Жомарт жүрек жоралғысы
ҚАЛЫҢ ҚАЗАҚҚА «ДӘРИДАЙ» ӘУЕНІМЕН ТАНЫЛҒАН МҰҚАШ АҚЫН: «БАУЫРЫМ БЕКЗАТ, «АРҚАНЫҢ АТЫМТАЙЫ» АТАНҒАН АЗАМАТ ЕДІҢ. АТАМ ҚАЗАҚТАН «АҚСҰҢҚАР ШАШЫП ЖЕЙДІ, ҚАРАҚҰС БАСЫП ЖЕЙДІ» ДЕГЕН ҚАНАТТЫ СӨЗ ҚАЛҒАН. АУДАН, ҚАЛА АЛАШАПҚЫН БОЛЫП ЖҮРІП АТҚАРАТЫН ШАРУАНЫ ШЫРАЙЫН ШЫҒАРЫП ТЫНДЫРҒАНЫҢА ҚАРАП, ӨЗІҢДІ БҮГІННЕН БАСТАП «АРҚАНЫҢ АҚСҰҢҚАРЫ» ДЕП АТАҒАН ОРЫНДЫ ДЕП ОЙЛАП ТҰРМЫН», – ДЕГЕНДЕ, ХАЛЫҚТАР ДОСТЫҒЫ МЕН МӘДЕНИЕТ ҮЙІНІҢ КЕҢ ЗАЛЫН КӨПШІЛІКТІҢ ҚОШЕМЕТІ КЕРНЕП КЕТТІ.
ДАРХАНДЫҚ ДАҢҒЫЛЫ
Он бес жылдан бері жетім-жесір мен мұқтаж жанға қайырымдылық қолын созып, талантты жасқа қолдау көрсетіп, студентке – жатақхана, жас отбасыға баспана алып беріп, өнер, білім, спорт, денсаулық, ақпарат саласы өкілдеріне атаулы сыйақы тағайындап, меценаттықтың мерейін шығарған, ел игілігі жолында небір іргелі істің уығын қадаған, қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі игі іс-шараның ұйтқысы әрі демеушісі болып жүрген «Алтын жүрек» сыйлығының иегері, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Қарағанды облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, білім меценаты Бекзат Алтынбеков дархандықтың тағы бір даңғыл жолын ашты. Ол – күні кеше ғана тұңғыш иесін тапқан «Тұлға» сыйлығы.
Бүгінгі заманның тұлғасын анықтап, оны көзі тірісінде құрметтеу, беделін биіктетіп, абыройын асқақтату, жаңа биікке жігерлендіріп, шабыттандыру мақсатында алғаш рет тағайындалып отырған, бұдан былай дәстүрге айналдыру көзделген бұл марапат «Өнер саласындағы іргелі жетістігі мен кейіпкер сомдаудағы шеберлігі», «Ұрпақ тәрбиесіндегі еселі еңбегі және білім саласын дамытуға қосқан үлесі», «Ақпарат саласындағы еселі еңбегі» үшін өнер мен мәдениет шырақшысына айналған, білім бұлағының көзін ашып, ақпарат айдынының «акуласы» атанған бір талантты тұлғаға табыс етіледі. Арнайы жасалған естелік мүсінінің өзі бір қаралық екен. Қаржылай қомақты сыйақысы, дипломы, көз тартар төсбелгісі тағы бар.
КЕМЕЛДІК КЕЛБЕТІ
Елді елең еткізген игі іс-шараны мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығы мен Ел газеті «Егемен Қазақстанның» 100 жылдығына орайлас ұйымдастырып, металлургтер қаласының мәдени өміріндегі мәйекті оқиғаға айналдыра білген Бекзат бауырымыз бұл жерде өзінің кемел ойлап, кең пішетін өрелі азамат екенін көрсетті. Қаладағы білім ордасының қасиетті қарашаңырағы – №8 қазақ гимназиясында болған қонақтар оқушылардың өнері мен ынта-ықыласына тәнті болды. Емен-жарқын әңгіме тиегі ағытылып, оқушылардың күшімен қойылған редакцияның тыныс-тіршілігін бейнелейтін көріністі тамашалады. Бекзат болса «Егеменнің» 100 жылдығына арналған мектептегі апталықта мүшәйра жеңімпазы атанған төрт оқушыға қаржылай жүлде тапсырып, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасына сыйлық жасады.
