Руханият

Есімі – «Алтын кітапта»

Биыл елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған Қазақстан Республикасы жастарының «Алтын кітабы» байқауында қарағандылық студент топ жарып, жеңімпаз атанды. Облыстың және Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті атынан қатысқан журналистика кафедрасының студенті Ақмаржан ҒАФИЗҚЫЗЫНЫҢ есімі «Алтын кітапқа» алғашқы болып еніп отыр.

Білім және ғылым министрлігі және Білім өркениеті ұлттық инновациялық ғылыми зерттеу орталығы ұйымдастырған байқауға республикамыздың түпкір-түпкіріндегі 50-ден астам жоғары оқу орнынан 200-ден астам студент қатысқан. Солардың арасынан Ақмаржан үздік танылып, есімі «Алтын кітапқа» еніп қана қоймай, өңіріне алтын төсбелгі тағылып, І дәрежелі дипломмен марапатталды. Республика жастары «Алтын кітабының» куәлігі және бар қолында.

Бұған дейін «Үздік студент», «Үздік педагог», «Үздік магистрант» сияқты байқауларды ұйымдастырып келген Министрлік пен ғылыми зерттеу орталығы Қазақстан жастарының «Алтын кітабын» биыл ғана қолға алыпты. Елдегі жағдайға байланысты байқау онлайн өткен. Еуразия Ұлттық университетінің профессорлары қазылық еткен байқауда қатысушы жастың жасаған ғылыми жұмыстары мен жеткен жетістіктері һәм көрсеткен көрсеткіштері сарапталыпты.

Ақмаржанның ғылыми жетекшісі филология ғылымдарының докторы, профессор Қойлыбай Асанұлы екендігін айта кеткен жөн.

«Мұндай жетістікке жетекші ұстазым мен университет жасаған мүмкіндіктер арқасында жеттім», – дейді дарынды жас.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button