Облыс әкіміРесми

Жол жағдайы – назарда

Көлік инфрақұрылымын дамыту – әлеуметтік әрі экономикалық маңызды мәселе екені даусыз. Тіпті, қала жағдайын автомобиль жолдары арқылы да бағамдауға болады. Қарағанды қаласында соңғы екі жылдың өзінде 10 млрд.467,9 млн.теңгеге 140,8 шақырымды құрайтын автомобиль жолдарының 98 учаскесіне жөндеу жұмыстары жүргізілген екен. Ал, биылғы жылы 91,6 шақырымдық 70 учаске жөнделеді дейді Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан ӘУБӘКІРОВ Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Қала әкімінің айтуынша биыл Приканальная көшесі бойындағы автомобиль жолының құрылысы аяқталатын болады. Жобада 6 жолақты автомобиль жолымен қатар, велосипед жолдары, техникалық және жаяу жүргіншілер жолдары, көлік қоятын орындар да қарастырылған.

«Нұрлы Жол» баяғдарламасы аясында Н.Әбдіров даңғылынан Әлиханов көшесіне дейінгі учаскеге жылу магистралін алмастыруды есепке ала отырып, іргелі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, Майқұдық, Пришахтинск, Михайловка, Федоровка, Узенка, Оңтүстік-Шығыс секторларындағы жолдар да жоспарда. Айта кету керек, қалалық бағыттағы №1 (Вагонная, Паровозная көшелері), №16 (Күнгей), сонымен қатар, Терешкова, Л.Чайкина, Библиотечная, Гудермесская, Охотская және Мұқанов көшелеріндегі жолдарға жөндеу жұмыстары тұрғындардың, тасымалдаушылардың шағымы мен жол полициясы қызметкерлерінің ұсыныстары негізінде қалыптастырылған. Мердігер ұйымдар сәуір айының аяғында жұмыстарын бастайды деп күтілуде. Сондай-ақ, 7 магистраль мен Карл Маркс-Магнитогорская көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Қала көшелерінен өзге, республикалық бюджет есебінен Қарағанды-Теміртау автожолын қайта жөндеу жұмыстары аяқталуда. «Орталық-Оңтүстік» халықаралық дәлізінің бір бөлігі болып табылатын, Қарағанды қаласын Солтүстік-шығыс арқылы айналатын жол құрылысына қаражат бөлінген болатын. Аталған жобаның маңыздылығы – барлық транзиттік көліктер айналма жолмен жүретіндіктен, қаладағы орталық көшелердегі қозғалыс айтарлықтай азайып, жолдар тозбайтын болады.

Қазіргі уақытта Қарағанды қаласындағы автомобиль жолдарында асфальтбетон жабындарына арналған сұйық нығыздағыштар пайдаланыла бастаған. Жолдардағы ойықтарды болдырмау, жабынның тозуын баяулату мақсатында пайдаланылатын бұл технология жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде материалдың аз жұмсалуын қамтамасыз етеді. Қарағанды қаласында осындай нығыздағыш 90 000 шаршы метрді құрайтын 6 жолға құйылатын болады.

Жөндеу жұмыстарын жүргізумен қатар, оны өз деңгейінде ұстап тұруда «Благоустройство» кәсіпорнының да жұмысы ауқымды. Ол үшін 3 млрд. теңге бөлініп, нәтижесінде қала төңірегінен қар уақытылы шығарылуда, – дейді қала басшысы.

Жөндеу жұмыстарымен қатар, жол полициясының ұсынысы бойынша 800 жол белгісі орнатылған, 1404 қисық сызықты брустар, 3 бағдаршам нысаны орнатылып, бұрынғыларының шамдары жарықдиодты шамдармен алмастырылған. Республика бойынша алғаш рет 15 магистральда роликті қоршаулар қойылды. Металл қоршауларға қарағанда соққыны өзіне қабылдайтын кореялық технология жол өткелдерінде, шұғыл бұрылыстарда жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Ал, биыл 1000 жол белгісі, 5 бағдаршам орнату, 5 жаяу жүргіншілер жолын салу жоспарда. Жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «Ақылды бағдаршам», «Бейнеаналитика», «Автомобиль легін анықтау жүйесі» сияқты заманауи жүйелер енгізу жұмыстары қарастырылатын болады.

Нұрлан ӘУБӘКІРОВ, Қарағанды қаласының әкімі:

Көшелердің жағдайын өзіміз де көріп жүрміз. Жолдарды жөндеуге облыс бюджетінен қосымша ақша да бөлінуде. 100 жол учаскесіне жөндеу жұмыстары қажет ететінін тілге тиек еткен кезімізде, облыс әкімі ұсынысымызды қолдап, қосымша ақша да бөлінді. Ал, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге аз қаражат кетпейді. Тіпті, тұрғындардан «…жол үшін қыруар салық төлейміз, сол ақша қайда кетеді?» деген наразылықтарды да естуге тура келеді. Айта кету керек, көлік құралдарынан түсетін салық көлемі жыл сайын 1 миллиард 900 миллион теңгені құраса, жолдарды дұрыс жағдайда ұстап тұру үшін бізге 3 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсауға тура келеді. Ал, жолдарға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге кем дегенде 6 миллиард теңге көлемінде қаржы қажет.

Салтанат Ильяшова.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button