Пікірлер

Даму стратегиясы айқындалған құжат

Кешегі күні Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Қазақстан халқына Жолдау жариялады. Президент онда дағдарыстан кейінгі кезеңде кезек күткен міндеттерді атап өтті.

Коронавирустық пандемияның денсаулық сақтау, білім беру, мемлекеттік қызметтерді ұйымдастырудағы проблемаларды ушықтырған, экономикаға соққы берген ел дамуындағы қазіргі кезеңде бұл Жолдаудың маңызды екені даусыз. Мемлекет басшысы Жолдауда бүгінгі қиындықтармен күресудің стратегиясын, экономиканы қалпына келтіре отырып, өркендеуді көздейтін шараларды айқындады. Сонымен бірге, жеті бағытқа негізделген жаңа экономикалық бағытты ұсынды. Бұл бағыттардың қатарында, игіліктер мен міндеттердің әділ, тең дәрежеде бөлінуі, адал бәсекелестік, өнімділіктің өсуі, адами капиталдың дамуы, жаңа үлгідегі білімге инвестиция салу, экономиканы гүлдендіру сынды мәні зор басымдықтар бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, алдағы жылы Үкімет мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерін қысқарту мерзімін жеделдету, шағын және орта бизнестің жаңа нормативтік-құқықтық базасын дайындау, агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың жобасын әзірлеу, Президентке тікелей бағынатын Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік құру секілді ілкімді істерді атқаруы тиіс.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда жуық арада шешілуі тиіс мәселелерді тап басып, алдағы іс-қимыл стратегиясын көрсетті.

Біз, Қазақстанның көпұлтты халқы, Мемлекет басшысының бастамаларын қолдаймыз. Коронавирусқа байланысты ел экономикасында туындаған қиындықтарды бірлесе отырып жеңетінімізге нық сенімдіміз.

Ал, Президент Жолдауы ел азаматтарына бұл міндеттерді жұмыла іске асыруда күш-қуат болары және даусыз.

Тамара ШИРМЕР,

«Оберег» украиндар қоғамы» ҚБ төрағасы.

Басқа материалдар

Back to top button