Біздің сұхбат

Зинаида ЧУМАКОВА:«Ұлы Дала Елі – барлық ұлттың асыраушы Анасы»

           Мұқым елдің жүрек лүпілі, ақтұма тілегімен үндес бітімдегі айшықты мереке – Алғыс айту күні қарсаңында газетіміздің меншікті тілшісі Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Қарағанды облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы Жезқазған қалалық Аналар кеңесінің төрайымы, Қазақстан Жазушылар одағының және Ресей Жазушылар одағы Мәскеу қалалық ұйымының мүшесі, қоғам қайраткері Зинаида ЧУМАКОВАМЕН жүздесіп, атаулы мейрамның мәні мен маңызы хақында сыр-сұхбат құрған едік. Төменде танымал қаламгердің тағылымды ой саптауы негізінде түзілген әңгіме желісінің өзекті тұстары оқырман назарына ұсынылып отыр.

 – Зинаида Супьяновна, айшығы ажарлы мереке құтты болсын! Сіз халықтар достығы тақырыбының астарына тереңірек үңіліп, талдамалы түрде тарқата жазып жүрген қаламгерлердің қатарындасыз.Қоғамдық қызметіңіз де өмірдің осынау маңызды саласымен тікелей байланысты. Сондықтан, әңгімені мына бір сауалдан бастаған жөн секілді. Алғыс айту күнін белгілеп, оған мемлекеттік деңгейде мән берудің бастауында қандай қажеттілік жатыр?

– Қай тұрғыдан алып қарастырсаңыз да, Қазақстан – теңдессіз әрі ғажайып мемлекет. Ең бастысы, бізде ұлттар мен ұлыстардың өзара қарым-қатынас үлгісін үйлестіретін өнегесі өрнекті ерекше институт бар. Қазақ жеріне 1920-1950 жылдар аралығындағы саяси үдерістер кезінде алуан түрлі ұлт өкілдері келіп қоныстанды. Олардың бірі «халық жауы», «сатқын» деген қара таңбамен жер аударылса, екіншісі саяси ұстанымы қоғамға кереғар тұлға ретінде еркінен тыс жіберілді. Жазықсыз жала мен қисынсыз қиянаттың сан түрін басынан өткеріп, өздері де «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы солардың бір де біріне теріс қабақ танытқан жоқ. Керісінше, көмек қолын созып, бауырына тартты, бір үзім нанымен бөлісті. Жүдеу күйде келіп, жергілікті тұрғындардың қамқорлығын жете сезінген елдің көңіл төріндегі қазақтарға риясыз ризашылығы сол кезеңнен бастау алады. Шынында да, Ұлы Дала Елі – барлық ұлттың асыраушы Анасы. Қазақтың киіз үйінің ошағы – мейірім мен шуақтың қайнары. Одан тараған баға жетпес жылуды қиын-қыстау шақтарда кәрістер, немістер мен поляктар, шешендер мен ингуштар, басқа да көптеген ұлттардың өкілдері жан-жүрегімен сезінді. Өтпелі кезеңнен кейін ел Тәуелсіздігі жарияланған соң өзге мемлекеттерде қақтығыстар мен берекесіздік орын алғанда Қазақстанда фестивальдер мен байқаулар өтіп жатты. Елбасының ерен еңбегі мен сарабдал саясаты сол шақта нәтижелі жемісін берді. Оған қоса, бұл жетістік халықтың өзара терең түсіністігі мен бір-біріне шынайы алғыс айта білуінің арқасы еді. Оның тамырында, яғни, Алғыс айту күнін белгілеудің бастауында, міне, осынау ерекшелік жатыр. Сіз қойған сауалдың нақты тұжырымдалған жауабы – осы. Мерекенің ұтымдылығы сол – халық ыстық ықыласы мен риза пейілін ресми түрде биік мінберден мәлімдеу мүмкіндігін иеленді. Өз басым мерейлі мейрамның мағынасы жыл санап арта түсеріне күмәнсіз сенемін. Өйткені, ол – тарихи оқиғалармен сабақтасып, жүректердің қалауымен пайда болған мереке.

– Аңғарып жүргеніміздей, көпшілік қауым ағайынға, дос, бауырға, ұстазына, жар қосағына алғыс айтып жатады. Сіздің ойыңызша, біз бұл мерекеде алғашқы кезекте кімге алғыс айтуымыз керек?

