Білім

Оқушыны уәждеу – сапа кепілі

Оқу үрдісіне жаңа инновациялық әдіс-тәсілдерді енгізу оқушылардың білімге қызығушылығы мен талпынысын арттырып, өз бетімен ізденуге, шығармашылық еңбек етуге жол салады. Әсіресе, мектеп есігін енді ғана ашқан балаларға дұрыс бағыт беру, оқушымен жеке байланыс орнату, пәнге деген қызығушылығын арттыру – мұғалімнің шеберлігіне байланысты.

Пәндерді оқытуда тиімді әдістәсілдерді пайдаланып, сабақты қызықты да тартымды өткізу ұстаздың қажымас ізденімпаздығы мен шығармашылық жемісімен келмек. Сондықтан да, әр оқушының қабілетіне қарай білім беруді, оны дербестікке, ізденімпаздыққа, шығармашылыққа тәрбиелеуді жүзеге асыратын жаңартылған педагогикалық технологияны меңгеруге үлкен бетбұрыс жасалу қажет. Мемлекеттік білім стандарты оқу үрдісін ұйымдастыруда жаңа педагогикалық технологияны енгізуді міндеттейді. Жалпы мектепке келген баланың қызығушылығын, білімге деген құштарлығын оятып, дұрыс жолға қоя білу терең білім мен ұтымды әрекетті қажет етеді. Мен өз сыныбыма келген бүлдіршіндерді зерттей отырып, оларды уәждеуге ден қойдым.

Білім сапасын арттыру тәсілдерінің бірі – уәждеуді сабақ барысында қолдануда ұстаз ең бірінші кезекте оқушының туа біткен қызығушылығын қолдап, оны білім алу үдерісіне тарту арқылы баланың ішкі уәжін барынша арттыруға ұмтылуы керек. Әдетте, сыртқы уәжге қарағанда, бұл – анағұрлым рақымды, ізгілікті уәж. Өйткені, ол жеке тұлғаның өзінен бастау алады. Ал, олар өздерінің ішкі уәжін жоғалтқан болса, оны ояту қиынға соғады.

Оқушының білімге құлықсыз болуы немесе оқудағы сәтсіздіктері көп жағдайда мұғалімнің оның ішкі уәжін оята алмауының салдарынан болуы мүмкін. Ал сәтсіздіктің жалғаса беруі оқуға аса қабілетті баланың да пәнге қызығушылығын жоюы ықтимал. Пәнге қызығушылық пен ынтаны қалыптастыратын факторлар – мақсатты жаттығулар, мұғалім мен ата-ананың ықпалы, мадақтау және тағы басқалары. Ең сенімді тәсіл – осы факторлардың барлығын қамту, яғни, білім алуға шынайы түрде ынталандыратын орта қалыптастыру. Оқушыларды оқуға ынталандыратын факторлардың маңызын түсініп, тиімді қолдана білу – мұғалімнің кәсіби қызметінің аса маңызды қыры.

Перизат БАТТАЛОВА,

№92 гимназияның бастауыш сынып мұғалімі.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button