Баған

Арман қалада арманым орындалды

Арман қала. Қарағандыда жүргенде сәтін салса болды осы арманымыз айдарланған Елордаға асығушы едік. Бұл шаһардың ауызбен айтып, қаламмен жазып жеткізе алмайтын құпия құдіреті, таңғажайып тартымы бар. Осы тартылыс күші ақыры мені де тартып алып кетті.

 

Әрине, студенттік шағым, алғашқы еңбек жолым басталған Қарағанды қаласын қалай ұмытайын? Қызық пен шыжық, таңырқау мен таңданыс таусылмастай көрінген жылдарды, түнгі аспанын миллиондаған жұлдыз көмкерген қаланы әлі де сағынамын. Алайда, сағыныштың салмағын сезіну үшін де кей кездері алысқа аттануың керек екен. Ұлы Мұхаңның (Мұқағали Мақатаев) «ақын болсаң, қарағым, алысқа аттан» дегенін мақсат көріп, аттандым да кеттім. Аса алысқа да емес. Небары екі жүз шақырымға…

Алайда, осы айналдырған екі жүз шақырым өмірімді түбегейлі өзгертіп сала береді деп кім ойлаған? Бейтаныс қала, жат орта, бұрын-соңды танып-білмеген адамдар… Алғашында жанарымда жалындап тұрған от та азайып, «Қайда келдім? Қарағандымды не үшін қиып кеттім?» деген ойлардың да мазалағанын жасырмаймын. Адам баласы болған соң, алаңдауың да заңды ғой. Солай бола тұра алға ұмтылғың, талпынғың келеді екен. Бағындырмаған биікті бағындырып, алынбаған асуды алуға қол созасың. Ол арман мен мұрат Есілдің жағасына жайғасқан Елордамен егіз, сабақтас келеді. Ақыры арман қалаға келіп, арманым орындалды. Мақсатыма бір елі жақындай түстім.

Бір жылға жетер-жетпес уақытта жасандылықтың емес, жасампаздықтың, жасамыстың емес, жастардың қаласы екенін анық аңғарып үлгергендеймін. Аспанмен таласқан алып ғимараттарға, ажары мен сұлулығы келіскен әсем саябақтарға, жақсылыққа ұмтылған қала тұрғындарына қарап, ойдағы мақсаттың орындалғанына сүйсінесің. Бұл шаһар – Тәуелсіздіктің сәулетті символы, егемендіктің нақышты нышаны іспетті. Алаш жұртының Алтын Тәжі десе де артық айтпағанымыз болар. Себебі, қай көше, даңғылда жүрсеңіз де қазақылықтың қуатын, азаттықтың асқақ рухын сезінесіз. Қазақы атау, қазақы үлгі, нақыш бар.

Бұл қалада әлемнің түпкір-түпкірінен ат шалдырған туристерді де көптеп кездестіреміз. Сонда елдегі меймандар ең алдымен қаланың сұлулығы мен көркемдігіне сүйсінеді, тұрғындардың мейірімділігіне таң қалады. Осындай Астанасы бар отандастарымыздың маңдай бағы бес елі екенін айтып жатады. Әрине, осындай сәтте кеудеңді қуаныш кернейтіні рас. Тек, дүние жүзін дүрліктірген пандемияның салдарынан бұрынғы тынымсыз тіршіліктің, ағылған адам мен көліктің арыны тежелгендей болып тұр. Алайда, өмір тоқтаған жоқ. Тәжірибе іздеген, білімге, жаңалыққа ұмтылған жастар үшін Елорда төрінде еңбек етіп, ой мен талапты шыңдаудың артығы жоқ. «Атың барда – жер таны желіп жүріп, асың барда – ел таны беріп жүріп» деуші еді бағзы бабаларымыз. Жас келсе – іске. Арманға ұмтылған жастық шақта жалындап қалудан артығы бар ма? Сол жалын, сол мұрат – Есілдің жағасында, Елорда төрінде…

Рауан ҚАБИДОЛДА,

ақын.

Басқа материалдар

Back to top button