– Әрине, әкесіне, анасына, арада сырбаз сыйластығы бар адамдардың баршасына алғыс айту – парыз. Оны назардан тысқары қалдыруға болмайды. Ал, қуғын-сүргін кесапатымен келіп, жақсылыққа кенелген біз бірінші кезекте Қазақ елінің қастерлі жеріне алғыс айтуға тиіспіз. Одан кейін жүрегі өзінің даласындай кең, төзімділігі темірдей, жанашырлығы жанға жағымды, судан таза, сүттен ақ ниеті бар, парқы парасатты, нарқы биік халық тұр. Бұдан әрі аппақ кимешегіне адами асыл қасиеттердің киесі қонған әжелеріміз иіле алғыс айтуға лайықты. Міне, солар суықтан дірдектеп, аштықтан қарны қабысқан, діні бөлек, тілі бөлек жұртпен немерелерінің аузынан жырып, соңғы бауырсақ-құртымен бөлісті. Санасы сергек, дария көңіл ақсақалдар қауымына айтылар алғыс сезімі ешқандай өлшем мөлшеріне сыймайды. Аласапыран замана желімен алыстан ауып келген халықтың жай-күйін бағамдап, жел жағына пана болған қариялар – дала данышпандары. Кейінгі буын сол кісілердің ақыл-кеңесімен, жөн-жоба сілтеуімен қалыптасты. Ал, жөн-жобаның өзегі – елдік пен ымыра-бірлік ұстанымы болатын.

– Қазір «Бір халық. Бір ел. Бір тағдыр» ұстанымы қалыптасқан қағидаға айналды. Сіз осынау ғажайып үрдісті өз туындыларыңыз­да қара сөзбен де, өміршең өлеңдеріңізбен де жарасымды түрде жалықпай жырлап келесіз…

– Иә, дұрыс айтасыз. Ұзақ жылдар бойы иыққа иық түйістіріп, қатар ғұмыр кешкенде дербес этностық мәдениет, ұлттық салт-дәстүрлер санаға сіңіп, бейнебір өзіңе тән дүние іспетті болып кетеді. Мәселен, мен қазақ халқының мәдени ерекшеліктерін, әдет-ғұрыптарын, тіпті, ырым-жоралғыларын туған ұлтымның ұстанымындай қабылдаймын. Кеңпейіл елдің ас әзірлеу машығын да мейлінше меңгеріп алған адаммын. Соның бәрі менің жеке шығармашылығымның бұлжымас өзегіне айналып кетті. Өлеңдеріме «Шашу», «Алтыбақан», «Ақ бата», «Наурыз» секілді тақырыптардың телінуі, проза жанрындағы туындыма «Балалық шағымның бауырсағы» атауы берілуі содан болар, сірә. Орыс тіліндегі қандай да бір шығармамды парақтасаңыз, қазақ халқына деген іңкәрліктің лебі есіп тұрады. Өз Отанының шынайы перзенті сондай болуы тиіс деп есептеймін. Менің этникалық Отаным – Шешенстан, туған жерге сүйіспеншілігім ерекше. Оны да жырлап келемін. Алайда, жазмыштың жолы тағдыр-талайымды Қазақстанмен ажырағысыз негізде байланыстырды. Оған еш өкінбеймін. Керісінше, қос Отанымның бар екендігін мақтан тұтамын.

– Зинаида Супьяновна, журналист, ақын, прозашы ретінде біршама биік белестерді бағындырып үлгердіңіз. Біздің пайымдауымызда, соның бәрі шығармашылық шыңына шығу бағытындағы кезекті баспалдақтар ғана. Қияметі мол қаламгерлік жолдағы арман-мақсаттарыңызды қалай сипаттар едіңіз?

– Авторлық телебағдарлама жүргізушісі ретінде қазақтың көнеден жеткен алуан түрлі ұлттық өнерінің қыр-сырын жете зерделеп, көрермен көңіліне қондыруға талпындым. Бір мақсатым сол еді, оны белгілі бір деңгейде орындаған сияқтымын. Өнердегі танымал тұлғаларды насихаттау бағытындағы ізденістерім де нәтижелі болғанына қуанамын. Өз еңбектерімде орыстілді аудиторияға қазақ мәдениеті мен өнерінің өресі шырқау шыңда екендігін дәйектеп көрсетуді мұрат тұтып келдім, әлі де сол ұстанымдамын. Абай мен Шәкәрім бастаған ұлт зиялылары туралы танымдық дүниелерім жарық көрді. Сол тақырыптың аясын кеңейту – мен үшін маңызды меже. Өлең-жыр­ларымды қазақ тіліне тәржімалап жариялау арманымның үлкені еді. Сыйлас ғұрыптағы әріптес-достарымның арқасында ол арманым да орындалды. Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауы негізінде әзірленіп, баспадан шыққан «Сарыарқа кітапханасы» жүз томдығының тұтас бір томына аударма туындыларым енді. Түсімде көрген кітапты, өңімде қолыма ұстаған сәттегі қуанышымды сөзбен әспеттеп жеткізу, әсте, мүмкін емес. Сол арқылы қазақтілді оқырмандар менің ішкі жан-дүниемдегі тебіреніс пен толғанысты толыққанды бағамдай алды. Дей тұрсақ та, адамда арман шіркін таусыла ма?! Қасиетті қалам қашан қаңтарылғанша, тынымсыз қарекет ете берерім анық. Адами сүйіспеншілік, іңкәрлік тақырыбын таразылайтын көлемді роман жазуды қолға алдым. Оның несін жасырайын, сәтін салса, сол дүниені тиянақтап, оқырман олжасына айналдырсам деген ниетім бар.
– Рахмет! Шығармашылық өрісіңіз кеңейсін, еңбегіңіз өнімді болсын!

Әңгімелескен,
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ.

 

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button