Руханият

Ақыттан қалған сарқыт бар

Біздің әлеуметтік және гуманитарлық ілім ұзақ жылдар бойы құрсауда болып, қазақ халқының өз бітіміне керекті тың дүниелер жойылып кеткен. Тіпті, оларды жарыққа шығару мүмкін болмаған. Қазақ даласының мирас етіп қалдырған мұрағаттарын жарыққа шығару – Тұңғыш Президеттің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске асырылуда. Оған бір дәлел, Қарағанды қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мұрындық болуымен ІІ томдық «Ақыт шығармалары» кітабының жарыққа шығуы.

Ақыт қажы Үлімжіұлы – әлем қазақтарының руханиятында өзіндік орны бар тұлға. Атақты қазақ ақыны, халық ағартушысы, Қытай қазақтары ішінен шыққан ғұлама, тарихшы, ақын, ойшыл, қоғам қайраткері. Оның шығармалары бір ғасыр бойы Шыңжаң, Моңғолия және Түркия қазақтары арасында құндылығын жоғалтпаған. Сонымен қатар, ол хәкім Абай Құнанбайұлын күллі Шыңжаң, Моңғолия және Түркия елдеріне бірінші болып насихаттаған тұлға.

IV томдық кітаптан сұрыптап ІІ томға екшеген шығармалар жинағына ақынның өлеңдері мен дастандары, қиссалары, романы енген. І-ші томы 672, ІІ томы 640 беттен тұратын туынды 300 данамен тарады. Қарағандыдағы «Бізбен бірге» Қоғамдық қоры баспа үйінде басылыпты. Аталмыш еңбектің жарыққа шығуына Болат Бопайұлы, Ғазиз Ақатұлы, Әуелхан Қалиұлы, Қалиолла Нұртазаұлы, Жақып Мырзахметұлы сынды жазушылар сүбелі үлесін қосқан.

Ұмытылған ұлт құндылықтарын ұрпаққа кеңінен насихаттап, дәріптеу – бізге артылған міндет. Келешек жастар үшін атқарылып жатқан игі бастамалардың қатары ұзағынан болсын деп тіледік.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button