Қалалық тарихи-археологиялық музейде өткен кездесу де әдемі әсерге бөледі. Терең талғаммен жасалған «Егемен Қазақстанға – 100 жыл» атты арнайы көрме қонақтардың көңілінен шықты. Музей экспозицияларын аралап көрген олар қызметкерлердің ілкімді ізденісіне риза болды. «Дөңгелек үстел» басындағы әңгімеде газет тарихынан бейнефильм көрсетіліп, мекеме басшысы Раушан Қапарова «Егемен Қазақстан» газеті басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Қаменге арнайы сый-сыяпатын тапсырды.
Сол күні Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қайырымдылық керуені» акциясы аясында Бекзат Алтынбеков көп балалы Ахметовтердің және Бейсенбаевтардың отбасына 100 мың теңгеден қаржылай көмек көрсетіп, әрқайсысына қалы кілем мен азық-түлік, жеміс-жидек себетін сыйлады. «Ақ әжелер» ансамблінің мүшелеріне «Егемен Қазақстан» газетіне бір жылға тегін жазылу купонын тапсырды. Сосын екі лимузинге жайғасқан Ерболат Қамен, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің басшысы Қамбар Ахмет, Қазақстанның Халық әртісі Досжан Жанботаев бастаған қонақтар жыр сұңқары Сәкеннің, қазақтың Қанышының, Кетбұқа бидің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, салтанатты жиын өтетін Халықтар достығы мен мәдениет үйін бетке алды.
ӨНЕГЕ ӨРІСІ
Қала тұрғындары қонақтардың жолына қызыл кілем төсеп, зор қуанышпен қарсы алды. Көпшілік арасынан біреу «Канн фестивалінен қай жері кем!» – дегенді де айтып қалды. Шынында да керемет кеш болды. Әспеттей берсем, әрін кетіріп аларым анық, сондықтан сыйлық иелерін айтумен шектелейін
Сонымен, 125 жылдық мерейтойы кезінде өзі жауапты редакторы болған кешегі «Еңбекші қазақ», бүгінгі «Егемен Қазақстан» газетінің 100 жылдығымен тұспа-тұс келген Сәкен Сейфуллин атындағы сыйлық «Егемен Қазақстан» газетінің Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі Қайрат Әбілдәға, қазақтың саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани тарихында өшпес із қалдырған қайраткер, ұлт ұстазы, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов атындағы сыйлық «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, ақын, Хамит Есаманға бұйырды. №8 мектеп-гимназия директоры Сара Әбдікерова Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ұлағатты ұстаз Шабал Бейсенбекова атындағы, №1 мектеп директоры Әбдірахман Досанов Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, ҚР Білім беру ісінің үздігі Нұрия Жұмажанова атындағы сыйлықты алды.
