Үміт пен сенімнің ұстыны

Пандемиямен күрес жалғасып жатқан осынау қиын-қыстау кезеңде Қазақстан азаматтарының денсаулығын қорғау — мемлекет үшін бастапқы міндет. Елдің алдағы дамуы қалай болмақ?! Бізді ертең не күтіп тұр, жуырдағы жылдарда мемлекеттің саясаты қандай болмақ, лайықты өмір сүре аламыз ба – міне, осы және басқа да көптеген сұрақтардың жауабын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы жолғы Жолдауында берді.

Президент ішкі мәселелер мен оларды шешу жолдарына толықтай тоқталды.

Жаңа экономикалық бағдардың негізгі жеті бағытын көрсете отырып, азаматтардың міндеттері мен игілігін әділ үлестіру принциптерін бастапқы орынға қойды. Тұрғын үй мәселесін шешу – әлеуметтік саланың басты проблемасы екені сөзсіз. Барлық бағдарламаларға қарамастан, жас отбасылар мен бюджеттік сала қызметкерлерінде баспананың болмауы мен оны сатып алу мүмкіндігінің жоқтығы қоғамда әлеуметтік қобалжу тудыруда еді. Сондықтан, біз Мемлекет басшысының «2021 жылы БЖЗҚ-ның 700 мың салымшысы жинақталған қаражаттың бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға, емделуге немесе қаржы компанияларына басқаруға жұмсай алады» деген сөздерін толықтай қолдаймыз.

Президент еліміздегі әлеуметтік-демографиялық жағдайға ерекше тоқталып, «Қазақстанда әр 6-шы отбасы бала сүйе алмайды. Көптеген қазақстандықтар үшін бұл ажырасуға негіз болып отыр» деген көптеген отбасы үшін ауыр сұрақты қозғады. Мемлекет Басшысының «ЭКО бағдарламалары аясында квота санын 7 мыңға дейін көтеріп, яғни, 7 есе көп көбейтетін арнайы бағдарлама әзірленетін болады» деген сөздері көптеген отбасыға үміт шырағын жақты деп ойлаймын.

Бүгінгі Жолдаудағы тақырыптар еліміздегі және әлемдегі ахуалдың қатынасын тап басып отыр. Бағдарламалық құжат негіздегі Жолдау ашық әрі нақты әрекетті бағдарлап қана қоймай, қоғамды жандандыратын, халықтың болашағына деген сенім арттырады деген ойдамын.

Дина АМАНЖОЛОВА,

Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана директоры.