейін жоғары білім алып, инженерлік салаға оңай ауысып кетеді екен.

Мысалы, Қарағанды машина жасау колледжінің биылғы түлегі Иван Мариякри Қарағанды машина жасау зауытына жұмысқа тұрған.

–Жұмыстың оңайы жоқ дегенмен, өз кәсібіңді білген жақсы. Белгілі бір білім, білікті талап ететін қарапайым металл жонушының жалақысы – 200 000 теңге. Күніне қаншама металл түрлерін жонып, оны өндіріске дайындайды. Жастар қазір жұмысты жалақы мөлшеріне қарап таңдайды. Біз мамандық таңдар кезде металл жонушының жалақысы жоғары екенін білген жоқпыз. Кейін еңбекке үйрене келе, жалақыны қолға алғанда бірақ түсіндік, – дейді Иван.

Иванның әріптестерінің айтуынша, мамандыққа бейімдеуде жарнамалау жағы жетпейді. «Мәселен, елімізде айбынды армиямыздың рухын көтеріп, әскери қызметке баратындарға жақсы жағдай жасалатыны айтылды. Қазіргі таңда екінің бірі әскери адам болғысы келеді. Өйткені, үй-жайы дайын, жалақысы да жақсы. Сол сияқты металл өңдеуші – құрметті мамандық. Оның өз жұмыс орны, арнайы киімі бар. Жалақысы – жоғары» деген сипаттағы жарнама жасалса, жастар келер еді», – дейді олар.

Сондай-ақ, олар еңбектің нағыз өтеуі – жоғары жалақы қарапайым жұмысшылардың қалтасында екенін айтады.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button