«Бүкіл әлем – театр, біз – оның актерлеріміз» деген Шекспирдің пайымына театр сахнасында қойған жүзден астам спектаклімен көз жеткізген, қазақ өнерінде қайталанбас қолтаңба қалдырып, зор еңбек сіңірген театр тарланы, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Хаджиев атындағы сыйлық әр кейіпкері өміршеңдігімен, шынайылығымен дараланған дарынды жас Кенжетай Әбілдинге, Қазақстанның Халық әртісі Досжан Жанботаев атындағы сыйлық өнер саласындағы жемісті жетістігі және кейіпкер сомдаудағы шеберлігімен танылған Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері Дархан Сүлейменовке, өнерде өзіндік қолтаңбасы бар М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының белді актері, Қазақстан Жастар сыйлығының лауреаты Кеңес Нұрланов атындағы сыйлық «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстан мен Қырғызстанның Мәдениет қайраткері Боранбай Молдабаевқа, өнерсүйер қауымға сахна төрінен рухани серпіліс сыйлап жүрген танымал кино және театр актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қонысбек Бегайдаров атындағы сыйлық көрермен қошеметіне бөленіп жүрген талантты актер, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының түлегі Олжас Бегайдарға, көрерменіне өмір айнасын айнытпай таныта білген театр тарланы Серік Бұлғақбаев атындағы сыйлық С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрының жас актері Нұржан Бейісбековке, театр шебері, режиссер, драматург Райхан Ибраева атындағы сыйлық әйел-ана бейнесін шынайы сомдаған шеберлігі үшін талантты актриса Зылиха Әбдірәсіловаға, тек өнерді сүйетіндерге ғана емес, өмірді сүйетіндер үшін де керемет кейіпкерлер сомдап жүрген театр өнерінің тамыршысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Тұлпар» кинофести валінің лауреаты Қайрат Кемалов атындағы сыйлық актерлік шеберлігімен көрермен көзайымы болып жүрген жас талант, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының актері Қуаныш Жағыпаровқа, ал қазақтың ән өнеріне сіңірген еңбегі үшін 400 мың теңгелік арнайы «Өнер гранты» Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, сазгер, әнші Елена Әбдіхалықоваға тапсырылды.
Мәртебелі марапат – «Тұлға» сыйлығы оның тұңғыш иегері атанған елдің бір ғасырлық тарихы бар бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетіне, ұстаздардың ұстазы Шабал Бейсенбековаға, Қазақстанның Халық әртісі Досжан Жанботаевқа жұртшылықтың тік тұрып қошемет көрсетуімен салтанатты жағдайда табыс етілді.
Мерейлі меценат Бекзат Алтынбеков сыйлаған, елдің есінен кетпес керемет кештен қайтқан көпшіліктің көкейінде «кәсіпкерлікті баюдың көзі емес, қызмет көрсетудің құралы деп түйсінетін азаматтың қатары көбейсе» деген тілектің кеткені анық.
ПАРАСАТТЫ ПАЙЫМДАР
Аманкелді ҚАЙРАТҰЛЫ, Сәтбаев қаласы дін орталығының директоры:
– Талантты танып, тірісінде қадірлеп және оны тұлға ретінде әспеттеу ғажап емес пе?! Бүгін солай болды! Бекзат Қомарұлы «Егеменнің» – 100, сұңқар Сәкеннің 125 жылдық мерейтойына орайластырып, түрлі сала майталмандарын республика бойынша жинап, «Тұлға» сыйлығын табыстады. Әлгі өнерпаздарды көрудің өзі керемет! Оқыған өлеңдері мен айтқан әндері қандай?! Жылда жалғасын табатын жақсы бастаманың, тамаша кештің куәгері болдық. Барын баршамен бөлісе білетін, өнерге, білімге бүйрегі бұрып тұратын азамат аман болсын!
Арман КЕНЖЕБЕК, Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті «Рухани жаңғыру» орталығының жетекшісі:
– Ұлы Дала танымында «Тұлға» сөзінің мағынасы тым терең… Сол ұғым тұғырына қойылғандай көрінді маған. Жақсылыққа жаны құмар меценат ағамыз білім, өнер және баспасөз майталмандарына арналған сыйлығын осылай атапты. Осы жолы құрметке бөленгендер – кіл мықтылар, сондықтан да жарасымды.
Көрдік. Қызықтық. Жезқазғанда бұрын-соңды болмаған мұндай салтанаттың куәсі болғанға қуандық. Бекзада болмысты Бекзат ағаның ұлағатын ұғынған ізбасарлары шығып жатса, нұр үстіне нұр, әрине.
Әлібек ӘБДІРАШ