Пікірлер

Жолдауды жұмыла орындау-ортақ міндет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын мұқият тыңдап, ой-елегінен өткіздім. Президент экономиканы дамытуға байланысты алға қойған міндеттерді орындауға әр азамат өз үлесін қосып, қәзіргі дағдарыс жағдайында және келешекте атқарылатын жұмысқа жұмыла кірісетініне сенім білдірді.

Мемлекет басшысы елдің жаңа экономикалық саясаты келешекте 7 негізгі бағытта болатынын қадап айтты. «Қазақстанның алдында тұрған аса маңызды міндет-өнеркәсіптік әлеуетімізді толық пайдалану»- деп, оның ішінде нақты секторға, ауыл шаруашылығы саласына тоқталып, шешілмей жатқан бірқатар өзекті мәселені алға тартты. Соның бастысы шаруа қожалығының, жеке қосалқы шаруашылықтың әлеуетін дұрыс жолға қойып нығайту және коорперация аясында агроөнеркәсіп кешенін әрі қарай қарқынды дамыту қажет деп тұжырым жасады.

Сонымен қоса ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді толық реттеп, пайдалынбай жатқан жерді мемлекеттік меншікке алып, Жер кодексі негізінде экономикалық айналымға енгізудің қажет екенін де еске салды. Ауыл шаруашылығы саласында кәсіби мамандардың жеткіліксіз екені де тілге тиек болды. Бұл мәселені жергілікті атқарушы орындар нақтылы шара қабылдап, шешуі керек. Келесі жылы 2017-2021 жылға арналған агроөнеркәсіп келешегінің даму бағдарламасы аяқталады. Осыған орай, Президент Үкіметке осы саланың 5 жылға арналған Ұлттық жобасын әзірлеуді тапсырды.

Жолдаудың мәні мен маңызы Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруға жол ашты. «Биік мұратқа жетелейтін еңбек деген ұғымды әр азаматтың санасына сіңгіргеніміз жөн»- деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың алдында қиын кезеңде орын алған кемшілік пен қателікті ашық айтып, алдағы атқарылатын іс-шараларды орындауға әр азаматтың қажырлы қызметі қажет деп, баршамызды жұмыла іске кірісуге шақырды.

Ендеше, ағайын бұл үлкен істен шет қалмайық. Жолдауды жұмыла орындау-баршаға ортақ міндет.

Боранбай ЖҰМКЕҰЛЫ,

Шет ауданының Құрметті азаматы,

«Құрмет» орденінің иегері,

ауыл шаруашылығы саласының ардагері.

Басқа материалдар

Back to top button