Руханият

Қазақша сөйлеу қиын емес

«Қазақ тілін үйрететін жақсы әдістемелер мен оқулықтар жоқ. Оқытушылардың әлеуеті жетпейді, дұрыс ұйымдастыра алмайды» деп сылтау айтатындар көп. Мен соларға жауап берейін. Таяуда облыстық тілдерді оқыту орталығында өткен сабаққа қатыстым. Жас маман – Жансая ЕРЖАНҚЫЗЫ өткізді. Сабақтың ұнағаны сонша, орталық туралы, оқытушы туралы басқалар да білсінші деген ниетпен өз ойымды бөлісуді жөн көрдім.

Мекеменің кіреберісіндегі оң жаққа үлкен көрме ұйымдастырған екен. Онда осы орталық мамандарының мемлекеттік тілді оқытуға арналған әдістемелік өнімдері мен электрондық ресурстары қойылыпты. Қазақ тілін білемін, үйренемін дегендерге барлық мүмкіндіктер жасалған. Жалпы, мемлекеттік тілді оқыту курстары облыстық тілдерді дамыту басқармасының тапсырысымен жарық көрген бесдеңгейлік «Сарыарқа-2» оқу-әдістемелік кешенімен (оқулық, жұмыс дәптері, аудиоқұрал) өткізілетін көрінеді.

Тіл орталығында қашықтан оқу базасы қалыптасқан. Қашықтан тіл үйренемін деушілерге де барлық жағдай жасалыпты. Ондағы мультимедиялық ресурстар көзіңнің жауын алады. Әр деңгей бойынша лексикалық минимумды игеруге арналған онлайн база, грамматиканы меңгеруге арналған видеосабақтар, аудиосабақтар топтамасы мен тест базасы орнатылыпты. Тілді өз бетінше үйренемін деушілерге 24 сабақтан тұратын ютуб каналындағы грамматиканы меңгеруге арналған бейнесабақтар топтамасын ұсынады.

Менің көзіме ерекше түскені QR мобильді қосымшасы арқылы өзін-өзі бағалауға арналған диктанттар жинақталған электронды оқулық пен латын әліпбиінде жазып дағдылануға арналған жұмыс дәптері еді. Бұрын – мүмкіндігі мол өнімдерді кездестірмеп едім. Бұлар қызығушылығыңды арттырып қана қоймай, аз уақыт ішінде меңгеруге септігін тигізетіні анық. Олай дейтінім, мәтінді бірден тыңдай отырып жазасың. QR код арқылы өзіңді тексеріп, қатемен жұмыс істейсің. Әрі өз-өзіңді де бағалайсың.

– Жансая Ержанқызы – ізденгіш, жаңашыл маман. Қашықтан оқыту техгологияларының шетелдік және отандық әдіс-тәсілдерін жетік меңгеруге күш салып жүрген еңбекқор жан. Көрмедегі көптің қызығушылығын тудырып жүрген әдістемелік өнімдердің авторларының бірі. Ол жақсы оқытушы ғана емес, ютуб каналымыздағы сабақтардың жүргізушісі, – дейді орталық директоры Алмагүл Игенова.

Тілді жаңаша технологиямен оқыту – үйренушілердің шығармашылық қызметін, сапалы білім алуын қалыптастыратыны сөзсіз. Ашық сабаққа қатысқан өзге ұлт өкілдерінің жақсы әсер алғаны соншалық, қазақ тілі курсына жазылды. Түсінгенім – қазақша сөйлеу қиын емес.

Юрий МИХУЛЯ,

Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі.

Басқа материалдар

Back to top button