Пікірлер

Ой ұшығы – өркениет өрі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі Жолдауы Ыбырай Алтынсариннің «Өнер-білім бар жұрттар…» өлеңін еске салды. «Адамды құстай ұшырды; Мал істейтін жұмысты, От пен суға түсірді; Отынсыз тамақ пісірді, Сусыздан сусын ішірді» демеуші ме еді онда? Президент болса, «Қазақстанның алдында тұрған аса маңызды міндет – өнеркәсіптік әлеуетімізді толық пайдалану. Осы саладағы табыстарымызға қарамастан, ішкі нарықтарымыздың зор мүмкіндіктерін әлі де толыққанды жүзеге асыра алмай келеміз», – деді.

Бүгінге дейін алтынмен апталған, күміспен күптелген тойханалар мен сауда орталықтары салынып келді. Өркениетке құлаш сермеген елдің өрісі ол емес еді ғой? Қазір Қазақстан бары мен нарын салып, көшін дамыған мемлекеттердің қатарына қосу жолында күресіп жатқанын ескерсек, сөз бен істі қабыстырмайынша, береке болмайды. Дүркіретіп той жасау үшін де ғылым мен техникада сондық жетістіктер көрсетіп, оны ұрпақ игілігіне жарату керек шығар. Қазақ деген халықтың рухани қазынасы қаншалықты бай болса, өнеркәсібі мен өндірісі де соған сай болуы тиіс.

«Жер шетелдіктерге сатылмайды» деп ашық мәлімдеді Президент. Ел болып күткен сөздің бірі еді – бұл. Бірақ, сол жеріңді қымқырып ұстап отыру үшін, мыңғыртып мал айдап, көл-көсір шаруашылық ұстап, оны игеріп отыру да шарт қой. Әйтпесе, қазақтың сөзі баяғыда – Абай, Ыбырай заманынан бері түзелмеп пе еді? Бұрын Алашордашылар «Жер, жер, жер» деп, осы жерді бізге мұра еткенде, қалауынша игеріп, шаруашылық қылсын деп тастады. Той тойлап текке жүрсін деп емес. Ойдың бір ұшығы – осы!

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ,

ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Қарағанды қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button